Қажыры жоқ "Қайсар"

1283

Қызылорда облысының әкімдігі жағдайды назардан шығарып алғанға ұқсайды.

Қажыры жоқ "Қайсар"

Бірінші лигада екінші орын алып, премьер-лигаға жолдама алған қызылордалық клубтың қуанышына бәріміз ортақтастық. Қазақилықтың қаймағы бұзылмаған Сыр елінің командасы жоғарғы дивизионда ойнаса қандай керемет. Үнемі қазақтың талантты ойыншыларын шығарып, көрермен көзайымы болып жүретін. Бірақ, биыл емес. Себебі, клубты басқару жұмысы өте нашар. Оқу-жаттығу жиынына желтоқсан айында шығып кеткен "Қайсардың" дайындығы шамадан тыс болып кеткен секілді. Әрине, бұл қалжың. Елден ерек дайындық бастап, "Сампдория" секілді командалармен жолдастық кездесу өткізіп жүргендегіміз еш нәтиже бермеді. Менің ойымша алдағы уақытта нәтижесін бермейді де.

"Қайсар" өз алаңында алғашқы тур ойынын өткізіп, "Қызылжар" командасына жеңілді. Петропавлдың командасы гол салған жоқ, "Қайсар" қақпашысы өзі салып берді. Степан Сикач деген қақпашының футбол әлемінде абыройы әбден бұзылған. Ол өткен жылы "Ақжайық" қақпашысы болды. Осының өзі жеткілікті емес пе? Бірінші лигаға шығып қалған команданың қақпашысы керемет шеберлігі бар маман емес қой. Облыстық әкімдік біле бермейтін тағы да ойыншылар бар ғой. Мысалы, Виталий Приндетта. Украиналық қорғаушы да өткен маусымда "Ақжайықта" ойнаған.  "Ақтөбеге" агенттер қинап алдыртқан Владимир Гинаитис те "Қайсардан" жұмыс тапты. Әлбетте оған қойылған жақсы жалақы, екіге бөлінетіні белгілі. Ақыры легионер алынған екен, демек олар алаңға шығып, белсенділігімен көзге түсуі тиіс емес пе? Георгий Бухаидзе деген Грузия шабуылшысы неге алаңға шықпайды екен? Ол да бір үлкен сұрақ.

"Қайсар" бірінші тур ойынында одан бөлек те масқараға ұшырады. Матч барысында жейделерінің нөмерлері жұлынып, түлеген иттің жүніндей сабалақтанып жүрді. Қарапайым нөмер жабыстырылған, сапалы жейденің болмауы қалай? Облыс басшылығы бөлген 1,2 млрд теңгенің бірінші бөлімі қайда кеткен сонда? Әлде команда ішінде әрнәрседен тиын істеп қалатын қызметкерлер жиналған ба?

Екінші турда "Қайсар" "Атырауға" қонаққа барды. Бұрыштама кезінде баспен гол салып, бір қуанып қалды. Алайда, мықты легионер мен сапалы жейде киген "Атырау" екі гол салып, қызылордалық клубты сабасына түсірді. Одан кейін аут лақтырып, бұрыштама кезегін күткен "Қайсар" гол сала алмады. Виктор Кумыков деген бапкердің орнына тура осы сызба-нұсқаны пайдалана алатын бапкер Қызылорда қаласында бар еді. Бірақ, Шымкент қаласында қызмет ететін агенттер Кумыков, Приндетте, Сикач, Бухаидзе, Бен Загре, Горан Милоико секілді ойыншыларды жұмысқа тұрғызған жоқ па? Себебі, олардың әрқайсысының жалақысынан 10 пайыз ақша алынады. Міне, биліктің берген ақшасын адамдар осылай талан-таражға салмай ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу