"Қазпошта" өз ғимараттарын 100 мың теңгеге сатқалы жатыр

8679

Оның филиалдық желісінің 70%-ы рентабельді емес деп танылды. 

"Қазпошта" өз ғимараттарын 100 мың теңгеге сатқалы жатыр Фото: Максим Морозов

Ел Үкіметі "Қазпошта" акционерлік қоғамына көптеген стратегиялық нысанды мемлекеттік меншіктен шығарып, сатып жіберуіне рұқсат еткелі отыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Үкіметтің тиісті қаулысының жобасын жариялады.

"Қазпошта" АҚ-на қаулыға қосымшада көрсетілген стратегиялық объектілерді иеліктен шығару жөнінде мәмілелер жасауға рұқсат берілсін", – делінген құжатта.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің түсіндіруінше, пошталық және курьерлік қызметтер нарығы қысқарып, ойыншылардың көбінің табысы құлдырауда.

"Салдарынан, Қазақстанда 10 жылдан артық жұмыс жасап келе жатқан пошта және хат-сәлемдемелер жеткізу компаниялары өз инфрақұрылымдарын оңтайландыруға мәжбүр. Қазіргі кезде ұлттық пошта операторының нарықтағы үлесі 69%-ға дейін жетеді. "Қазпошта" АҚ пошталық және курьерлік қызметтер нарығындағы ең ірі қатысушы. Осы қызметтерді көрсету үшін "Қазпошта" ұлттық пошта желісін іске қосты. Ал бұл бүкіл ел бойынша пошта байланысының 3 915 бөлімшесі. Оның 70%-ы – рентабельді емес, бұлардың 2 470-і ауылдық жерлерде орналасқан", – деді министр.

Оның айтуынша, халық тығыз орналасқан, заңды тұлғалар көбірек шоғырланған қалалар мен облыс орталықтары ғана пошталық және курьерлік қызмет нарығының ең тартымды сегменті саналады. Ал "тұрғындары аз ауылдардың тартымдылығы да аз" екен.

Қияндағы ауылдарға компания бизнес серіктестерімен бірлесіп, "сату нүктелері" арқылы қызмет көрсетпек ниетте. Бүгінде серіктестік моделі бойынша 597 бөлімше ашылыпты. "Қазпоштаның" 137 бөлімшесі бизнес есебінен ауыстырылды.

Министрліктің дерегінше, ұлттық оператордың меншігінде орташа есеппен 30–40 жылдан бері пайдаланылатын ескі ғимараттар бар. Оны жөндеуге және техникалық жарамды күйде ұстап тұруға қыруар қаражат жұмсалуы керек. Оның үстіне бұл нысандардың біразы бос тұр.

Бұдан бөлек, 2006-2009 жылдары ауылда пошта бөлімшелерін салу үшін "Қазпошта" 44 жер учаскесін сатып алып, меншік құқығын ресімдепті. Оның 23-інде ауылдық пошта байланысы бөлімшесі салынды.

"Алайда бюджетте қаражаттың жетіспеуіне байланысты 2009 жылы осы бағдарламаны қаржыландыру тоқтатылды және 16 жер учаскесі ұзақ уақыт бойы талап етілмеген күйде қалуда. Бұл жер учаскелері қаңырап қалған және өндірістік қызметте пайдаланылмайды", – деді министрлік.

Арзанға сатылатын ғимараттар мен жер телімдерінің көбі ШҚО-да. Сонымен, Үкіметтің осы қаулысы бекітілген жағдайда аукцион арқылы "Қазпоштаның" келесі нысандарын сатып алуға болады.

1)      ШҚО Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында орналасқан жылжымайтын мүлік және 0,06 га жер учаскесі. Министрліктің хабарлауынша, "тәуелсіз мамандандырылған кәсіпорын" оның нарықтық бағасы 99 мың 600 теңгені құрайды деп бағалапты.

Почта бөлімшесі Тарбағатай әкімдігінің ғимаратына көшіп, сонда 22 шаршы метрлік құрқылтайдың ұясындай жерге орын тепкен. Бұрынғы ғимараты жерімен бірге арзанға өткізіледі деп жоспарлануда.

2)      ШҚО Аягөз ауданындағы Тарлаулы ауылындағы жылжымайтын мүлік және 0,06 гектар жер де 99 мың 600 теңгеге бағаланды. Ұқсас жағдай: поштаға Тарлаулы ауылы әкімдігінің ғимаратынан 22 шаршы метрлік бөлме бөлінген. Ескі орны саудаға қойылмақ.

3)      ШҚО Глубоковка ауданының Предгорное ауылындағы Ленин көшесіндегі жылжымайтын мүлік және 0,06 га гектар жер. Бағасы 160 мың 800 теңге. Пошта төл ғимаратын тастап, жергілікті әкімдік ғимаратындағы 21 ш.м. орын-жайға орналасты.

4)      ШҚО Жарма ауданының Әуезов кентінің Мира көшесіндегі ғимарат және 0,05 гектар жер, бағасы 137 мың теңге. Пошта бөлімшесі Әуезов ауылдық округі әкімдігіне көшіп, содан 31,7 ш.м. орын-жайды жалға алған, ай сайын 9 мың 5 теңге төлеп тұрады. Ескі ғимаратын сату жоспарланған.

5)      ШҚО Көкпекті ауданының Преображенка ауылындағы жылжымайтын мүлік және 0,06 гектар жер, бағасы 126 000 теңге. Пошта бөлімшесі осы ауылдағы Куйбышев көшесіндегі 92,3 шаршы метрлік өзінің басқа ғимаратына көшіп кеткен.

6)      ШҚО-ның осы ауданының Үлкен Бөкен ауылындағы жылжымайтын мүлік және 0,06 га жер, бағасы 126 000 теңге. Пошта бөлімшесі Пушкин көшесіндегі 91,4 ш.м. болатын өзінің өзге ғимаратында орналасқан.

Өзгелерінің тағдыры осыларға ұқсас.

7)      ШҚО Күршім ауданының Боран ауылындағы "Центральная және Абай көшелерінің қиылысы" мекенжайы бойынша ғимарат және 0,05 га жер, бағасы 52 мың 500 теңге.

8)      ШҚО Тарбағатай ауданындағы Қарасу ауылында Сүлейменов көшесіндегі ғимарат және 0,09 га жер. Бағасы – 135 мың теңге.

9)      ШҚО осы ауданындағы Қызыл Кесік ауылы, Егізбайқажы мекенжайындағы ғимарат пен 0,0676 гектар жер, бағасы 91 260 теңге.

10)    осы аудандағы Тұғыл кентінің Желтоқсан көшесіндегі нысан және 0,09 га жер, бағасы 180 мың теңгені құрайды.

11)    ШҚО Үржар ауданының Қаракөл ауылының Жақсыбеков көшесіндегі ғимарат пен 0,05 гектар жер, бағасы 110 мың теңге.

12)    ШҚО Үржар ауданының Шолпан ауылында Абай көшесі мекенжайындағы нысан 0,05 га жер, 100 мың теңге.

13)    ШҚО осы ауданындағы Үржар ауылының Старокожев көшесіндегі ғимарат және 0,05 га жер, бағасы 270 мың 600 теңге.

14)    ШҚО Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтарма кентіндегі бөлімше және 0,1271 гектар жер, бағасы 711 мың 760 теңгеге тең.

15)    ШҚО Шемонаиха ауданындағы Выдриха ауылының "Советская, 61" мекенжайында орын тепкен нысан және 0,0663 гектар жер, бағасы 192 мың 270 теңге.

Қалған нысандардың егжей-тегжейі белгілі болды:

16)    ШҚО Жарма ауданының Жарма ауылында "1 орам, 3173 үй" мекенжайындағы 101,6 шаршы метрлік нысан және 0,0234 га жер, бағасы 135 мың 64 теңге.

17)    ШҚО Жарма ауданының Үшбиік ауылында "Уалиханов, 1" мекенжайындағы 104,5 ш.м. ғимарат және 0,0299 гектар жер, бағасы 89 мың 982 теңге.

18)    Ақмола облысының Степняк қаласында "Біржан сал көшесі, 25" мекенжайындағы 1589 ш.м. ғимарат және жер, бағасы 25 миллион 325 мың 538 теңге. Бұл бүкіл тізімдегі ең қымбаты. Оған 223,6 шаршы метрлік гараж да кіреді. Ғимараттың айналысындағы жер көлемі – 0,1196 га, гараж айналасындағы жер ауданы – 0,0696 га.

19)    Жамбыл облысы Талас ауданы Аққөл ауылының Д.Қонаев көшесіндегі 1381,8 шаршы метрлік ғимарат, оған жапсарлас салынған 247,7 ш.м. нысан, 0,3148 га жер телімі. Бағасы 1 млн 98 мың теңге.

20)    Жамбыл облысы Талас ауданының Қаратау қаласында "Қонаев, 48" мекенжайындағы 3543,9 ш.м. ғимарат, 102,8 ш.м. гараж және 0,227 га жер. Бағасы 4 млн 175 мың теңге.

21)    Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының Мирный ауылында "Абылай хан көшесі, 9/1" мекенжайындағы 102 ш.м. жылжымайтын мүлік және 0,033 га жер, бағасы 266 мың теңге.

22)    Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Шығанақ станциясында, Сейфуллин көшесінде, 27-учаскеде орналасқан 196,6  ш.м. нысан және 0,0668 га жер. Бағасы 363 мың теңге.

23)    Жамбыл облысының Мерке ауданының Ойтал ауылындағы "Ұлытау (Революции) көшесі, 11" мекенжайындағы 376,6 ш.м. ғимарат және 0,145 га жер. Бағасы 8 миллион 252 мың теңге.

24)    Қарағанды облысының Жанаарқа ауданының Атасу ауылында "Тәуелсіздік даңғылы, 22" мекенжайындағы 56,2 ш.м. орынжай және 0,0276 га жер. Бағасы 240 000 теңге.

25)    Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде, "Қазыбек би көшесі, 77" мекенжайында орналасқан 932,9 ш.м. ғимарат, 0,4154 га жер. Бұл жерде ғимараттың тек бір бөлігі – 191,8 шаршы метрі және 0,085 гектар жері ғана сатылады. Бағасы 1 миллион 990 мың теңге.

Министрлік ұсынған салалық қорытындыға жүгінсек, "Қазпоштаның" бос тұрған ғимараттары мен жер телімдерін меншіктен шығарудан барлығы 35 миллион теңгеден астам ғана қаражат түспек. Бұл сома ұлттық пошта операторының кірісіне жатқызылады және басқа өндірістік нысандарын жөндеуге, ұстап тұруға бағытталады деп мәлімделді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу