Келіссөз жүргізілген емес

1582

ҚР СІМ әскерилерді Сирияға жіберу туралы мәселеге қатысты мәлімдеме жасады.

Келіссөз жүргізілген емес

"Қазақстан өз әскери қызметкерлерін Сирияға жіберу мәселесі бойынша ешкіммен келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Сириядағы қақтығысты бәсеңдетудің төрт аймағының қауіпсіздігі мен тиімділігі қандай жолмен қамтамасыз етілетіні туралы мәселе Астана процесіне кепілгер елдерінің құзырында. Олар осы және басқа да мәселелерді Қазақстан елордасында 4-5 шілдеде өтетін кезекті кездесу барысында талқылайтын болады", – деп мәлім етті Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Мүдделі тараптардың кездесуі үшін Қазақстанның Астанада алаң ұсынуы еліміздің Сирия дағдарысын реттеудегі нақты үлесі болып табылатыны баса айтылды ҚР СІМ-де.

"Кез-келген жағдайда әлемнің қайсыбір қақтығыс ошағына өз бітімгерлерімізді жіберу мүмкіндігін қарастырудың маңызды шарты – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарының және осы ұйымның тиісті мандатының болуы", – деді мекемедегілер.

Еске сала кетсек, 22 маусымда ресейлік БАҚ-тарда Ресей Қазақстан мен Қырғызстанның әскерін Сирияға жіберу жөнінде келіссөз өткізгендігі туралы ақпарат жарияланған болатын.   

РИА Новости мәлім еткендей, РФ қорғаныс жөніндегі мемлекеттік дума комитетінің төрағасы, әуе-десанттық әскердің бұрынғы көшбасшысы Владимир Шаманов Ресей билігі бұл мәселе бойынша Астана және Бішкекпен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.

"Қазір келіссөздер жүріп жатыр, Ресейдің әскери полиция өкілдері Сирияда тәртіп орнату жөніндегі міндетті шешуге қатыстырылуы талқылануда, сондай-ақ қазақстандық және қырғызстандық әріптестеріне ұсыныс жасау мәселесі қаралуда. Ниет бар және келіссөз процесі басталды, шешім әлі қабылданған жоқ", – деп мәлімдеді Владимир Шаманов.

Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу