Келер жылы еліміздің білім саласында ауқымды өзгерістер орын алмақ

22904

Биылғы жыл білім саласындағы біраз бастама қолға алынды. Келесі жылы одан тағы не күтуге болады?

Келер жылы еліміздің білім саласында ауқымды өзгерістер орын алмақ Фото: canva.com

Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдың басты қорытындыларын атады. Ведомствоның хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында білім беру сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары қабылданып, іске асырылды.

Ең бастысы, биыл алғаш рет 5-8 сыныптарда және 10-сыныпта барлық оқушылар мемлекеттік тілден сынақ тапсыра бастады. Осы мақсатта қазақ тілді мектептерде – "Қазақ тілінен", ал өзге тілдерде оқытатын сыныптарда – "Қазақ тілі және әдебиеті" пәнінен емтихан енгізілді.  

Мемлекеттік білім беру стандарттарына өзгерістер енгізілді. Соның арқасында 2 сыныптан шет тілі алып тасталды. Мектеп қабырғасын аттаған балаларға алдымен тек өз ана тілінде білімнен сусындауға мүмкіндік берілді. "Көркем еңбек" пәні "Еңбекке баулу" және "Кескіндеме өнері" пәндеріне ажыратылды. 10 және 11 сыныптарда ағылшын тілін оқытуға 1 сағат қосылды.  

Бұдан бөлек, қала мен ауыл арасында білім деңгейінде алшақтық бары жасырын емес, бұл олқылықты жою үшін ауыл мектептерін дамыту бастамасы қолға алынды. Оның аясында біріншіден, "Ауыл мектебі" ауылдық мектептерді дамыту тұжырымдамасы әзірленді.

Екіншіден, тек ауыл мектептерінің оқушыларына ғана арналған, жалпы білім беретін пәндер бойынша тұңғыш Республикалық олимпиада бастау алды. Оған биыл 78 мыңнан астам ауылдық шәкірт қатысты.

Үшіншіден, "Цифрлық технологияларды пайдалану арқылы Ақтөбе облысының шағын жасақталған ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту" жобасы іске асырылуда.

Қазақстандық шәкірттер биыл 23 халықаралық олимпиадаға қатысып, қоржынға 248 медаль салды. Оның ішінде 26-сы – алтын, 75-і  – күміс, 147-сі – қола.

Соның ішінде ең беделді саналатын халықаралық олимпиадаларда жүзден жүйрік, мыңнан озық келген 23 жеңімпаз бен 7 жүлдегер балаға, сондай-ақ оларды даярлаған, жетекшілік еткен 20 педагогке бір жолғы ақшалай сыйақы төленді.

Пәндер бойынша беделді халықаралық олимпиадада алдына қара салмаған жеңімпаз балаға Қазақстан – 1 500 АЕК (2023 жылы – 5 175 000 теңге, 2024 жылы – 5 538 000 теңге), күміс медаль алғанға – 1 000 АЕК (2023 жылы – 3 450 000 теңге, 2024 жылы – 3 692 000 теңге), қола медаль иегеріне – 500 АЕК (биыл – 1 725 000 теңге, келесі жылы – 1 846 000 теңге береді. Оларды жарысқа даярлаған педагогтер де осынша көлемде сыйақы алады.

Бұған қоса, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне автоматты түрде отандық университеттерге түсуге мемлекеттік білім гранты ұсынылады. Оны пайдаланамын немесе шетелдік оқу орнына кетем десе де, оның өз еркі.

Қазақстандық білім беру саласындағы жетістіктерге тоқталсақ, биыл беделді PISA рейтингісінде республика математика және жаратылыстану бойынша 50 елдің қатарына енді.

Отандық колледж студенттері тарихта алғаш рет 2 медаль және 4 "Үздік медальонды" жеңіп алды.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік тапсырыс 133 мың орынға дейін рекордтық көлемде көбейтілді. Колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға көтерілді. Колледж студенттеріне арналған 13 жаңа жатақхана ашылды. 20 бірлік "Бизнес-стартап" студенттік орталықтары құрылды. 2000-ға жуық сoworking орталықтары ашылды.

"Ұлы дала ағартушылары" электрондық кітапханасы құрылды. Мектеп кітапханалары 1,3 миллион дана кітаппен толықты. Оқырмандар саны 3,2 миллионға дейін өсті. Оқушылар үшін көркем әдебиеттің интерактивті каталогы әзірленді.

Жалпы алғанда, 2023-2024 оқу жылында 7 833 мектепте 3,8 миллионнан астам оқушы білім алуда.

Биылғы жылы 109 жаңа мектеп ел игілігіне тапсырылды, оларда 95 мыңнан астам шәкірт оқи алады. Шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жалпы саны 1 007 мектеп жаңғыртылды. Нәтижесінде, 360 мыңнан астам оқушының білім алу жағдайлары жақсартылды.

750 мектепте 1 076 заманауи мектеп кабинеттері ашылды. Арасында 272 – химия, 279 – физика, 249 – биология, 100 – робототехника, 176 – STEM кабинеттері бар.

Саладағы жаңғырулар келесі жылы жалғасын таппақ. Жаңа реформалар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді. Оны Мәжіліс қабылдады. Алда Сенаттың мақұлдауы және Президенттің қол қоюы ғана қалды.

Сонымен, оған сәйкес, қандай өзгерістер енгізілмек?

Біріншіден, жақын маңда, яғни жаяу жетуге болатын жерде мектеп не балабақша болмаса, тұрғын үй салуға тыйым салынбақ. Өйткені әлеуметтік нысандармен, мектептермен, балабақшалармен қамтылмай тұрып, қала шетінде көп қабатты үйлерді, тіпті тұтас тұрғын алабын салу проблемасы туындады. Бұл проблема әсіресе  мегаполистерде ушығып  тұр. Осының кесірінен ол тұрғын алаптардың ауыртпалығы басқа мектептерге түсіп, олар үш ауысымға көшеді. Балалардың денсаулығына қауіп төнеді, олар жаңбыр астында, тұманда, қыстың қақаған аязы мен ақырған боранында жол жиегіне шығып, қалаға баратын көліктерді аулауға, асыққан автобусты күтуге мәжбүр.

Кейбір халқы тығыз орналасқан шағынаудандарда керісінше, барлық бос телімдерді құрылыс компаниялары алып қойғандықтан, мектеп салуға жақын жерде бос жер де болмайды. Осыған орай заң жобасына жаңа талап енгізілді:  ол күшіне енген соң, әкімдер, құзырлы органдар мектепті, балабақшаны, аурухананы салмайынша көп қабатты  тұрғын үйлерді тұрғызуға жер мен жол бермеуге тиіс.

Екіншіден, қосымша білім беру ұйымдарына тентек балаларға басымдық беріледі, солар бірінші кезекте алынбақ.

Депутаттардың түсіндіруінше, бұзақы, буллингке бой ұрып, өзге құрбы-құрдастарына күн бермейтін оқушылар полицияда девиантты мінез-құлық бойынша тіркеуде тұрады. Бірақ есепке тұрғызу оларды тоқтата алмайды, сотқарлығын тек өрістетеді. Сондықтан бейбастақ бала ақыр соңында озбыр, содыр адамға, қылмыскерге айналып кетпеу үшін оларды қолдау және оңалту бойынша арнайы нормалар қарастырылуда.

Ол шаралар тіркеуге алынған бұзық балалардың бос уақытын барынша азайтып, жақсы істермен алаңдатуға бағытталған. Сондықтан енді девиантты оқушылар  проактивті  форматта, яғни олардың ата-анасынан әлдеқайда баруды, тіпті электронды өтініш беруді талап етпей-ақ, түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтылатын болады.

Үшіншіден, заң күшіне енген соң, өзінде қандай жаңа штат ашатынын мектеп директорының өзі шешетін болады. Қалалық, аудандық білім басқармасына жалтақтамайды, өзі би, өзі қожа болады.

Қолданыстағы тәжірибе бойынша, білім басқармалары мектептер үшін типтік штаттар бекітеді. Яғни, сыныптардың санына байланысты әр мекемеде қанша орынбасар, қанша есепші, ұстаз, жүргізуші болуы керектігін сол типтік штат анықтайды. Бірақ ол мектеп басшысында осы штаттарды тиімді пайдалану үшін қажеттілігі жоқ лауазымды керегіне алмастыруда дербестік, мүмкіндік берілмеген.

Сондықтан заң жобасында "бекітілген штат санының аясында штат кестесінің лауазымдарын ауыстыру құқығы" беріліп отыр. Ол қалай жұмыс істейді? Мысалы, типтік штатқа байланысты Қазақстанда директордың 7-8 орынбасары бар ірі мектептер кездеседі. Алайда басшыға 4-5 орынбасар да жеткілікті болуы мүмкін. Онда қалған үш орынбасардың  орнына қосымша педагог-психологты, әлеуметтік педагогты немесе "профбағдарлаушыны" алуына болады. 

Төртіншіден, колледждер мен мектептерге ақылы қызмет көрсетуден түскен табыстарын өз ұйымын дамыту үшін жұмсау құқығы берілгелі тұр. Мысалы, олар бос ғимаратын, акт залын, асханасын, басқа мүлкін жалға бере алады, репетиторлық қызмет көрсетіп, ақылы секция, үйірмелер ашады. Тапқан табысын енді бюджетке алып қоймай, оның өзінде қалдыру жоспарлануда.

Яғни, ол кірісін материалдық-техникалық базасын дамытуға, сыйақы ретінде таратуға рұқсат етілмек. Сонда бұл оларды ақылы қызмет көрсетіп, табыс табуға ынталандырады. Мұның арты неге соқтыратынын уақыт көрсетеді. Мысалы, тоқсаныншы жылдары ауыл-аймақта мектеп ғимараттарында той өткізілгені есте.

Бесіншіден, мемлекеттік меншіктегі мектеп пен колледждерді жекеменшікке беруге заң жүзінде тыйым салынбақ. Ұқсас үлгі Қазақстанның өзінде бар. Бұдан біраз бұрын мемлекеттік жоғары оқу орындарын жекеменшікке бермеу туралы норма заң жүзінде бекітілді. 2024 жылы мектептердің, қосымша білім беру мекемелерінің, колледждердің жекеменшікке кетіп қалуына тосқауыл қойылады деп күтілуде.

Білім саласын алда басқа да көптеген өзгерістер күтіп тұр. Оған қазақстандықтар келесі жылы куә болып қалар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу