Киберспортшылар жан алып, жан берісуде

1535

World Elektronic Sports Games 2019: Kazakhstan Гранд финалы басталды.  

Киберспортшылар жан алып, жан берісуде

Елорда төріндегі "Jekpe-jek" сарайында киберспорттан жекпе-жектер өтуде. Монитор алдында отырып айқасқа түсетін спортшыларды қолдауға келген жанкүйерлердің қарасы көп. "Jekpe-jek" сарайының кіреберісінде ұзын-сонар кезек. Спорт сарайының ішінде де қыз-жігіттер, отбасымен келген ересектер киберспортшыларға қызу қолдау көрсетуде. Сайыс Winstrike Team мен Syman Gaming командалары арасында өтуде. Жеңіске жеткен команда Қазақстан намысын Орталық Азия деңгейінде қорғайтын болады.

Чемпионаттың ашылу салтанатында қала әкімі Алтай Көлгінов бұл дода үлкен мереке екенін айтып, сайыскерлеге сәттілік тіледі.

"Турнир оқушылардың демалыс күндері кезінде арнайы ұйымдастырылғандықтан, қазір жарысты жүз мыңнан астам жерлесіміз онлайн режимде қарап отыр. Киберспорт жиырма бес жасқа дейінгі жастар арасында кеңінен танымал, әрі заманауи тренд. Сіздерді осы айтулы күнмен құттықтағым келеді. Қатысушыларға табыс, барлығымызға жеңіс тілеймін!", – деді бас қала әкімі.

Компьютер алдына ойынға қатысушылар жайғасқаннан кейін, World Elektronic Sports Games 2019: Kazakhstan Гранд финалы басталды. Электронды додада киберспортшылар Counter-Strike: Global Offensive, Dota 2, StarCraft II және Pro Evolution Soccer 2020 сынды киберспорттың төрт түрінен бақ сынасты. Турнир аясында тек электронды спорт жекпе-жектері ғана емес, сондай-ақ ойындардағы танымал кейіпкерлер тәрізді киініп, түр-әлпетін сәндеп, бейнесін сомдайтын өнер түрі – косплейден де сайыс өтуде.

Еске сала кетейік, World Elektronic Sports Games – Шанхай қаласында орналасқан AliSports ұйымдастыратын киберспорттан халықаралық чемпионат. Биыл спорттың осы түрінен ұлттық және Орталық Азия аймағының біріншілігі тұсауын кескен. Еліміздегі ең ірі киберспорт турнирі ҚР мәдениет және спорт министрлігінің, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, "Қазақтелеком" АҚ, Huawei компаниясы және ҚР жауынгерлік өнер ассоциациясының қолдауымен өтуде.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу