Кедендік салық кемімек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1775

Бүгін "Еуразия апталығы" форумында экспортты арттырудың әлеуеті мен болашағы қаузалды.

Кедендік салық кемімек

Экспортты қолдау – Еуразиялық экономикалық одақ елдері басымдық беріп отырған маңызды бағыт. Экспорттық қызметті ынталандыру үшін ұлттық деңгейінде тың бастамалар жүйелі түрде қолға алынуда. Алайда әлемдік нарықтағы бәсекеден қалыс қалмас үшін мемлекеттер бір-біріне интеграциялық тұрғыдан қолдау көрсетуі қажет. ЕАЭО-ға мүше елдердің экспортты дамыту институттарының өзара ынтымақтастықты нығайтудағы көздегені де осы. Мамандардың айтуынша, халықаралық форум аясындағы кездесулер бизнес саласын алға бастыруда, шетелдік серіктестерді іздеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі Вероника Никишинаның айтуынша, экспортқа барынша көңіл бөлу бизнестің көкжиегін кеңейтеді.

"Қазір сауда саласындағы басты мақсат – отандық тауарды төрткіл дүниеге таныту һәм тарату. Бұл саудадағы негізгі басымдық экспортқа берілуі керек деген сөз. Сондықтан, экспортқа негізделген өнімдерді қолдап, олардың бәсекеге қабілеттілігін артыруымыз керек. Осы бағытқа байланысты Еуразиялық экономикалық комиссия бірнеше міндетті орындауды межелеп отыр. Атап айтқанда, ЕАЭО аумағында өндірілетін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, одақ құрамына кірмейтін елдердің нарығына енуді жеңілдету, одақ тауарларын өткізуде бірлескен саясатты жүргізіп, ортақ тәжірибе алаңын құру", – деді Вероника Никишина "Еуразиялық апталық" форумы аясында өткен пленарлық отырыста.

Вероника Никишина ЕЭАО тауарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда өндірістің тиімділігіне, қажетті шикізат және аралық тауарлардың қолжетімділігіне мән беру керектігін айтты.

"Өнім өндірушілердің шығынын және дайын өнімнің өзіндік құнын азайтуымыз керек. Одақ көлемінде технологияларды дамытуды ынтыландыруымыз қажет. Экспорт пен халықаралық кооперацияны қолдауға тиіспіз. Біздің комиссия осы бағыттарға басымдық беріп отыр. Бұл ретте, Еуразиялық экономикалық комиссия шикізат пен жабдықтарға төленетін кедендік баж салығын төмендету бойынша жұмыс істеуде. Еркін сауда туралы келісімге келудің де маңызы зор", – деді Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі.

ЕАЭО аумағында еркін сауда жүйесі құрылуда. Мәселен, өткен жылдың қазанында Вьетнам елімен еркін сауда аймағы туралы келісім жасалды. 2015-2016 жылдары дәл осындай келісімдерге қол жеткізу үшін Египет, Израиль, Үндістан және Сингапур мемлекеттерімен келіссөздер жүргізілді. Осы жылдың күзінде ЕАЭО мен Қытай халық республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық келісімін бекіту туралы кезекті келіссөздер басталмақ. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы экономикалық белдеуін түйіндестіру бойынша да тиісті жұмыстар қолға алынуда.

Отандық экспортты алға бастыру жолында жұмыс істеп келе жатқан ұйымның бірі - "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Руслан Ысқақовтың сөзінше, компанияның негізгі қызметі ірі өндіріс орындарын емес, қайта түрлі бағыттағы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.

"Жыл басыннан бері шамамен 30 шақты экспортер біздің компанияның қызметіне жүгінді. Мақсатымыз – көрсетілетін көмек көлемін одан әрі ұлғайту. Осылайша, экспортты еселеуге үлес қосу. Біз биыл азық-түлік желісін кеңейттік. Сондай-ақ Қазақстанның даму банкімен, Еуразиялық даму банкімен және басқа да қаржылық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуды бастадық. Кәсіпкерлер компанияның сақтандыруды қорғау бағытындағы қызметтерін де пайдалана алады", – деді Руслан Ысқақов "Еуразия апталығы" форумында.

Сондай-ақ Руслан Ысқақов экспортты дамытуда исламдық қаржыландыруға иек артуға болатындығын мәлімдеді. Алайда қаржыландырудың мұндай түрі Еуразиялық экономикалық одақ аумағында айтарлықтай жақсы дамымаған.

Халықаралық форумның пленарлық отырысында Қырғызстанның экономика министрінің орынбасары Эльдар Абакиров та экспортты ілгерілетуге қатысты өз ойын білдірді.

"Экспортты ЕАЭО деңгейінде дамыту одаққа мүше елдер үшін өзекті мәселе. Бірлескен шаралар көп күттірмей-ақ өз нәтижесін берері даусыз. Әр елдің озық тәжірибелерін назарға ала отырып, ортақ дүние жасайтын уақыт жетті", – дейді Эльдар Абакиров.

"Еуразия апталығы" халықаралық форумында айтылған деректерге сүйенсек, 2016 жылы ЕАЭО мүше мемлекеттердің өзге елдермен арадағы сауда айналымы 509,7 млрд АҚШ долларын құраған. Оның 308,4 млрд АҚШ доллары экспортқа тиесілі. Импорт көлемі – 201,3 млрд АҚШ доллары. 2016 жылы Қазақстан ЕАЭО құрамына енбейтін өзге елдерге 32,858 млн АҚШ доллары көлемінде тауар экспорттаған. Ал импорт көлемі 15,508 млн АҚШ долларын құрады.

Еуразиялық экономикалық одақтың басты серіктесті – Қытай халық республикасы (экспорт – 32,9 млрд доллар, импорт – 45,7 млрд доллар). Одан кейінгі орында Германия (экспорт – 22,6 млрд доллар, импорт – 22,5 млрд доллар) тұр. ЕАЭО аумағынан экспортталатын тауардың көп бөлігін - 60,6%-ын минералды өнімдер құрайды. Ал одаққа мүше елдерге импортталатын өнімнің басым бөлігі (43,3%-ы) машина және көліктік жабдықтауға тиесілі. 

Бұл күні Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен экспорттық несие агенттіктері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Фархат Әміренов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу