Халық Кеңесі елдегі ең жоғары консультативтік орган болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызды миссиялары іс жүзінде орындалды деуге болады. Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Жаңа органның қызметінде Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық сабақтастығын, яғни Қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті нығайтуды сақтау өте маңызды деп санаймын", – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, Халық Кеңесі шет мемлекеттердегі консультативтік құрылымдардың тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік органға айналады. Кеңесте еліміздегі барлық этностар, әлеуметтік топтар және өңірлер өкілдікке ие болады.
"Қазақстанның Халық Кеңесі елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Кеңес құрамын 126 адамнан қалыптастыру ұсынылады: 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден; 42 өкіл – ірі қоғамдық ұйымдардан; 42 өкіл – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төрағасын Кеңес мүшелері сайлайды", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Халық Кеңесі төрағасының екі орынбасары мен хатшылық жетекшісі болады.