"Кибершабуылға қатысы бар": Франция Иранды қатаң айыптады

Бұл туралы Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро мәлім етті.

"Кибершабуылға қатысы бар": Франция Иранды қатаң айыптады Фото: AFP

Оның сөзінше, Иран елдегі тоңазытқыштарды қашықтан істен шығарған болуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Франция Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын "супермаркеттердің тоңазытқыш жүйелеріне жасалған ауқымды кибершабуылға қатысы бар" деп айыптады.

Министрдің сөзінше, бұл – Франция аумағында бұрын-соңды болмаған ауқымды кибершабуылдардың бірі. Ол елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр.

Барро шабуылға қатысы бар тұлғаларға Еуропа елдері бірлесіп санкция салатынын жеткізді. Сонымен қатар, Франция Сыртқы істер министрлігі Иранның Париждегі елшісін шақырып, оған ресми наразылық танытқан.

Франция билігі бұл оқиғаға байланысты басқа да жауап шараларын қабылдау мүмкіндігін қарастыруда.

11-12 қазанда Францияның әр өңіріндегі жүздеген супермаркетке кибершабуыл жасалды. Хакерлер тоңазытқыш жүйелерін басқаратын бағдарламалық жасақтамаға кіріп, мұздатқыштар мен тоңазытқыш камераларындағы температураны қашықтан көтерген. Кейбір камерада температура 50 градусқа дейін жеткен.

Сол себепті, дүкендердегі азық-түлік өнімдері бұзылып, бірнеше миллион еуро шығын келтірген. Coopérative U сауда желісінің 100-ден аса дүкені, Intermarché және Netto желілерінің 180 сауда нүктесі зардап шеккені белгілі болды. Carrefour, Monoprix және E.Leclerc сияқты ірі сауда желілерінде де ақаулар тіркелді.

BBC мәліметінше, хакерлер тоңазытқыш қондырғыларын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін Данияның Danfoss компаниясы әзірлеген бағдарламалық жасақтамаға шабуыл жасаған.

2 қарашада осындай кибершабуылдар Еуропаның тағы 9 елінде, соның ішінде Финляндия, Швеция, Бельгия, Италия және Нидерландта тіркелді. Сол жолы 100-ден аса дүкен зардап шеккен.

Париж прокуратурасы Ислам революциясы сақшылар корпусымен байланысы бар "Шахид Кавех" хакерлік тобына және оның 2 басшысына қатысты тергеу бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу