Кезінде Бауыржан Момышұлы сапарлаған Кубада бүгінде не болып жатыр?

3540

Кубада революция бас көтере бастады. Ашыққан ел тарихта алғаш рет Біріккен ұлттар ұйымынан көмек сұрады.

Кезінде Бауыржан Момышұлы сапарлаған Кубада бүгінде не болып жатыр? Фото: imghub.ru

"Бостандық аралының" билігі биылғы наурыз айынан бері тұрғындар үшін мобильді интернетті шектеді. Бұған ол көше шерулеріне тосқауыл қою үшін барды. Бұл туралы The Wall Street Journal жазды.

Америкалық басылымның мәліметінше, Куба жұртшылығы азық-түлік тапшылығына және электр қуатының өшірілуіне қарсы наразылық білдіруде. Тіпті ғарыштан түсірілген жерсеріктік түсірілімдер де бүгінде бұл елдің күн бата қапас қараңғылықтың құшағына енетінін көрсетеді.

Кезінде Кеңес одағына еріп, етегінен ұстап, ақыры соның жұртында қалған Куба "өткенмен" өмір сүріп келеді. 1925 жылы негізі қаланып, 1965 жылы жаңғыртылған Куба коммунистік партиясы – бұл мемлекеттегі жалғыз заңды партия. Басқа саяси күштерге тыйым салынған.

Тиісінше, билікке қарсылығын білдіріп, көшеге шыққан халық балама саяси күшке айнала бастады. Биліктің мақсаты – наразылық шараларының өрістеуіне және "бақталас партияның" пайда болуына жол бермеу.

Time хабарлауынша, Кубаның мемлекеттік телекоммуникациялық компаниясы 2024 жылғы 17 наурыздан бастап, елдің бас көтерген аудандарында мобильді интернеттен ажыратып тастады. Айтқандай, коммунизмнің құрдымға бастар жолынан бас тарта алмаған бұл арал-мемлекетте барлық саланы мемлекеттік-олигархиялық монополия жайлаған. Тиісінше, халықтың қолын ғаламторға жеткізер балама оператор да жоқ.

Бұған қоса, "Бостандық аралында" (1959 жылдан бергі билік бекіткен бейресми атауы) тәуелсіз ақпарат құралдары да құрылмаған. Мемлекеттік газеттер мен телеарналар қарсылық акциялары туралы ләм-мим деп, тіс жармайды.

Содан кубалықтар қиюын тауып, әлсіз сигнал пайда болса, видео және аудиожазбаларын әлеуметтік желіге жүктеп қалуға тырысады. Америкалық WSJ газеті сол жазбаларды талдай келе, көп сағаттық шерулердің болып жатқаны туралы халықаралық қоғамдастықты хабардар етті.

Жазбалардан мәлім болғанындай, бұқаралық жаппай шерулер елдің көлемі жөнінен екінші ірі қаласында – Сантьяго-де-Кубада белең алған. Сондай-ақ "ұзынқұлақтан" құлағдар болған тұрғындар Баямо қаласында бас көтерген. Бұл шаһар аралдың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.

Kentik мониторинг компаниясының дерегінше, бұл республикада үйінде кең жолақты интернеті бар отбасылар сирек. Сондықтан халық басым көпшілігінде мобильді интернетке тәуелді. Онсыз ешкім әлеуметтік желіге шыға алмайды.

Kentik сараптамалық директоры Дуг Мадоридің байламынша, Куба билігі 2021 жылғы шілдедегі әдісіне қайта басты. Сонда елдегі экономикалық жағдайға көңілі толмаған мыңдаған адам Үкіметке қарсы шерулерге шыққан болатын. 2021 жылы биліктің мобильді интернетті ағытуы салдарынан, кубалықтар халық толқулары туралы ақпаратты елдің қалған бөліктеріне тарату мүмкіндігінен айрылды, әрі тез ұйымдасып, істерін үйлестіре алмады. Ақыры демонстрациялар күш алмай, абдыраған жұрт басылып қалды.  

Әлемдік ақпарат агенттіктері сонда шамамен 1 мыңдай адамның тұтқындалғанын хабарлады. Одан кейін басталған қуғын-сүргіннен қашып, сондай-ақ табыс іздеп, шамамен жарты миллион кубалық немесе ел тұрғындарының 5%-ға жуығы Америка Құрама Штаттарына қоныс аударды.

Бұл жолы, халықаралық сарапшылардың пікірінше, халықтың төзімінің таусылғаны байқалады. Өйткені экономика терең дағдарысқа кіріп, тығырыққа тірелді. Елді асырап келген басты сала – туризм пандемия кезінде карантин шектеулерінен қатты зардап шекті және бүгінге дейін еңсе тіктемеген.

КР Энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрі Висенте де ла О Левидің түсіндіруінше, Гаванада және елдің басқа өңірлерінде электр қуатының өшірілуіне жылу электр станцияларына отынның уақытылы жеткізілмеуі түрткі болған.

Сонымен қатар әбден тозығы жеткен, кезінде Кеңес одағы салып берген ЖЭС-тердің істен шыққан жабдықтарын ауыстыру мүмкін болмаған.  

Time хабарлауынша, Ресей Куба одақтасының жылу-электр орталықтарына техникалық қызмет көрсетуді доғарыпты.

Осы факторлардың бәрі біріге келе, Кубада энергетикалық дағдарыс туғызды.  

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, Кубада бензин және дизель тапшылығы туындады. Әлеуметтік желіде ұзақ уақыт бойы отын жеткізілмегендіктен, қаңырап бос қалған жанар-жағармай құю станцияларының фотосуреттері өріп жүр.

Осы орайда Куба билігі биылғы қаңтарда бензин мен дизель отынының бағасын бірден 400%-ға көтеру туралы шешім қабылдады. Мұны "экономиканы тұрақтандырушы шаралардың бірі" деп атады. Бірақ елдегі ахуал ушығуда.

Осы кезде пропаганда елді алдарқатуға тырысуда.

"Америка тарапынан Кубаны тұрақсыздандырудың жаңа, жанкешті талаптары жасалып жатыр!", – деп мәлімдеді Куба сыртқы істер министрінің орынбасары Карлос Фернандес де Коссио. Билікке бағынышты БАҚ та солай сайрауда.

Өз кезегінде "Төртінші интернационалдың халықаралық комитеті" социалистік ұйымының сарапшылары да Кубада экономикалық және саяси дағдарыс күшейгенін мойындады. Оның мәліметінше, осыған байланысты Куба БҰҰ-дан гуманитарлық көмек сұрап жүгінді.

Гавана дағдарыс тұйығынан шығу үшін қатаң үнемнің бұрын-соңды болмаған кең ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Үкімет оны "Макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасы" атады.

Бағдарлама бензинге субсидияны қысқартудан басталды. Коммунистік жолмен қозғалған Куба жанар-жағармай халыққа қолжетімді болуы үшін өткен ғасырдан бері оны субсидиялап келген болатын. Енді күйзеліс аясында субсидияларды қысқартуға барды.

"Қатаң үнемдеу бағдарламасы сонау 1953-1959 жылдардағы Куба революциясымен байланысты реформалардың онсыз да аз игілігінен қалған жұрнақты түпкілікті жою қаупін төндірді. Сондықтан бұл бетбұрыс кубалықтарға қатты жақпай тұр және жылдар бойы қордаланған әлеуметтік қарсылықтың теңізін тасытқалы тұр. Биылғы 1 наурыздан бері ЖҚС-тардағы бензин және дизель бағасы 5 есе қымбаттады. Бұл ретте елде ең кең танымал отын түрі – 94-ші маркалы бензиннің 1 литрінің бағасы 30 кубалық песодан 156-ға дейін шығандады", – дейді релокант журналист Александр Фангманн.

Салдарынан, 40 литрлік бакты бензинмен толтырудың шығыны 6 240 песоға жетті. Бұл елдегі орташа жалақыдан 1,5 есе көп. Кубада орташа жалақы 4 209 песо ғана (қара нарықта шамамен 16 долларға барабар).

Биылғы 29 қаңтардағы Министрлер кеңесі отырысынан жарияланған есептен сарапшылар биліктің мазасыз күйін байқады. Әлеуметтік жарылыстың алдын алу және қатаң үнем шараларына елді саяси дайындау үшін түсініктеме шараларының жеткіліксіз екені айтылады.

Себебі, Кубада азық-түлік пен бірінші кезекте қажет басқа да тауарлардың тапшылығына электр қуатын жеткізудің доғарылуы, жанар-жағармайдың тапшылығы, қуаңшылық кесірінен сумен қамту жүйесіндегі коллапс жамалды.

Отырыста Куба Президенті Мигель Диас-Канель жан-жақты түсіндіру болмағасын, билікке "жұмысшылар мен партиялық ұяшықтар қарсы көтерілуі" мүмкін екенін ескерткен. Алайда Granma газетіне мақаласында Диас-Канель бәріне астыртын жұмыс істейтін оппозицияны және Американы айыптады.

"Жауымыздың қолдауымен біздің қарсыластарымыз билік қолға алып жатқан шараларға қарсы жала жабу науқанын жүргізуде. Сол арқылы халықты түңілдіріп, көкірегінде кек отын жақпақ. Бұл үшін әлеуметтік желілерді пайдаланып жатыр", – деді ел Президенті.

Халықтың қолдауынан айрыла бастауының бір нышаны ретінде билік 2024 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған Куба Компартиясының ІІ ұлттық конференциясын сол бойы өткізе алмай қалды.

Айып жүгін өзгеге аудару және халықтың талабына құлақ асқандай болып, алдарқату үшін Диас-Канель Үкіметте ауыс-түйісті бастады. Экономика және жоспарлау министрі Алехандро Хильді отставкаға жіберіп, орнына Орталық банк басшысы Хоакин Алонсоны қойды. Ғылым, технология және қоршаған орта министрі Эльба Роза Перес пен Тамақ өнеркәсібі министрі Мануэль Сантьяго Собриноны жұмысынан аластады.

Хиль министр лауазымын сонау 2018 жылдан бері атқарып келді және 2021 жылы экономикада "шок терапиясын" жүзеге асыруда жетекші рөл атқарды. Салдарынан песо девальвацияланып, бағалар дүрк көтерілді. Бұл инфляцияға серпін берді: тек ресми дерек бойынша Кубада алдыңғы жылы инфляция 70 пайыздан асты. Бюджет тапшылығы 44 пайызға дейін жеткен.

Куба бизнесі де құлдырау үстінде. Мысалы, 2022 және 2023 жылдары қант құрағынан шамамен 350 мың тонна ғана құмшекер алынған. Салыстырсақ, 1989 жылы бұл көрсеткіш 8 миллион тоннаны, 2019 жылы 1,3 миллион тонна қантты құраған еді.

Куба өзі тұтынатын тауарлардың шамамен 80 пайызын шетелден тасиды. Отандық өндіріс жоқтың қасы. Қол-аяғы балғадай, жұмысқа жарамды кубалықтар табыс пен бостандық іздеп, Америкаға кетуде. Бұл жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарында кадр тапшылығын туындатты.

Ал шетелдік валюта әкелетін туристер, соның ішінде америкалықтар саны күрт азайды. 2023 жылы туристердің саны 2 миллионға да жетпеді. 2020 жылға, пандемияға дейін Кубаға 4-5 миллион шетелдік келетін. Жатжұрттық саяхатшыларды қонақүйлерде электрдің жиі сөндірілуі кесірінен қолайлы жағдайлардың жасалмауы, нан, тамақ пен басқасының тапшылығы, қылмыстың өршуі үркітеді.

Сондықтан өз тарихында тұңғыш рет Куба БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына ресми сұрау жолдады. Одан мысалы, балаларға арналған құрғақ сүт беруді өтінді.

Халықтың қабырғасын қайыстырған Кубадағы күйзеліс жалғасуда. Орталық банк ұлттық валютаны кезекті рет девальвациялауға дайындыққа кірісті. Ресми бағам бойынша 1 доллар құны 120 песо тұрады. Бірақ қара нарықты айтпағанда, банктердің өзі 314 песоға сатып алуға барады.

Премьер-министр ұсынған іс-шаралар пакетіне электр құнын 25 пайызға қымбаттату, сумен жабдықтау тарифін үш есе көтеру, балондағы газ құнын 25 пайызға жоғарылату, жүк тасымалы тарифтерін 40-60% арттыру және басқа да қатаң шаралар кірді. Қоғамдық көлікте жүру бағасы да ұлғаяды.

Бұқараны қиналтып отырғаны – Үкімет бірінші кезекте қажет тауарларды жаппай субсидиялау саясатынан бас тартады. Билік тек осал топтарды ғана қолдауға ниетті. Премьер-министр Марреро Крус мұны "әділетті және тиімді схема" деп атады. Кубада отбасылардың басым көпшілігі кедей. Бірақ шенеуніктер "мұқтаждықты тексеру жүйесін" енгізбек. Тексеруден өту үшін жемқор шенділер жалақтап, пара сұрауы мүмкін. Бұл айналып келіп, халықтың наразылығын одан бетер өршітуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу