Қазақтың эль-классикасының басталар сәті таяп келеді

2111

Ұлттық кубок үшін екінші маусым қатарынан "Қайрат" пен "Астана" күш сынасады.

Қазақтың эль-классикасының басталар сәті таяп келеді

Қазақстан футбол жанкүйерлерінің көптен күткен алтын кездесуі немесе футбол тілімен айтқанда – қазақтың эль-классикасының басталуына аз уақыт қалды. Яғни, сенбі, 19 қарашада Алматы қаласының Орталық стадионында осымен екінші маусым қатарынан "Астана" мен "Қайрат" командалары ақтық кездесуде ұлттық кубокты сарапқа салады.

Осы екі клубтың тағы да финалда кездесетініне ешкім шүбә келтірмеген болар. Өйткені, соңғы екі маусым бойы екі команданың әрбір кездесуі үлкен футбол мерекесіне айналып келеді. Оның үстіне мықты легионер ойыншылар қатары да осы екі клубта көбейе түскен. Мәселен, биыл "Қайрат" құрамына Андрей Аршавиннің қосылуы біраз әңгіме-дүкен болған. Оның әлемдік футболда өзіндік орны бар екені баршаға мәлім.

Алайда, кейбіреулер оны мойындағысы келмейді. Тіпті Аршавиннің туған елі Ресейде де кезінде талай ойынды құтқарып қалған, тіпті Еуропа біріншілігінің қола жүлдесін алуға зор үлес қосқан ойыншыны менсінбей жатуының өзі үлкен дауға айналды. Ал шын мәнінде, әрбір спортшының асығы әрқашан алшысынан түсе бермейтіні белгілі жайт.

Мәселен, өз жанкүйеріміздің көзайымына айналған Бауыржан Ісләмханды алсақ, ол да барлық ойында керемет шеберлік көрсетіп жүр деп айта алмайсыз. Кейде ерекше ойын өрнегімен көзге түсіп жатса, кей ойында тіпті пасты дұрыс бере алмай жататыны бар.

Ал сол үшін ғана, әрине, атқұйрығын кесіп, оны құрамадан қуу керек демейміз. Сіздің "Андрей мен Бауыржанды салыстыруға келмейді, екеуінің жас айырмашылығы тағы бар" деуіңіз де мүмкін, түсінеміз. Мейлі, Аршавин бірнеше жөргегін Ісләмханнан бұрын тоздырсын. Алайда, мәселе онда емес, біздің діттеп отырғанымыз спортшы – ол да адам, оның да күйзеліске ұшырайтын не жолы болмай қалатын кездері  болады. Сол үшін де ойыншыны сонша табалау дұрыс емес.

Қалай дегенменде де Андрей Аршавиннің де, Бауыржан Ісләмханның да спортқа еңбектері сіңгені анық.

Әрине, тек екеуін ғана емес, "Қайрат" пен "Астананың" құрамындағы әрбір ойыншының өз фанаттары бар екені түсінікті жайт. Сол себепті осы екі мықты команданың ойынын тамашалағыңыз келсе, қалыс қалмай стадионға барып, өз көзіңізбен көріп қайтыңыз.

Жалпы, Қазақстан кубогы аясында, осыған дейін бұл екі ұжым екі-ақ рет кездескен болатын. Сол екі ойын да "оңтүстік астаналықтардың" пайдасына шешілген-ді. 2011 жылы Қайрат 1/8 финалында пенальтиден жеңіске жетсе – 1:1 (2:4 п), ал былтыр финалда Астананы 2:1 есебімен ұтқаны көпшіліктің есінде болар.

Қазіргі астаналық, ол кезде "Қайрат" сапында ойнаған Джордже Деспотович "Астана" қақпасына 2 гол соғып дубль жасаған еді. Енді "Астананың" есе қайтаратын уақыты жетті.

Мүмкін, Италия құрамасының экс-капитаны Паоло Мальдинидің Алматыға келуі оларға қосымша жігер берер. Сол күнгі ойын алдында Мальдини Орталық стадион маңындағы көрмеге қатысады дейді. "Аңыз футболшылар" көрмесінде жанкүйерлер үшін небір көне материал мен тарихи артефакті ұсынылады.

Өзінің бүкіл футбол мансабын Италияның Милан клубында өткізген ардагер футболшы Алматыға осымен екінші рет келеді. 2014 жылы қыркүйекте "халық командасының" 60 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған "Қайрат" және Әлем құрамасының ардагерлері арасындағы ойынға қатысқан болатын.

Сонымен Қазақстан кубогының финалы – 19 қараша, сағат 15.00-де Алматының Орталық стадионында өтеді. Билеттерді Орталық стадион кассаларынан және Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының арнайы сайтындағы онлайн-саудадан табуға болады. Онлайн-билеттердің бағасы 500-бен 5000 теңге аралығында.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу