KEGOC былтыр қанша табыс тапты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3500

Компания 2018 жылдың қорытындысы бойынша 35,1 млрд теңге дивиденд төледі.    

KEGOC былтыр қанша табыс тапты

2018 жылы KEGOC компаниясы қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары бойынша 40,043 млрд теңге көлемінде табыс тапты. Ал 2017 жылғы көрсеткіш 32,881 млрд теңгені құраған еді. Осылайша былтыр компанияның табысы 21,8 пайызға ұлғайды.  

KEGOC компаниясының қаржы және есепке алу жөніндегі басқарушы директоры Айбек Ботабековтың хабарлауынша, компанияның негізгі қызметтен түскен табысы 15 пайызға көбейіп, 175,8 млрд теңгеге жеткен.  

"Көрсеткіштің өсіміне көрсетілетін қызметтер мен тариф көлемінің ұлғаюы оң әсер етті. Есептік кезеңде Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясын жеткізушілер санының артқаны байқалды. Тиісінше, сатып алу-сату көлемі көбейді", – деп мәлімдеді Айбек Ботабеков Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, компания 2018 жылдың екінші жартыжылдығы үшін 14,3 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеуі мүмкін. Әрбір акцияға 54,53 теңге төленбек.

"Наурыз айында өткен акционерлер жиынында директорлар кеңесінің шешімімен компанияның таза табысының 87,7 пайызын үлестіру ұсынылды", – деді Айбек Ботабеков.

Еске сала кетейік, компания 2017 жылдың екінші жартыжылдығында 6,48 млрд теңге дивиденд төлеген болатын. Осылайша биыл екінші жартылдыққа арналған дивидендтер 37 пайызға ұлғайған. Ал 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 20,938 млрд теңге дивиденд төленген еді. Сөйтіп компания 2018 жылдың қорытындысы бойынша 35,1 млрд теңге дивиденд төледі. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе жоғары.

Айбек Ботабековтің сөзінше, 3 мамырда акционерлердің жалпы жиыны өтеді. Осыдан кейін, яғни мамырдың екінші жартысынан бастап дивидендтер төлене бастайды.

Компания 2019-2023 жылдар аралығында екі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Айбек Ботабеков хабарлағандай, жобалардың жалпы құны 170,1 млрд теңгеге тең.

"Екі жобаны бекітті. Қалғаны пысықталып жатыр. Бәрі экономикалық тиімділігіне байланысты.Егер тиімді болса, жобаны жүзеге асыратын боламыз. Әзірше, екі жоба бойынша ғана шешім шықты", – деп нақтылады Айбек Ботабеков.

Белгілі болғандай, KEGOC компаниясы жалпы құны 544 млрд теңге болатын алты жобаны қарастырған.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу