banner

Кімнің сөзіне сенеміз?

2327

Тауарлы сүт фермасына қатысты тексеру жұмыстары аяқталды.  

Кімнің сөзіне сенеміз?

Бұған дейін Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғындары қаланың шетінде орналасқан "Крон-Агро" шаруашылығынан шығатын иістің салдарынан тұншығып отырғанын жазған едік. Ал тексеріс жұмыстарын жүргізген құзырлы органдар "Жағымсыз иіс жоқ" деуден танбай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ақсу қаласының тұрғындары соңғы бір жылдан астам уақыт бойы шаруашылықтағы ірі қаралардың қалдығынан шығатын иістен кең тыныстауды қойғанын айтып, бірқатар мекемеге шағым да білдірген болатын. Тіпті, Ақсу қаласының бұрынғы әкімі Нұржан Әшімбетов өткен жылы тауарлы сүт фермасын бақылауға алу керектігін айтты. Алайда ол кезде тексеру жұмыстары жүргізілген жоқ.

Павлодар облысы бойынша экология департаментінің инспекторы Мағзұм Кукумбаев былтыр құзырлы министрлікке шаруашылықтағы көсреткіштерді тексеру жөнінде ұсынымхат жолданғанмен, оның қолдау таппағанын айтты. Сондықтан тексеріс те болмапты-тыс.

Ал Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың тапсырмасымен кәсіпорынға барған қоғамдық кеңес өкілдері "Шаруашылықта сасық иіс жоқ" деп келді.

Осы жылдың ақпан айында кәсіпорын жұмысын електен өткізген тексеруші топтың да мұрны иіс сезбеді. 

"Тауарлы сүт фермасынан жағымсыз иіс қатты шығып тұрған жоқ. Мұнда малдық қалдықтары жерасты құбырымен егістік аумағына жіберіліп, бірден тыңайтқышқа айналады. Мал тезегін сақтайтын қойма тіпті пайдаланылмайды. Егер сұйық және қатты фракцияның барлығы сонда жиналса, сасық иіс болар еді", – дейді Мағзұм Кокумбаев.

Санитарлық-эпидемиологиялық департамент, ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы да көрсеткіштердің тиісті параметрлерден аспағанын алға тартады. Тек мал басын асыра көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған екен. Оның өзінде кәсіпорын басшылығы өз кінәсін мойындағаны үшін жаза жеңілдеп, 50 айлық есептік көрсеткіштің орнына небәрі 25 АЕК айыппұл салынды. Яғни фермада шын мәнінде 1 195 мал басы бола тұра құжаттарда 2 200-ге жуық деп көрсетілген. Мұны 1 мыңға жуық ірі қараның бордақылау алаңына жіберілгенімен түсіндіріпті.

Бірақ жергілікті жұртшылық тексерістің оң қорытындысымен келіспейді. Жағымсыз иіс шағын шаһарды бұған дейін қалай "торлап" алса, әлі күнге дейін сол күйі қолқаны қауып тұр дейді тұрғындар. Терезені ашу, далаға шығу мүмкін емес. Сонымен қатар, кей азаматтар мемлекеттік мекемелер тарапынан бақылаудың әділ жүргізілгеніне де күмәнмен қарады. Себебі бұл шараларға жақын аумақтағы үйлердің тұрғындары, тәуелсіз сарапшылар, басқа да қоғамдық ұйым өкілдері тартылған жоқ.

Ал "Крон-Агро" басшылығы болса "Біздің фермада жағымсыз иіс жоқ" деумен бет бақтырмай отыр. Иіс түгілі малдың қалдығы жоқ дейді. Сонда кімнің сөзіне сенеміз?

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу