Келер жылы мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қолданысқа енеді

3773

Қаржы министрлігі жаңартылған ойын ережесі биылғы жылдың соңына дейін қабылданады деп сендіріп отыр.

Келер жылы мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қолданысқа енеді

Мемлекеттік сатып алулар туралы заңға түзету енгізу жобасы тап қазіргі уақытта парламентте қаралып жатыр. Президент аталған заң жобасын биылғы жылдан қалдырмай қабылдауға тапсырма берген. Қазан айының басында алғашқы тыңдалым болды, қаржы министрлігі заң жаңа жылға дейін қабылданады деп күтіп отыр. Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алулар заңнамасы департаменті директоры Сәбит Ахметов abctv.kz өзгеріске ұшыраған негізгі ережелер жайлы айтып берді.

Бір көзден сатып алуға "жол жоқ"
Жалпы депутаттық корпустан шамамен 300 түзету түскен, оның жартысы жұмыс тобының отырысы нәтижесінде алынып тасталды, ал жартысы заң жобасының бірлескен редакциясында пысықталып жатыр.

Сатып алулардағы басты өзгерістердің бірі – бір көзден сатып алу тәсіліне қатысты болып отыр. Еске салар болсақ, 2017 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемінің 77%-ы, яғни 3,2 трлн теңгесі бір көзден сатып алу арқылы орындалған. Қазіргі қолданыстағы заңжобасында тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып алу тек төрт жағдайда ғана мүмкін екені айтылған.

Біріншісі – өтінім болмаған жағдайда, екіншісі – екі өтінімнен кем өтінім берілгенде, яғни бір өтінім берілгенде. Үшінші жағдай барлығы қабылданбаған кезде, яғни бірде-бір ықтимал жеткізуші жіберілмеген жағдайда орын алады. Төртіншісі, тек жалғыз ықтимал жеткізуші жіберілген кезде іске асады. Жаңа заңжобасында соңғы екі ереже алынып тасаталады. Сәбит Ахметов атап кеткендей, үкімет бұл түзетулерге қарсы емес.

"Мұндай жағдайда мемлекеттік органдар қайта сатып алуға кіруге міндетті болады. Бірақ егер жағдай сол бір негіз бойынша қайталанатын болса, онда бір көзден сатып алуға рұқсат беріледі. Осы жаңа заңжобасы арқылы бір көзден сатып алудың үлесін айтарлықтай қысқартуды жоспарлап отырмыз", – деп атап кетті департамент басшысы.

Қаржылық ауқаттылық
Электронды форматқа көшкеннен кейін сатып алуларға қатысушылардың саны күрт өскен. Орташа есеппен конкурсқа қатысу үшін шамамен 30-40 өтінім, ал халықаралық нормада болса алты-сегіз өтінім түседі.

"Шартты түрде айтатын болсақ, еліміздің оңтүстік өңіріндегі кәсіпкер Петропавлда қар тазалауға жарияланған конкурсқа қатысуға құқы бар. Бұл жұмысты орындау үшін ол техникасын СҚО-ға жеткізуге, өндірістік базасы мен жұмыскерлері болуға тиіс. Әдетте мұндай конкурстардың жеңімпаздары делдал болып, сол Петропавлдағы еңбек ресурстарын пайдаланып жұмысты атқарады", – деп атап кетті Сәбит Ахметов.

Жаңа заңға ірі сатып алуларды өткізу барысында қаржылық ауқаттылық, яғни айналым қаражатының болуына негізделген, төленген және есептелген салықтар, негізгі және еңбекті төлеу қорының қаражаты сияқты критерийлер енгізіледі. Бұл ретте салық органдарының соңғы үш жылдағы ақпараты сарапталатын болады. Бұл жалпы динамиканы көруге және кәсіпорынның қаржылық орнықтылығының қаншалықты екенін түсінуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2 млрд теңге сомасындағы лотта айналым қаражаты кем дегенде 500 млн теңге болу керек.

"Тап қазіргі уақытта мұндай шектеулердің жоқтығынан, ірі сатып алуларға күні кеше ғана ашылған ЖК қатысып келген", – деп отыр қаржы министрлігінің өкілі.

Арызданушыларды аямайды
Депутаттар Украина мен Грузиядағы сияқты халықаралық тәжірибенің негізіне сүйене отырып, шағымдарды қарауды ақылы етуді ұсынып отыр. Алайда аталған норма үкіметтің мақұлдауында қолдау таппады. Қолданыстағы заңда конкурс құжаттарының міндетті шарты – оны алдын ала талқылау. Қалыптасқан тәжірибе бойынша конкурсқа қатысушылар құжатты дайындау барысында заң бұзушылықтардың бар екенін көреді, бірақ сатып алулардың бастамашысына бұл туралы хабарламайды.

Конкурсты өткізу барысында компаниялар бағасы бойынша өтпей қалады да, не өзіне не басқаға болдырмас үшін арыз жаза бастайды. Жаңа заң жобасында конкурс құжаттамасын талқылауға қатыспаған жеткізушілердің конкурс құжаттары талабына қатысты шағымдары қаралмайтыны көрсетілген. Сонымен қатар үшінші тұлғалардың арызын қарау кезінде, қолданыстағы заңнамадағыдай емес, сатып алу процесі тоқтатылмайды. Өтінімдерді қамтамасыз ету сомасын енгізбеген конкурсқа қатысушыларға өзара қарауға тыйым салынады.

"Конкурсқа қатысу ойы жоқ кәсіби арызданушылар бәсекелестердің құжаттарын сараптап, осының негізінде арыз жазу үшін өтінімді өзара қарауға береді ", – деді Ахметов.

 Квазисектор сатып алуларды қаржы министрлігімен келісетін болады

Қазіргі уақытта сатып алуларды жүзеге асыратын квазисектор компанияларының үш түрі бар. Біріншісі – әкімдік және орталық мемлекеттік органдар жанындағы АҚ және ЖШС-ы. Сәйкесінше, олар сатып алулар туралы заң арқылы реттеледі. Екінші санатқа "Самұрық-Қазына" қоры мен оған кіретін 250-ге жуық ұлттық компания жатады. Үшінші түрі – бұл ҰӘҚ тобына кірмейтін ұлттық компаниялар. Екінші және үшінші санат бойынша ереже компаниялардың директорлар кеңесімен бекітіледі. Бірақ бұған қаржы министрлігінің мақұлдауы қажет.

"Осылайша аталған мақұлдау бізге барлық квазисектордың сатып алулар талабын үйлестіруге мүмкіндік береді. Жалпы жаңа заңжобасын қабылдауда ең басты көрсеткіш – бағаның арақатынасы және жұмыс сапасы, сатып алуларды өткізуде жемқорлық тәуекелін азайту", –деп қорытындылады Сәбит Ахметов.

Естеріңізде болса, қазір заңжобасының тұжырымдамасы дайын, онда жемқорлық субъектілерінің құрамын кеңейту және оған квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларын, яғни тек бірінші басшаларды ғана емес, сондай-ақ сатып алуларды өткізу барысында, бюджеттік қаражатты бөлуде шешім қабылдауға ықпал ете алатын басқа да адамдарды қосу ұсынылып отыр.

Қосымша келісімдердің артуын түсіндірген Сәбит Ахметов қосымша келісімдер жасау үшін тоғыз негіз бар екенін атап кетті. Бұл ретте оның барлығы бірдей соманың артуымен байланысты емес. Соманы азайтуға, мерзімдерді өсіруге, сипаттаманы өзгертуге қатысты негіздеме бар. Еске салсақ, депутаттар тоғыз мың сатып алу бойынша соманы өсіруге қосымша келісімдер жасалғанын атап кеткен болатын.

"Егер барлық сатып алулар үш миллионға жуық лоттардан тұратынын ескеретін болсақ, онда тоғыз мың бұл үлкен сан емес. Егер тұтыну мен көлем азаятын болса, онда сәйкесінше сома да азаюға тиіс. Бірақ егер кімде-кім көлемді азайтуға қосымша келісім жасайтын болса, онда конкурс сомасы өзгеріссіз қалады, ал бұл заң бұзушылық", – деп қорытындылады ведомство басшысы.

Майра Медеубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу