Кеденді "алақанында" ұстайтын алпауыт орган құрылмақ

7020

Жаңа басқарма әсіресе, қазақ-қытай өткізу бекеттеріндегі заңсыз сауда айналымына тосқауыл қою миссиясын атқарады деп күтілуде. 

Кеденді "алақанында" ұстайтын алпауыт орган құрылмақ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Қытай" атты мемлекет басшыларының саммитінде елді елең еткізер мәлімдеме жасағаны белгілі. Ол шекарадағы кедендік тәртіпті ретке келтіру үшін "заңсыз әрекет етіп, бизнеске түрлі кедергі жасаған теріс, арамза пиғылды кәсіпкерлермен күрес басталғанын" жариялады.

"Заңға қайшы мұндай әрекеттермен күрестің нәтижесін жақын арада көретінімізге сенімдімін! Қазақстанға келетін импорттарға және үшінші елдерге жасалатын транзитке зиян келмейді. Үкіметке және құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар бердім", – деді Қ. Тоқаев.

Бірақ мұның егжей-тегжейін, бүге-шігесін айтпады.

Дегенмен белгілі болғанындай, осы салаға жауапты Қаржы министрлігінің құрылымында заңсыз тауарайналымға және кеденшілердің жемқорлығына тұсау салатын жаңа орган пайда болуы мүмкін.

Ол "Бас диспетчерлiк басқарма" (орысша нұсқасы "Главное диспетчерское управление") мемлекеттік мекемесі деп аталады. Бұл деректі Қаржы ведомствосы растады.

Жаңа құрылым таяуда бекітілген Мемлекеттік шекараларда заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарында қарастырылған міндеттерді атқарады.

"Бас диспетчерлiк басқарманың" мамандары тауарлар мен көлік құралдарына кедендік жете тексеру жүргізуді бақылайды, инспекциялық-тексеріп қарау кешендерінің (ИТК) рентген-түсірілімдеріне қашықтықтан талдау жүргізеді. Яғни басқаша айтқанда, кеденшілердің үстінен қарайды. Бақылаушы органдардың өкілдері тікелей мемлекеттік шекарада да орналастырылмақ.

"Бүгінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті аталған функцияларды "Ахуалдық орталық" және "Электрондық декларациялау орталығы" басқармаларының деңгейінде енгізу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бірақ "Ахуалдық орталық" 2019 жылғы наурыздан бері тек Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінде кедендік операцияларды бақылауды, кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде кеден бекеттері қызметкерлерінің қызметін үйлестіруді жүзеге асырды", – дейді Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.

Жаңа орган "Ахуалдық орталық" пен "Электрондық декларациялау орталығын" "жұтып" қояды.

Миллиардтаған сома кеденде қолды бола жаздаған

Қашықтан отырып, монитордан қарағанның өзінде кеденде біраз былықтың беті ашылған. Нәтижесінде, мемлекеттік бюджетке қосымша 10 миллиард теңге мөлшерінде кеден төлемдерi мен салықтар өндіріп алынды. Бұған қоса, арамза кәсіпкерлер фуралар толы тауарды декларацияламай-ақ алып өтпек болуының 3 мыңнан аса фактісінің жолы кесілді. Осыдан-ақ кейбір ниеті қарау кеденшілердің қалтасында қаншама миллиардтардың шөгіп қалатынын аңғаруға болатындай.

Тағайындалған кедендік жете тексерулер (досмотр) саны 2 есеге қысқартылған, ал бұзушылықтарды анықтаудың нәтижелілігі 1,5 есеге өсіпті.

Кеденшілердің үстінен бақылаумен іс бітпейді. Сонымен бірге жергілікті кеденшілерге сенім аз болғандықтан, тауарларға арналған декларацияларды орталықтандырылған түрде шығару қолға алынды.

Импортталатын тауарлардың кедендік құнына бақылау жүзеге асырылуда. Әйтпесе, мысалы, Қытайдан тасылатын тауарлар қазақстандық кеденнен өтерде шектен тыс арзандап шыға келетіні байқалады.

Сондай-ақ жекелеген тасымалдаушылардың, импорттаушылардың жеңілдіктер мен преференцияларды қолдануының заңдылығы тексеріліп, қайта қаралуда.

Шекарадан өтетін тауарларды классификациялаудың дұрыстығы зерделеніп жатыр.

Ендеше Президент айтқан шаралар кешені қабылданып жатқанға ұқсайды.

"Қытай Халық Республикасымен "айналы статистикадағы" алшақтықты қысқарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соның барысында барлық тауарға ұсынылатын декларациялар қазір жөнелтуші елдің экспорттық декларацияларында көрсетілген деректермен салыстырылады. Қытаймен арада автокөлікпен тасылатын тауарлар бойынша экспорттық декларациялардың мәліметтерімен онлайн-алмасу жолға қойылды. Аталған деректер сол арқылы алынады. Тек 2021 жылдың өзінде осылайша, мемлекеттік бюджетке қосымша 8,4 миллиард теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар өндіріп алынды. 2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ҚХР-мен арадағы "айналы статистикадағы" алшақтық 40,1%-ға дейін қысқарды", – дейді вице-министр.

2020 жылы алшақтық 45,4% болатын.

Биылғы жылы қабылданатын шаралар арқасында тағы біршама азайтылмақ. Алайда мамандардың байламынша, оны нөлге теңестіру бәрібір мүмкін болмайды. Себебі Қазақстан мен ҚХР кеденшілерінің статистика жүргізу тәсілдері бірдей, ұқсас емес. Мысалы, шың елінің кеденшілері Қазақстан арқылы транзитпен шетел асатын кейбір тауарларын да Қазақстанға экспорт деп жаза салады екен.

Жаңа мекеме қандай өзгеріс әкелмек?

Жаңа меморган осы бағытта қолға алынған іс-шараларды үйлесімді, жүйелі жолға шығаруға тиіс.

Қ. Тоқаев саммиттегі сөзінде ҚХР-мен шекарада заманауи өткізу бекеттері ашылып жатқанын айтып қалды.

Қаржы министрлігінің дерегінше, Қытайдың ЭксИмБанкінің заемына қазақстандық өткізу бекеттері модернизациялаудан өткізілуде. Сондай-ақ осы қарыз ақшаға "Бас диспетчерлiк басқарманың" (БДБ) нысандары да салынады. Жүктердің рентген-түсірілімдерін талдау ісіне жасанды интеллект тетіктері енгізіледі.

БДБ сондай-ақ Қазақстанның Еуразиялық одақ елдерімен шекарасында орнатылған инспекциялық-тексеріп қарау кешендеріне де қосылады.

Мұнымен шектелмей, кедендердегі уақытша сақтау қоймаларында орнатылған барлық видеокамералар да жаңа меммекеменің қарауына көшіріледі.

"Бұдан басқа, БДБ өткізу пункттеріндегі тауарлардың, көлік құралдарының, жеке тұлғалардың шекарадан кесіп өту процесін орталықтандырылған түрде басқарады және бақылайды. Сонымен бірге БДБ ұсынылған мәліметтерді талдау және кедендік бақылаудың техникалық құралдарының бақылау нәтижелері негізінде онлайн-режимде шешім қабылдауды жүзеге асыратын болады. БДБ операторлары өз жұмысында цифрлық аналитикалық бейнекамераларға сүйенеді. Мұндай заманауи цифрлық камералармен барлық өткізу пунктерін жабдықтау ұсынылып отыр", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Ведомствоның сендіруінше, осы жаңа жобаны іске асыру аясында Қазақстанның өткізу пунктеріндегі жылдар бойы қордаланған барлық инфрақұрылымдық проблемалар шешіледі. Шекарадан кесіп өту кезіндегі бақылау жүргізудің барлық бизнес-процесі автоматтандырылады. Бұл "сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді".  

Кеден бекеттерінің өткізу мүмкіндігі 5 еседен астам ұлғайып, тәулігіне қазіргі 150-ден 800 көлікке дейін артады деп күтілуде.

Сондай-ақ автомобиль өткізу пунктерінде кедендік операцияларды жүргізу уақыты 30 минутқа дейін қысқаруға тиіс. Қазіргі кезде ол 2 сағаттан асады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу