"ҚазТрансОйл" ірі көлемді айыппұл төлейтін болды

6338

Монополияға қарсы агенттік магистралді мұнай құбыры бойынша ұлттық оператордың заңсыз игерген үлкен қаражатын қайтартқызды.

"ҚазТрансОйл" ірі көлемді айыппұл төлейтін болды

Атап айтқанда, ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті "ҚазТрансОйл" АҚ-ның табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзуына қатысты тексеру жүргізді.

Тексеру қорытындысы бойынша,шынында, "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясының әрекеттерінде ұлттық заңнаманы бұзу фактілері анықталып отыр.

Құзырлы органның нақтылауынша, ҚТО "Табиғи монополиялар туралы" заңының "Табиғи монополия субъектiлерiнiң мiндеттерi" деп аталатын 7-бабының 7-2) және 18) тармақшаларында белгіленген нормаларды бұзғаны әшкереленді.

Бұл тармақшалар "тарифтiк сметаны орындауға", сондай-ақ "белгіленген тәртіппен бекітілген инвестициялық бағдарламаларды не жобаларды орындауға және оларда көзделген қаражатты табиғи монополия субъектісінің энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды, олар тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) немесе табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсететін қызметтеріне арналған шекті деңгейлерінің өсуіне әкеп соқпайтын жағдайда, іске асыруға, сондай-ақ қолда бар активтерін қалпына келтіруге, жаңартуға, кеңейтуге, қолдауға, негізгі құралдарын реконструкциялауға, техникалық қайта жарақтандыруға басымдықпен бағыттауға" міндетті болатын.

Алайда антимонополиялық органның мәліметінше, компания бұл талаптарды орындамаған.

"Бұл бұзушылықтар "ҚазТрансОйл" АҚ-ның жалпы сомасы 1 миллиард 41 миллион 133 мың 640 теңге болатын көлемде 2014, 2016, 2017 жылдар үшін тарифтік сметаны және 2014 жылға арналған инвестициялық бағдарлама бойынша міндеттерін орындамауынан туындады. Осыған байланысты, комитет 1 041 133 640 теңге сомасына суды магистральдық құбыржолдары бойынша беру жөніндегі қызмет бойынша негізсіз алынған кірісті тұтынушыларға қайтару туралы бұйрық шығарды", - деп мәлімдеді мемлекеттік орган.

Сонымен бірге, суды магистральдық құбыржолдары арқылы беру жөніндегі қызметі бойынша "ҚазТрансОйл" АҚ-ы "Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік регистр-тіркелімінің республикалық бөлімінен" шығарылғаны да белгілі болды.

Осыған байланысты, "ҚазТрансОйл" АҚ негізсіз тапқан кірісін тұтынушыларға тікелей қайтаруға мәжбүр етіліпті.

Кезінде халықтық ІРО-ға шығарылған үлгілі ұлттық компанияны жазалау мұнымен бітпеді.

"Сондай-ақ, табиғи монополиялар туралы заңнаманың жоғарыда аталған нормаларын бұзғаны үшін "ҚазТрансОйл" АҚ "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 164-бабында көзделген жалпы сомасы 293 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл толықтай төленді", – деп хабардар етті табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.

Айта кету керек, бұл ҚТО-ның алғаш жазалануы емес.

2015 жылы Қазақстандық қор биржасы (KASE) сол жылдың 22 қаңтарында Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының үкімімен "ҚазТрансОйлға" 53,5 миллион теңгеге айыппұл салынғанын жария етті. Сол жолы компания "бюджетке төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер сомасын азайтып көрсеткені үшін" (әкімшілік кодекстің 209-шы бабы) жауапкершілікке тартылды. Бұл бапты бұзған ірі кәсіпорындар есептелген салық және өзге де төлемдер сомасының 50%-ы көлеміндегі айыппұлмен жазаланады.

Бұл ретте есептелген салықтың жалпы көлемі 107 млн теңгені құраған.

Сол жылы Атырау облысы бойынша экология департаменті "ҚазТрансОйлға" қоршаған ортаны бүлдіргені үшін 1,2 миллион теңге айыппұл арқалатты.

Одан бұрын, 2013 жылғы 6 маусымда табиғи монополияларды реттеу агенттігі ҚТО-ға бірқатар әкімшілік құқықбұзушылықтары үшін 10,4 миллион теңге айыппұл салғаны да мәлім.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу