"ҚазМұнайГаз" IPO-сы: Қорытынды шешімді Үкімет қабылдайды

Акцияларды ұсыну ұлттық заңнаманың талаптарына, сондай-ақ KASE және AIX биржаларының қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. 

"ҚазМұнайГаз" IPO-сы: Қорытынды шешімді Үкімет қабылдайды

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ны IPO-ға шығаруға қатысты алғашқы ашық кездесу өтті. Жиын барысында "Самұрық-Қазына" АҚ өкілдері мен сарапшылар биылғы жылға жоспарланған еліміздегі ең ірі мұнай-газ компаниясының акцияларының сатылымы туралы ақпараттармен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қордың даму және жекешелендіру бойынша басқарушы директоры Ернар Жанәділдің айтуынша, акцияларды ұсыну ұлттық заңнаманың талаптарына, сондай-ақ KASE және AIX биржаларының қағидаларына сәйкес жүзеге асырылмақ. 

"Акцияларды сату туралы, сондай-ақ осындай сатудың шарттары туралы қорытынды шешімді ҚР Үкіметі қабылдайды және кеңесшілер консорциумының ұсынымдарына, әлеуетті сұранысты алдын ала бағалауға және нарықтық жағдайларға негізделетін болады. Жалпы сатылатын акциялардың көлемі мен бағасы сұраныс кітабына, оның құрылымына байланысты белгіленеді", – деді спикер. 

Бұл ретте Ернар Жанәділ аталған іс-шараның басым бағыты – ірі портфельдік компанияларды IPO-ға шығару екенін атап өтті.

"Ірі компаниялардың IPO-ға шығуының бірнеше мақсаты бар. Бұл – қор мен портфельдік компаниялардың активтерінің ұзақ мерзімді нарықтық құнын арттыру, корпоративтік басқару стандарттары мен операциялық тиімділігін арттыру, компаниялардың дамуын қаржыландырудың жаңа көздерін іздеу, Ұлттық қорды толықтыру", – деді қордың басқарушы директоры. 

Жиында "IPO барысында ҚМГ акцияларын бір немесе бірнеше тұлға сатып алып, басымдық соларға берілмей ме?" деген сауал қойылды.

ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаевтың айтуынша, сауда барысында бөлшек инвесторларға басымдық беру жоспарланған. 

"Акцияларды орналастыру инвестициялық банктердің ұсыныстары және ҚМГ мен сатушы акционерлер арасындағы талқылаулар негізінде жүзеге асырылады. Бөлу кезінде барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, бөлшек инвесторларға басымдық беру жоспарлануда", – деді Дәурен Қарабаев. 

ҚМГ акцияларын сатып алудың ресми арналары кейінірек жарияланбақ. Сондықтан компания басшылары сақтық шараларына назар аударып, тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды. 

"Абай болыңыз және AIX және KASE биржаларының, ҚМГ мен Самұрықтың ресми сайттарында хабарландыру жарияланғанша алаяқтардың жарнамасына ермеңіздер. Қор өтінімдерді қабылдаудың басталуы туралы және оларды берудің рұқсат етілген арналары туралы нұсқаулар жариялайды", – деді ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу