Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы фәниден өтті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3116

Қазақ спорт журналистикасының көрнекті қайраткері Сұлтанғали Қаратайұлы 82 жасқа қараған шағында фәниден бақиға аттанды.

Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы фәниден өтті

Сұлтанғали Қаратайұлы 1936 жылы 23 маусым күні Ақтөбе облысында дүниеге келген. Еліміздегі көптеген басылымдарда еңбек етті. Ел спортының ыстығына күйіп, суығына тоңды. 70-жылдары Қазақ радиосында және Қазақ телевидениесінде комментатор болып жұмыс істеді. Барлық спорт түрлерінен репортаж жүргізді. Дауыс мақамы анық, үні ашық, ойы орамды, асықпай сөйлейтін.

Алматының Орталық стадионынан тікелей эфирде алғаш рет ана тілімізде репортаж жүргізіп, қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы атанды. Көптеген спорт жарыстарында диктор да болған. Спортты ұлттық нақышта сипаттауға тырысатын. Қазақтың спортшы ұл-қыздары туралы жазған еңбектері ұшан-теңіз.

Негізі, Сұлтанғали аға тіл маманы болатын. Лингвистика ғылымын өте жақсы меңгерген еді. Қазақ тілінің өте бай екендігін нақты деректермен дәлелдеп отыратын. Әрі қазақ спорт журналистикасы саласына көптеген жаңа терминдер енгізген.

Сұлтанғали Қаратайұлының өлең де шығаратын. Сазгерлігі де бар. Патриоттық тұрғыдағы ән-жырлары өте көп. Спорттық клубтар мен ұйымдарға әнұран жазып жүретін. Өз ісіне адал, өте тиянақты, кіршіксіз адам еді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп тұратын. "Аға буынды қадірлеңдер, алдынан өтпеңдер" деген сөздерін жиі еститінбіз.

Журналист, комментатор, диктор, сазгер Сұлтанғали ағамыз да озыпты. Топырағыңыз торқа, жаныңыз жәннатта болсын! Сіздің есіміңіз қазақ спорты тарихында мәңгілікке сақталып қалады. Оқырмандарымыз бен спорт жанкүйерлері атынан тума-туыстарына, жақындарына және отбасына қайғырып, көңіл айтамыз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу