banner

Кеденде күрес орнына жемқорларға жеңілдік жасалып келгені әшкереленді

3208

Қазақстан Үкіметі Қытаймен арадағы әбден былыққа батқан өткізу пунктерін "тазалауға" енді шындап күш салмақ. 

Кеденде күрес орнына жемқорларға жеңілдік жасалып келгені әшкереленді

Үкімет басшысының орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, өткен 2021 жылы Қазақстанның өзге елдермен тауар айналымы 2020 жылмен салыстырғанда 17,4%-ға артып, 101,5 миллиард долларды құрады. Оның ішінде Қазақстанның әлемге сатқан экспорты былтыр 26,9%-ға өсіп, 60,3 млрд доллар болды. Ал шетелден тасыған импорты 5,8%-ға ұлғайып, 41,2 млрд долларға жетті.

Бұл ретте 2021 жылы Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып, үш ел ғана саналды. Бұл – Ресей (екіжақты сауданың жалпы көлемі $24,2 млрд). Одан кейін Қытай (тауар айналымы шамамен $18,2 млрд). Сондай-ақ Италия (өзара сауда көлемі $9,6 млрд асты). Өзге серіктес елдердің ондығына Нидерланды, Түркия, Өзбекстан, Франция, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия, Үндістан, Испания, Румыния, Грекия, Швейцария кірді.

Бұл жерде Ресеймен бір кедендік одақта (ЕАЭО) болғандықтан, біздің ел тарапынан шекарада қатаң кедендік шектеулер жоқ. Италиямен шекарамыз түйіспейді. Сондықтан ең басты проблема – шың елімен арадағы сауда-саттыққа қатысты болып келеді. Себебі өзара сауданың жалпы көлемінің (18,2 миллиард доллар) төрттен бір бөлігіне тең мөлшердегі қаражат екі ортада ізім-ғайым жоғалып кетеді. Сарапшылар бұл тарапта жемқорлық әлі де болса күшті деген пікірде.

Осы мәселеге таяуда Президент те назар аударып, тиісті тапсырмалар берген болатын.

Ұлттық экономика министрлігі жұңғо елінен бері өткен тең-тең жүктердің біздің кеденде кенеттен күрт арзандап шыға келетіні үлкен проблема болып тұрғанын мойындады. Осы арқылы жүк тасушылар салықтан жалтарады. Кеденшілер де мұны тегін істемейтіні белгілі.

"Жыл сайын еліміздің сыртқы сауда статистикасының ҚХР статистикасынан айтарлықтай алшақтығы тіркелуде. 2018 жылы Қытайдан жіберілген тауарлар экспорты және тиісінше, Қазақстанға енген қытай импортының арасындағы алшақтық 5,9 млрд долларды, ал 2019 жылы 6,1 млрд долларды құрады. 2020 жылы біршама азайып, 5,3 млрд долларға дейін төмендегенімен, 2021 жылы қайтадан 5,6 млрд долларға өсіп шыға келді. Мұның негізгі себептерінің бірі – экономикалық контрабанда. Қазынаға миллиардтаған кедендік төлемдер мен салықтар түспейді", – деген түсініктеме берді экономика ведомствосы.

Жемқорларға жеңілдік жасады, не ұтты?

Белгілі болғанындай, кейінгі жылдары ел Үкіметінің кедендегі жемқорларға қарсы соғыс ашып, жойқын соққы беріп жатқаны – көзбояушылық болып шықты. Шындығында, керісінше, оларға қатысты қылмыстық қудалауды азайтыпты. Бұған еліміздің жаңа бас экономисі Әлібек Қуантыровтың командасы назар аудартып отыр.

"Кезінде Қазақстанда жүргізілген экономикалық қылмыстарды ізгілендіру науқаны кесірінен біріншіден, контрабанда үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың шекті мәндері екі есе ұлғайтылған. Салдарынан, бүгінде ірі мөлшердегі контрабанда деп саналуы үшін оның мөлшері 5 мыңнан 10 мың АЕК-ке дейін (30,6 миллион теңгеге дейін) көтерілді. 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін ірі залал небәрі 1 мың АЕК-ті құрайтын. Аса ірі мөлшердегі контрабанда залалының құны 10 мыңнан 20 мың АЕК-ке (61,2 млн теңгеге) дейін өсірілді. Бұл неге соқтырды? 2018 жылы экономикалық контрабанда фактілері бойынша Қазақстанда сотқа дейінгі тіркелген тергеулер саны 71 болса, 2018 жылы бұл сан 28-ге дейін құлдырады", – деп мәлім етті министрлік.

Осылайша, шекті меженің көтерілуі кесірінен қаншама контрабандист жазадан құтылып кеткен.

Екіншіден, жаза түрі де жеңілдетілген. Мәселен, кеденнен тиісті алым-салығы төленбей немесе жете төленбей, заңсыз алып өткен жүктің – контрабандалық тауарлардың құны 30,63 миллион теңгеден кем болса, онда қылмыстық қудалау орнына жауапкершілік тек әкімшілік тәртіппен қаралады. Бәлкім, онда контрабанда құнына сайма-сай, аса ауыр айыппұл салынатын шығар? Себебі жемқорлықпен тегеурінді күрес жүруде ғой. Жоқ. Экономика министрлігі анықтағандай, 30 миллион теңгедей контрабандалық тауармен ұсталғандар орта есеппен 132 мың теңге (!) көлемінде ең төменгі айыппұл ғана төлеп, құтылып отырған.

Үшіншіден және ең сорақысы, үкіметтегілердің ізгілендіруі "арқасында" Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінен декларацияланбаған тауарларды "тәркілеу" түріндегі жазалау шарасы алынып тасталды.

Яғни ондаған миллион теңге тұратын тауарларды кеденнен "бармақ басты, көз қысты" жолмен алып өту – сонша тәуекелді іс болмай қалғанға ұқсайды. Өйткені ұсталса, тауар тәркіленбейді. 132 мың теңге айыппұлын төлей салады.

Сондықтан Қуантыров командасы осы олқылықты жоюға бағытталған заңнамалық түзетулерді әзірлеп шықты.

"Қаражаттарды заңсыз түрде қолма-қол ақшаға айналдыратын ("обнальный") компаниялардың қызметі дәл осы экономикалық контрабандамен, экспорттық-импорттық операциялармен тығыз байланысты. Олар өзара есеп айырысу арқылы импортталатын тауарларды заңдастырады. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканың осы кәсіпкерлері қосылған құн салығын бюджеттен өтеудің қолданыстағы тәртібін салық төлеуден жалтарудың схемасы ретінде пайдаланады. Осы орайда жаңа заң жобасында ұсынылған түзетулерді қабылдау – көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді және заңсыз тауар тасымалдайтын кәсіпкерлер үшін жауапкершілікті күшейтеді", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Заңнамалық түзетулер "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" үлкен заңның құрамдас бөлшегі ретінде қабылданады деп күтілуде.

Қазақ пен қытай неге келісті?

Өз кезегінде кеденге жауапты орган – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Халықаралық ынтымақтастық басқармасы ҚХР Бас кедендік басқармасының Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Чжан Баофэнмен келіссөздер өткізді.

Қазақстан тарапы шекарадағы өтпелердің өткізу қабілетін арттыру үшін "Қалжат-Дулаты" автомобиль өткізу бекетін ашуды ұсынып отыр. Бұл өтпе бұрын болған, бірақ Қытай жағынан жабылып қалды. Қытай тарапы өзінің мүдделі меморгандарымен келісу рәсімдерін жүргізіп, қазақстандық тарапқа оған қатысты тиісті жауап жіберетінін хабарлады.

Сондай-ақ тараптар қазақ-қытай шекарасында "Нұр Жолы-Қорғас", "Алакөл-Алашанькоу", "Бақты-Покиту" және "Майқапшағай-Зимұнай" автомобиль өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге келісті. Ендеше ағылатын қытай тауарының көлемі алда күрт артуы ықтимал. Одан қалтасын қампайтып қалуға талпынатындар да табылуы ғажап емес. Олардың табанына тас қоймаса, өзара статистика алшақтығы миллиардтаған долларға арта бермек.  Бұған жол бермеу үшін қос көрші статдеректерді жедел әрі онлайн алмасуға уағдаласты.

"Біз "CTOP" (Customs-Train Operators Partnership) және автомобиль өткізу бекеттері арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік туралы алдын ала онлайн ақпарат алмасу жобаларын ілгерілетудің барысы жөнінде ақпарат алмастық және бейнеконференц-байланыс арқылы алынатын деректерді нақтылау бойынша жұмыс кездесуін өткізетін болдық. "Бір терезе" ынтымақтастығы аясында 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында сарапшылар отырысын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара сауданың статистикалық деректерін салыстыру үшін эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін сараптамалық деңгейде бетпе-бет кездесу өткізетін боламыз", – деп хабарлады Мемкірістер комитеті.

Жанат Ардақ 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу