Қазіргідей жүре берсе Үкімет қымбатшылықты еңсере алмайды – экономист

2614

Белгілі экономист Мақсат Халықтан Үкіметтің қазіргі жұмысын қалай бағалайтынын сұрап көрдік. 

Қазіргідей жүре берсе Үкімет қымбатшылықты еңсере алмайды – экономист

Кеше Президенттің сынына ұшырап, алды сөгіс алып жатқан Үкімет мүшелері бүгін отырыс өткізіп те үлгерген. Қазақстан министрлер кабинеті Тоқаев жүктеген міндеттерді атқаруда қаншалықты қауқарлы? Күзде, одан кейін қыста қазақстандықтарды не күтіп тұр? Inbusiness.kz порталына сұхбат берген экономист ойын ортаға салды.

– Мақсат мырза, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет мүшелерін қатаң сынға алды. Инфляцияны тежеп, бағаны реттей алмай отырған екі министрге сөгіс жариялады. Алайда сөз соңында "Үкімет табандылық танытуға тырысып" жатқанын айтып, жұмысына "орташа" баға берді. Сарапшыларды тыңдасақ, Үкіметтің жұмысы толық құрдымға кетті дейтіндер де бар. Бәлкім, бұдан да қатаң шара қабылдау керек пе еді? Қалай ойлайсыз?

– Менің жауабым мынадай: Егер менен "Үкімет өзіне жүктелген міндетті атқара алмай отыр ма?", – деп сұрасаңыз "иә" деп жауап берер едім. Президент енді ұрсып қойды да, осы жұмыстардың бір нәтижесін шығарыңдар дегенге келтірді. "Орташа" деп қойғаны... Егер "тым жаман" деп қойса, олардың бәрін ауыстыру керек деген сөз. Сондықтан "орташа" деп аяқтады.

Бір нәрсе анық. Қазіргі Үкімет өзінің алдына қойған міндеттерді толық жүзеге асыра алмай отыр. Азық-түлік бағасын реттеу бойынша әртүрлі ойлар айтылады. 15 пайыздан аспайтын болсын деп әртүрлі талап қойып жатыр. Бірақ оны қадағалау қиын екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр ғой. Қалай қадағалайды? Сол сұрақ.

Президенттің өзі айтқандай, бізде проблеманың салдарымен күрескісі келеді. Бұл мәселе нақты айтылды. Бағаны ұстап тұру болсын солай. Тұрақтандыру қорларына бөлінетін ақшаның соңғы уақытта талан-таражға түсіп кеткен фактілер айтылды. Ол ақшаны тағы да 100 млрд теңгеге дейін көбейтуді ұсынып отыр. Ал бірақ тиімділігі азайып келе жатыр. Менің ойымша дұрыс, ол мәселе ұзақ мерзімді жүзеге аспайтын уақытша іс қой. Уақытша шара дегеніміз, супермаркеттерге барып, біз сіздерді осылай қолдайық, бірақ сендер белгілі бір азық-түліктің бағасын қымбаттатпайсыңдар деп шарт қою. Ол уақытша ғана әсер етеді ғой. Ал ұзақ мерзімдегі мәселе шешілмейді. Сол себепті президент одан да шаруаларға көмектесейік деп отыр.

– Иә, сауда желілерінен қарағанда шаруаларды қолдайтын кез келген секілді...

– Иә.

– Бір сөзбен айтқанда, қазіргі Small, Magnum секілді сауда желілеріне көрсетіліп келе жатқан қолдау тоқтатылатын болып тұр ма? Алайда мұның өзі ұзақ мерзімді шараға ұқсайды. Өйткені өндірісті дамытуға уақыт керек. Ұзақ мерзімді Үкімет қазір қолға алса, оның қысқа мерзімдегі тиімділігі көрінбейді де, мұндай жағдайда біраз кадр жұмысынан айырылуы мүмкін ғой?

