ҚБТУ-ды кім сатып алды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4670

Британдық жоғары білімді елімізге таратуды мақсат етіп құрылған ҚБТУ-дың жаңа қожайыны белгілі болды.

ҚБТУ-ды кім сатып алды

Қазақстан-британ техникалық университетін (халықаралық бренді Kazakh-British Technical University) сатып алуға қатысты мәміленің бірқатар шарттары енді ғана белгілі болып отыр.

ҚБТУ 2018 жылғы 9 қарашада Алматыдағы аукционда сатылып кеткен болатын. Бірақ ол кезде gosreestr.kz ресурсында "ақырғы сатып алушысы белгісіз" деп жазылды. Жаңа иесінің кім екені ақпарат құралдарына енді ғана жария етіліп отыр. Ақпаратты журналистерге "ҚазМұнайГаз" хабарлады.

Сонымен, бұл алпауыт университетті оның жатақханаларымен бірге 11 миллиард 370 миллион теңгеге "Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры" қоғамдық қоры сатып алғаны мәлім болды. Бұл қор ел президентінің бастамасымен 1998 жылдың 15 желтоқсанында құрылған. Оның мақсаты – қазақ елінің оқу жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес дамытуға қолдау көрсету, әлемдік білім кеңістігіне біртіндеп ендіру.

Қазіргі кезде оның қызмет өрісі әлдеқайда кең. Мәселен, ол өз балабақшаларында "ерте сәби кезеңнен тәрбие мен білімге заманауи халықаралық әдістемелерді кіріктіру негізінде сапалы білім беру үдерісін ұйымдастырумен", өз мектептерінде "ғылыми-жаратылыстану және инженерлік-техникалық бағыттағы пәндерді оқытуға басымдылық бере отырып, білім беру моделін жетілдірумен", сондай-ақ "педагог кадрларды кәсіби тұрғыдан дамыту жүйесін жетілдірумен" айналысады.

Оның сыртында тіпті орта мектептің жоғары сатысында кәсіби әскерилендірілген оқыту моделін дамытумен де, қайырымдылық қызметімен де, әлеуеметтік бағдарламалармен де жүйелі шұғылданады.

2018 жылы "Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қорына" 20 жыл толыпты. Осы кезең ішінде оның балабақшалары 1000-нан астам бүлдіршінді тәрбиелеген, мектептері 1600-ге жуық түлекті ұшырды. Жоғары оқу орындары 16 мыңнан астам студентке жоғары білім беріпті.

Қор құрамында Алматы және Астана қалаларындағы халықаралық "Мирас" мектептері, Алматы халықаралық мектебі, Астана, Атырау қалаларындағы "Мирас" балалар бақшасы, әскери тәртіпке құрылған, физика, математика, информатика, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп оқытатын интернат типті "Арыстан" лицейі жұмыс істеуде.

Бұдан бөлек "Халықаралық бизнес универси­теті" (UIB), Қазақстандағы алғашқы IT университет – "Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті" және басқасы бар.

Енді олардың қатарын ҚБТУ толықтырды. Бұл университет бастапқы құнынан 5,4 миллион теңгеге қымбат сатылды: бастапқы құны 11 миллиард 364 миллион теңгеден асқан.

Жекешелендірілгенге дейін осы жоғарғы оқу орнының 100% акциясы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына тиесілі болды.

Бұл ретте саудаға қатысқысы келетіндер алдымен 72,1 миллион теңге кепілдікті жарна енгізуге міндетті болған. Жаңа қожайынға объектінің құнын бөліп төлеуге мүмкіндік беріліпті.

"Сатып алу құнының 30%-ы көлеміндегі бірінші қаржы траншын сату-сатып алу шарты күшіне енген күннен бастап, 30 күнтізбелік күн ішінде енгізу қажет. 35% көлеміндегі екінші транш сату-сатып алу шарты күні енген кезден бергі 12 ай үдерінде төленуге тиіс. 35% көлеміндегі үшінші транш 24 ай ішінде енгізілуі керек", – делінген қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің "Мемлекеттік мүлік тізілімінде" (gosreestr.kz).

Бұдан басқа, сатып алушы университеттің қызмет бейінін он жыл ішінде сақтауға міндетті екені көрсетіледі.

Жаңа иесіне қойылар тағы бір талап: ол он жыл ішінде қазақстандық персонал үлесі қызметкерлердің жалпы санының кем дегенде 50%-ы көлемінде болуын қамтамасыз етуі шарт.

"Бес жыл ішінде ҚБТУ-ды сатып алушы студенттердің университет жатақханаларында өмір сүруінің ағымдағы жағдайларын сақтауға тиісті", – деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы.

Сондай-ақ, мемтізілім порталының мәліметінше, "екі жыл бойы бұл акцияларды қайта сатуға, кепілге қоюға, басқаның басқаруына тапсыруға және басқа да мәмілелер жасауға тыйым салынған".

Осы мерзім өткеннен кейін әлгіндей мәмілелер жасауға жол ашылады. Бірақ ол үшін ары қарайғы үш жыл бойы аталған қор "ҚазМұнайГаздың" бұған деген келісімін алуға тиіс. Яғни, ұлттық компанияның келісімі болған жағдайда ғана кез келген мәміле жасасуға рұқсат етіледі.

Бұған қоса, сату-сатып алу шартында аталған талаптарды орындамаған жағдайда жаңа қожайынға қатысты айыппұлдық жазалар қарастырылатыны да мәлімделген болатын.

Тек шектеулердің барлық мерзімі өткеннен соң ғана жаңа иесі ҚБТУ-ды дамытудың шарттарын ешкіммен келіспей, өз бетінше анықтай алады.

2015 жылғы есеп бойынша университет 515 миллион теңге табыс тапқан. Алайда кейінгі екі жылда оның қызметі кері кеткен. 2016 жылы ҚБТУ қызметі 593,7 миллион теңге көлемінде, ал 2017 жылы – 1,1 миллиард теңге көлемінде шығынға шықты. 2018 жылдың қаржылық есебі әзірге жарияланған жоқ.

Нақтырақ тоқталсақ, "ҚБТУ" АҚ-ының 2017 жылғы жылдық есебіне сәйкес, бұл ЖОО 2016 жылы 2 мың 265 адамға, ал 2017 жылы небары 1 мың 645 адамға білім беру қызметін көрсетіпті. Яғни, студенттері 620 адамға азайып кеткен.

Бұл ретте білім және ғылым министрлігі оған бөлетін мемлекеттік білім гранттарының көлемін елеулі түрде арттырды. Мәселен, 2016 жылы шәкірттердің тек 529-ы ғана мемгрантқа тегін оқыса, 2017 жылы бұл көлем 763-ке дейін көбейіпті.

Сонымен бірге, коммерциялық негізде, яғни ақылы оқитын шәкірттер саны 2016 жылғы 1 мың 736-дан алдыңғы жылы 882-ге дейін, демек, 51%-ға күрт кеміген екен.

"Өнім сату және қызмет көрсетуден" университет 2016 жылы 2 миллиард 526 миллион теңге, ал 2017 жылы 2 миллиард 268 миллион теңге табыс тапқан. Бірақ ЖОО ол өнімдер мен қызметтердің өзіндік құны тиісінше 4 млрд 873 млн және 4 млрд 757 млн теңге тұрғанын айтады. Ақыры табысқа кенелмей, шығын шеккені де содан екен.

Осыған қарамастан, сарапшылардың байламынша, бұл аса құнды актив саналады.

ҚБТУ ғимаратынының жалпы аумағы 33,7 мың шаршы метрді құрайды. Соның ішінде ғимараттары 7 мың шаршы метрге жайылған.

Айта кету керек, бұл университет үш тарихи ғимаратты алып жатыр, бұлар – Төле би көшесіндегі бұрын ҚазКСР жоғарғы кеңесі, компартияның орталық комитеті, үкімет үйі орналасқан нысан. Оның дөңгелек залында Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларация, елорданы Алматыдан Астанаға көшіру секілді тарихи маңызды құжаттар қабылданды.

Бұдан басқа, Алматыдағы Уәлиханов көшесіндегі химиялық ғылымдар институты ғимараты да, сондай-ақ "Қонаев көшесі, 142" мекенжайындағы бұрынғы Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институтының ғимараты да кіреді.

ҚБТУ-дың ұзақмерзімді активтерінің құны 2017 жылдың соңында 11 миллиард 866,9 миллион теңгеге бағаланды. Алайда оның нысандары еліміздің ең ірі мегаполисінің аса бағалы жерлерінде орналасқандықтан, әрі тарихи маңызы болғандықтан, жылжымайтын мүліктері алда тек жоғарылауы ықтимал.

Оның үстіне университет мемлекеттен ғылым бағыты бойынша да қаражат алады. Мысалға, 2017 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 739 миллион теңгеге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырған.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу