Ол өз салмағындағы басты қарсыласы саналатын Төрехан Сабырханмен жекпе-жекке шығуға дайын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Sport+" арнасына сілтеме жасап.
"Алда әлем чемпионаты, Олимпиада бар. Сондықтан, кімнің бірінші нөмір болатынын анықтау керек. Төрехан Сабырханмен жекпе-жек өткізуге қалай қарайсыз?" деген сұраққа Абылайхан Жүсіпов табандылықпен жауап қатты.
– Әрине. Бәрі бас бапкердің шешіміне байланысты. Қайрат Тұрсынханұлы спарринг керек десе, шығамыз. Бұл жолы басқа спортшы барады десе, еш реніш жоқ. "Биыл Абылайхан барады" десе, қуанамын. Барлығы бас бапкердің шешіміне байланысты. Оның үстіне федерация бар, – деп қоса кетті ол.
Шынын айту керек, кеше ғана Астанада өткен Әлем кубогында 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Абылайхан Жүсіпов турнирдің алғашқы кезеңінде-ақ қарсыласына есе жіберіп қойды. Мұнан соң әлеуметтік желілерде аталған салмақта "Төрехан Сабырхан үстемдік етуі керек" деген пікірлер көп жазылды.
Төрехан Сабырхан – жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионатын төрт рет жеңген тұңғыш қазақстандық боксшы. Онымен қоймай ол ересектер арасында да өзін дәлелдеп үлгерді. Мысалы, 2025 жылы Софияда өткен "Странджа кубогында" және Бангкоктағы Thailand Open халықаралық турнирінде қарсылас шақ келтірмеді.
Тиісінше, Абылайхан Жүсіповтің әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері (2017, 2019, 2021) және Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2017) деген атақтары бар.