– Иә. Менің ойымша, бұлай жүре берсек тиімділік алдағы уақытта да төмендей береді, төмендей береді. Сауда желілерін қаржыландыру көлемі арта береді. Сондықтан бұл шараны стратегиялық мақсат қылып алмау керек. Бұл жерде жымқыру фактілері тіркеліп жатса, онда жауаптыларды жауапқа тарту керек. Солайша тұрақтандыру қорлары тиімділігін көрсетпесе бірте-бірте оларды қысқартқан жөн. Ал ұзақ мерзімді шаралар ретінде шаруалармен ұзақ мерзімді келісім жасап, оларды қолдауға болады.

Әдетте форвардтық келісімдер туралы көп айтамыз. Бірақ сол фаорвардтық келісімдердің бір нәтижесі жоқ. Ол келісімдер не үшін жасалады? Яғни шаруамен мінекей тұқымың, мінекей субсидияң, несиең деп бәрін береді. Содан кейін бізге күзге осыншама көлемде ет керек деп айтады. Орынды бағамен. Сосын сол өнімді алады да бірден ірі мегаполистерге жеткізеді. Сонда арада тек жол шығындары ғана кетеді. Сонда өнімнің бағасы ақыл-ой шеңберінде болады. Қатты қымбаттап кетпейді. Делдалдар пайда көрмейді. Үкіметтің аса мән беретін жері осында деп ойлаймын.

– Президенттің осы отырысты өткізетінін көбіміз білдік қой. Сіз де білген боларсыз. Сарапшылардың кейбірімен сөйлессек, олар президенттен Үкіметтегі кадрларға байланысты сөгістен де салмақты шешімдер күткенін жасырмайды. Шынында да, жағдайды реттеу үшін белгілі бір министрлерді отставкаға жіберу керек пе еді? Әлде қазіргі жағдайда кадр ауыстырудың салдары болуы мүмкін бе?

– Менің ойымша, иә, қабылдануы керек еді. Көп ұзамай соңына дейін бәрібір президент сондай қадамға баратын шығар.

– Кешегі сөзінде кадрлар мәселесін Тоқаев күзге қалдыратынын білдірді. Экономистердің кейбірі күзде қазіргі жағдайдан да қиын күндер келе жатқанын айтады. Мына түрімізбен күзде де, қыста да шекеміз қызбайтын секілді...

– Қазір тіпті тамыздың өзі ауыр болайын деп тұр. Қыркүйек пен қазанда қатты сезілмеуі мүмкін. Өйткені ол кезде көкөніс пен жеміс-жидектің түсімі бар. Бірақ алда қыс бар. Ол кезде қараша мен желтоқсан айларында тағы да қиындық туындауы мүмкін. Сондықтан Үкімет жұмысты нәтижеге қарай көбірек бағыттауы керек шығар.

– Қателеспесем, жақында Қазақстан мұнайдан әдеттегіден тыс көп пайда тауып жатқаны туралы ақпарат тараған. Бір жағынан, бұл позитивті жаңалық көрінді. Бірақ ол ақшаны Қазақстанның экономикасына аккумуляция жасаған кезде кемшілік кетіп жататын секілді. Қазіргі дағдарысқа мұнай түсімінің өсуі қаншалықты позитивті әсер бере алады?

– Мұнайдан түсетін ақша мемлекет бюджетінің кіріс бөлігіне барады. Яғни ол қаражат бюджет тапшылығын азайтады. Келесі жылдары мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін орындауға тетік береді. Ол бір. Екіншіден, мұнай түсімінің артуы кішкене болса да валютамызға оң әсер етеді. Теңгеміздің кішкене жақсырақ болуына ықпал етеді. Осындай факторлар экономиканың өсімін жақсартады. Әйтеуір, Үкіметке ауыз толтырып айтарлық сандар пайда болады. Алайда біз Үкімет жұмысын бағалаған кезде экспорттық түсімге қарамай, жұмыс орындарының қаншалықты құрылып жатқанын, халықтың әлеуметтік жағдайы қаншалықты жақсы екеніне қарап талдауымыз керек. Әлеуметтік көрсеткіштердің сапасына баса мән берген абзал.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу