"Кепілдік жоқ, үміт бар": Биыл қақаған суықта қалу қаупі қай қалаларға төніп тұр

1392

Былтыр Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығында апат болып, қарашаның қақаған суығында мыңдаған тұрғын жылусыз қалғаны есте болар!?

"Кепілдік жоқ, үміт бар": Биыл қақаған суықта қалу қаупі қай қалаларға төніп тұр Фото: inbusiness.kz

Айдың-күннің аманында бұрқ ете түскен мұндай апат тыныш отырған үкіметтегілердің орындығын шайқап, облыс әкімі Әбілқайыр Ысқақовты орынтағынан аударып түскен. Вице-премьер Роман Склярдың кейін "27 қарашада бір мезетте 43 құбыр жарылды, мұндай апат бірінші рет болды" деп жағасын ұстайтыны – осы кез. Мұндай ірі болмаса да төтенше жағдайлар кейін Риддер, Рудный, Алматы, Семей, Павлодар, Ақтөбе қалаларында да тіркеліп, шенеуніктер басын қасысқан.

Дәл осындай жайттар биыл да қайталанбай ма? Қара суықта қалтырағаны есте қалған халықты қазір алаңдататын ең басты мәселе – осы.

Бәле бір айналдырса шыр айналдырады

Былтыр қарашада Екібастұздағы апаттың салдарын жойып бітпей жатып, Семейдегі жылу электр орталығында өрт болып, коммуналдық қызметкерлер пәтерлерге берілетін жылудың мөлшерін азайтуына тура келді. Ахуалды ауа райының күрт суытуы ушықтырып жіберді. Мамандар сол тұста апатқа жылу желілерінің әбден ескіруі себеп болғанын айтса, тұрғындар мәселе бір күнде ғана емес, жылдар бойына жалғасқанын айтып шағымданды.

Дәл сол мезетте Рудныйда құбыр жарылып, 33 көпқабатты үй, бірнеше жер үй мен бір мектеп жылусыз қалған. Ақтөбе, Алматы қалаларында да ірілі-ұсақты факттер болды. Осы мәселелердің бәрі айналып келгенде елдегі бүкіл жылыту жүйесін жаңғыртудан өткізбей, апаттардан көз ашпайтынын үкімет мүшелері де түсінген болуы керек. Қыстан шыққаннан кейін үкімет басшысы Әлихан Смайылов кабмин мүшелерін жинап алып, мамырда қатаң ескерту жасады.

"Президент пен халық тарапынан әрдайым әділетті сын естіп келе жатырмыз. Көрсетілген қызметтің сапасына көптің көңілі толмайтыны рас. Өткен қыстың апатты жағдайларын енді болдырмау керек. Енді кемшілік жібергендерден қатаң сұраймыз", - деді Смайылов қабағын түйіп.

Смайылов қатаң ескертсе де...

Үкімет пен жылу беретін компаниялар осылайша, "саланы жаңғыртайық" деп шешті. Қаржы үш жақтан бөлінді – республикалық бюджеттен, үкімет резервінен және жылу беретін компаниялардың өзінен. Бір қарағанда, осыншама талпыныс пен қаражат мәселені біржақты реттеуі керек еді. Бірақ...

Өңірлерде құбырлардың дайындығы бойынша үлкен мәселелер бар. Мәселен, үкімет отырысында осы аптада баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 1 қыркүйектің өзінде елдегі бүкіл мектептер жылыту маусымына толық дайын болуы керек болған. Алайда әкімдіктер білім беру нысандарының дайындығы 99,6 пайыз дайын деп есеп берсе де, бүгінгі таңда 8 өңірде 42 мектепте жұмыс аяқталмаған. Соның ішінде 24 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, қалған нысандардың тіпті жылу жүйесіндегі жұмыстары соңына жетпеген. 42 мектеп – Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Абай облыстары мен Астана қаласындағы нысандар.

Ал денсаулық сақтау саласында жылыту маусымына әлі де 62 нысан дайын емес. Олардың ең көбі Абай облысында (28) шоғырланған. Сондай-ақ Ақтөбе облысында 12, Атырау облысында 6, Қызылорда мен Қарағанды облысында бес-бестен денсаулық сақтау нысаны дайын болмай шыққан.

Министр Шарлапаев одан бөлек елде 3 мыңға жуық үй жылыту маусымына дайын емес екенін мәлімдеді. Оның ең көбі Маңғыстау облысы, Шымкент және Алматы қалаларындағы үйлер.

Энергетика министрлігі: Жағдай мәз емес

Энергетика министрлігінің шенеуніктері журналистердің алдына шыққанда "бәрі жақсы" деп жұртты сендіргісі келгенімен, жағдайдың мәз емес екенін үкімет басшысына берген есептерінен аңғаруға болады. Ол үшін Энергетика министрлігінің жылу беретін кәсіпорындардың алдағы күз пен қысқа дайындығы турасында есебіне үңіліп көрелік. Ведомство жалпы жылыту маусымының басталуы үшін жабдықтың қажетті құрамы бар деп есеп береді. Жүйелі оператор бекіткен электр станцияларын жөндеу кестесіне сәйкес, 2023 жылы 10 энергоблок, 49 қазандық пен 54 турбинаның күрделі жөнделуі жоспарланған. Соның 5 энергия блогында, 23 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары әр түрлі кезеңде әлі де жүргізіліп жатыр. 4 энергоблокта, 17 қазандықта және 13 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған.

Қазір Риддер ЖЭО-да мердігер ұйымдар барлық 6 қазандық бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтың сөзінше, Риддер бойынша қаражат тым кеш бөлінген. Жуырда екі қазандық пайдалануға беріледі. Алайда қыста уайымсыз өткізу үшін бұл жеткіліксіз. Аталған қалада күрделі жөндеу жұмыстары үшін 6 қазандықты күрделі жөндеуге Үкімет резервінен 7,2 млрд теңге бөлінген.

didar-gazeti.kz

Екібастұз ЖЭО-ның сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Қазір 7 қазандықта жұмыс жүргізіліп жатыр. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінген. Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар Орталық Азия Электр Энергетикалық корпорациясы есебінен жөнделеді.

aqorda

Теміртаудағы "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-тың ЖЭО-2-сін дайындау жұмысы ерекше бақылауға алынған. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өткен аптада жөндеу жұмысымен танысып, тиісті өзгерістер енгізген. №4 қазандықты жөндеуді аяқтау мерзімі қазан айының соңына дейін ұзартылатыны анықталды. №7 жаңа қазандықты салу келесі жазға дейін созылады.

gov.kz

Энергетика министрлігі Ұлытау облысындағы Жезқазған ЖЭО-да №4 қазандықты жөндеуді жеделдету, сондай-ақ энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ету қажет деп есептейді.  Ондағы №8 қазандықты қайта жаңартуды аяқтау мерзімін 2024 жылдың сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданған. Тиісті тапсырмалар Қазақмыс энерджи басшылығына берілген.

mysty-onir.kz

Маңғыстаудағы "МАЭК" ЖШС-ның жылу электр станциясында №3 энергоблокты жоспарланған күрделі жөндеу 2024 жылға ауыстырылған. №3 энергоблоктың орнына №2 энергоблок генераторының роторына апатты жөндеу биыл қараша айына дейін жүргізіледі. Кезінде жұмыстар уақтылы бітпегендіктен, №3 энергоблоктың жөндеу жұмысы 2024 жылға шегерілген. Бюджет, резервтен бөлінген қаражаттың толық игерілмеу қаупі бар. "Облыс әкімдігіне "МАЭК" ЖШС-дағы жөндеу науқанының аяқталуын бақылауға алу қажет" деп есептейді министрлік.  

azh.kz

Ал Абай облысында жағдай мүшкіл. "Теплокоммунэнерго" МКК 1-ЖЭО-да №5 қазандыққа кеңейтілген-ағымдағы жөндеу жұмысы артта қалған. Сондай-ақ, Ғаббасов қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу де ілгері баспаған.

wikimapia.org

Қостанай облысындағы "Арқалық ОЭК" МКК ЖЭО бойынша мазутта жұмыс істейтін бу және су жылыту қазандықтары химиялық су дайындау жүйесін реконструкциялау аяқталған жағдайда жылу жүктемесін көтеруге дайын. Жаңа ЖЭО бойынша іске қосу жөндеу жұмыстарын жүргізуді жеделдету қажет. Оның жыры осымен екінші жылға созылып бара жатыр.  

"Ешқандай кепілдік бере алмаймыз"

Биыл қыста қай өңірдің немесе қаланың халқына қиындық туындауы мүмкін? Қандай қалаларда апат болуы ықтимал? Бұл сұрақты өткенде журналистер Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке қойған. Вице-министр өкінішке қарай, мұндай қауіптен кез келген толық қорғалған деп айта алмайтынын мәлім етті.

"Жылу электр орталықтары бар кез келген қала туралы осылай деуге болады. Біз үкімет отырысында ерекше бақылауда тұрған қалаларды атап өттік. Ол қатарға ең бірінші кезекте, былтыр қыста қиналған қалаларды қоюға болады. Екіншіден, кейбір қалаларды жылу электр орталықтарында жөндеу жұмыстары жоспардан қалып жатыр. Десе де, былтырғы қиындықтардан сабақ алып, жылыту орталықтарын жетілдіру үшін жылыту мекемелерінің өздері ақшаны бір бөлсе, республикалық бюджет пен үкімет резервінен екі бөлінді. Біз жылыту маусымы штатты режимде өтер деген үміттеміз. Өкінішке қарай ешқандай кепілдік бере алмаймыз", - дейді ол.

Оның айтуынша, Энергетика министрлігін алаңдатып отырған қалалардың бірі – Ақтау. Себебі МАЭК-те қайта-қайта ақау шыққалы бұл жағдай қыста жауапты орган басшыларының түн ұйқысын бұзатын нысанға айналғалы тұр. Сонымен қатар Теміртауда АрселорМиттал Теміртаудың екінші ЖЭО-да жөндеу жұмыстары уақтылы орындалмай жатыр. Үкімет Екібастұзда бәрі жоспардағыдай келе жатқандықтан, осы қысты штатты режимде өткіземіз деп үміттеніп отыр.

Биылғы қыста ши шыққан өңірлердің шенеуніктерінің шекесі қызбайтыны анық. Жауапты министрлердің де. Осыншама күш-қуат, қаражат жұмсап барып, жалп беріп жылу сөнсе, жылумен бірге біраз шенеуніктің саяси карьерасының да шамы бірге сөнетіні  анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу