Келешекте кез келген қалаға бару үшін ақы төлейсіз

156

Алдағы 10-15 жылдың шамасында кең байтақ қазақ даласының өңірлерін жалғап тұрған жолдармен тек ақша төлеп жүруге мәжбүр болуымыз мүмкін.

Келешекте кез келген қалаға бару үшін ақы төлейсіз Фото: ЖИ

Қазірдің өзінде Қазақстанда жалпы ұзындығы 4 900 шақырымға жуық 26 ақылы жол бар. Олардың 12-сі І техникалық санатта болса, қалғаны ІІ және ІІІ санатта. Былтыр бұл трассалармен 74 млн рет көлік қатынапты.

Әр санаттағы жол трафигі де әртүрлі. Әйтсе де бір назар салар дүние – ақылы жолдардан түскен пайда жыл сайын еселеніп отыр. Мәселен, 2024 жылы 48 млрд теңге шамасында қаржы келсе, былтыр бұл мөлшер 87 млрд теңгеге бір-ақ жетті. Алдағы уақытта да ақылы жолдардың үлесі көбейе берерін ескерсек, табыс осы қарқынмен арта беретінге ұқсайды.

Осы тұста өткенге көз жүгіртіп көрсек. Елдегі ең алғашқы ақылы жол ретінде 2013 жылы "Астана-Щучинск" бағыты атанған еді. Арада 6 жыл өткенде "Астана-Теміртау", "Алматы-Қорғас", "Алматы-Қонаев" жолдарына ақы төлене бастады. 2021 жылдың қарашасынан бастап ақылы негізде "Астана-Павлодар", "Тараз-Қайнар", "Шымкент-Қызылорда", "Шымкент-Тараз", "Шымкент-Өзбекстан" шекарасы, "Қонаев-Талдықорған", сондай-ақ, "Щучинск-Көкшетау" бағытындағы жолдар іске қосылды. Ал 2023 жылдың соңына қарай "Павлодар-Қалбатау", "Бейнеу-Ақжігіт", "Орал-Самара", "Павлодар-Омск", "Көкшетау-Петропавл", "Орал-Саратов" автожолдарының тағы 6 учаскесі ақылы режимге өтті.

Ақылы жолдардың әрбір шақырымы үшін алдын ала және кейінгі төлем мөлшері бекітілген. Жеңіл көліктер үшін – 2-2,7 теңге. Автобустарға орын саны, ал жүк көліктеріне салмағы бойынша 8-9,7 теңгеден бастап, 41-48 теңгеге дейін жетеді. Тарифтер аса өзгермеуге тиіс, өйткені бұған дейін Көлік министрлігі бұл тақырып қозғалып жатпағанын жария еткен.

Сонымен, әр жыл сайын миллиардтаған түсім болып тұрған жерде сұрақ туындайтыны анық: қаржының бәрі қайда жұмсалып жатыр? Жалпы, біздегі республикалық маңыздағы автожолдар ақылы болғаннан бастап олардың шығыны мемлекеттік бюджеттен өтелмейді. Жоба басталғалы ақылы учаскелер өзін-өзі қаржыландыруға көшкен.

Көлік министрлігі жиналған қаржы ақылы жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге жұмсалатынын алға тартады. Оның үстіне қардан тазалау, тайғаққа қарсы шаралар, қар тоқтататын қоршау, жол белгілерін жаңарту, жолақтар, қоқыс жинау секілді жұмыстар бар екен. Бұған қажет техникалар да табыс есебінен сатып алынады. Бірақ осы істердің бәрі жақсы деңгейде атқарылып жатыр деуге тағы келмейді. Себебі жолаушылардың жол сапасына шағымына байланысты шағымы әлі де барын білеміз.

– Жергілікті "ҚазАвтоЖол" мекемесі өзіне тиесілі жұмысты атқарып отырса, көлік жүргізушілері еш дау айтпайды. Тек халықтан түскен түсімнің мақсатты жұмсалғаны керек. Өзім көп қатынайтын "Қызылорда-Шымкент" бағытында бұл жұмыс жақсы жолға қойылған. Ойылған-бұзылған жолды тез арада тегістеп, қалпына келтіріп отыр. Бірақ осыны қайта қалпына келтіру үшін тендер жариялап, құжатын рәсімдеп, құрылысты жүргізетін компания белгілі болам дегенше, уақыт шығындалады. Сондықтан ақылы жол күтіміне жауаптылар бір жерден бекітілгені дұрыс, – дейді көлік жүргізушісі Б.Есжанов.

Жалпы, 2029 жылға дейін реконструкциялау жұмыстары жүріп, оның аяқталуына қарай ақылы жолдар 11 мың шақырымға жеткізілмек. Бірақ бұл да оңай емес. Кейінгі уақыттағы жол инфрақұрылымына қатысты сынның көп екенін ескерсек, халық қалтасын қағатын сапасыз жол саны бірден кемуі неғайбыл.

– Ақылы жолға ақша төлейсің, бірақ онда сервистік қызмет көрсету сапасы қалай? Көлік бұзылса немесе жанармай бітсе, бәлкім, басқаша жағдай болса, тұрақтайтын орын саны жеткілікті ме? Екіншіден, ақылы жол бойындағы орташа жылдамдық көрсеткіші деген де бар. Тегіс жолда көп жүргізуші осыдан қателесіп жатады. Жетер жеріне жедел жетіп, уақыт ұтқысы келетін жүргізуші жолға ақы төлеуден бөлек, айыппұл арқалауы да мүмкін. Мемлекет дәл осы жүйені табыс көзіне айналдырып алғандай. Көп адам осыған шағым айтады. Өйткені 4 сағатта жететін межеге орташа жылдамдық сағатына 110 шақырым қойса, 6-7 сағатта көзіне ұйқы тығылып, шаршап барады. Апатты болдырмаудың себебі деп түсіндіруі мүмкін, керісінше, жолда көзі ілініп, жол шетіне шығып кеткендер де бар, – дейді сарапшы-экономист Мырзахмет Өксікбаев.

Маманның сөзінше, жол мәселесінде дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенген абзал. Кәрі құрлық аймағында бұл мәселе толық жүйеге түскен. Мысалы, Германияда ақылы жолдар жоқ. Жолдарды жөндеуге автобандар бойындағы сервистік нысандардан түскен салықтарды пайдаланады. Ал сервистік орталықтар араға белгілі бір шақырым салып, реттілікпен орналасқан. Яғни, жолаушы еш алаңсыз сапарлайды.

Ал біздегі жағдай қалай? 2025 жылғы есеп бойынша, Қазақстандағы ақылы учаскелердің бойында 326 сервис нысаны бар. Оның 78 пайызы ұлттық стандарт талабына сай делінген.

Не де болса ақылы жолдардың үлесі көбейері берері даусыз. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-тың 2023-2032 жылдарға арналған даму жоспары аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын ақылы жүйеге кезең-­кезеңімен көшіре бермек. Әйтеуір жолаушы ақысын берген жолдан таршылық көрмей, діттеген жеріне еркін жетсе болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу