Келер жылы қажылық компанияларына квота беру тәртібі өзгереді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1739

Квота компанияның қызмет көрсету сапасына байланысты үлестірілетін болады.

Келер жылы қажылық компанияларына квота беру тәртібі өзгереді

Бұл туралы Қазақстан қажылық миссиясының арнайы құрылған жұмыс тобы мәлімдеді.

Қазақстан қажылық миссиясы Мекке қаласындағы қонақ үйлерге тексеріс жүргізді. Жұмыс тобы алдымен "Яссауи" және "Атлас туризм" компаниялары алып келген қажылардың жағдайымен танысты.

Компанияларға қойылған басты талап – парызын өтеуге келгендерге қолайлы жағдай жасау. Яғни елде берген уәдесіне сай сапалы қызмет көрсету. Осылайша, жұмыс тобы бағдарлама бойынша көрсетілген қызмет түрлерін жеке-жеке бақылауға алды.

Нақты қойылған талаптың тағы бірі – қажылар тоқтаған қонақ үйлерде елдігімізді білдіретін нышандардың, яғни рәміздердің болуы. Сондай-ақ қажыларға бағыт-бағдар беруші анықтамалықтардың бар-жоғы да есепке алынды. Бұған қоса фирма ұсынған бағдарлама, намаз кестесі, тамақтанатын уақыттардың көрсетілуі, ас мәзірі, апталық бағдарламаның бар-жоғы, тағам сапасы мен олар орналасқан бөлмелердің бағаға сай болуы да назардан тыс қалмады.

Айта кетерлігі, жұмыс тобы бөлмелердегі дәретханадан бастап, қажылардың орналасу жағдайы мен гигиеналық заттармен қамтылу барысын жіті тексерген.

"Әр фирмада дәрігердің, сапалы қызмет көрсететін гидтің (жолсерік) болуы маңызды. Яғни гид мамандарының діни білімінің миссия көрсеткен критерийге сай болуы ерекше бақылауымызда болады. Тағы бір маңызды тұсы қасиетті мекенге келушілерге берілетін заттар яки қолсөмке, уағыз кітапшалары, киімнің біркелкілігі және ҚМДБ бекіткен уағызшылардың жұмысы да жіті тексеріледі", – деді миссия төрағасы Алау Әділбаев. 

Тексеріс жүргізе келе миссияның жұмыс тобы әр компанияның сервистік қызметін бақылап, 2020 жылы берілетін квота саны да сапаға байланысты болатынын жеткізді. Бұл алдымен фирмалардың қажылар алдындағы жауапкершілігін арттыра түспек.

Арнайы құрылған жұмыс тобы қажылардың денсаулығын үнемі бақылауға алынуын қатаң тапсырды. Мұндай тексеру жұмыстары өзге де компанияларда жалғасын табады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу