banner

Киноиндустрияның кеңістігін кеңейту керек

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
23313

Болливуд, Голливуд киноөнімдері деген түсінік шартты ұғым.

Киноиндустрияның кеңістігін кеңейту керек

Былтыр парламентте "Кинематография туралы" заң жобасы талқыланғанда прокат куәлігін тек мемлекеттік тізімге енген фильмдерге ғана беру туралы  сөз қозғалды. Сол кезде мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов 18 млн  халқы бар елде кинопрокат өз-өзін ақтамайтынын, сондықтан  түсірілетін киноның сапасына назар аудару қажеттігін айтты.

Демек бізде түсірілген кино прокатқа шықпайды, ал прокатқа шықпаған кино шығынды ақтамайды.

"Cinemax"  кинотеатрының  бас директоры Әлия Бисимбаева 2017 жылы кинокасса көрсеткіші 2016 жылмен  салыстырғанда 61%-ға өсіп, 1,9 млрд теңгені құрағанын жеткізді.  

"2018 жылдың алғашқы тоқсанында кассалық түсім 608 млн теңгені құрап,  киноға келушілердің саны  64%-ға  ұлғайды. Бұған "Cinemax" кинотеатрының Шымкент қаласында бөлімше ашуы себеп болды", – деді бас директор.

Оның сөзінше, Қазақстанда барлығы 263 кинозал бар. Оның 50% контентін Ресейде түсірілген фильмдер құрайды.

"Бұл фактор бізге жанама түрде ғана әсер етеді. Сондықтан Ресей фильмдері Қазақстан нарығын жаулап алды деп даурықпай, отандық фильмдердің саны мен сапасын арттыру керек", – деді Әлия Бисимбаева.

Ол отандық киноиндустрия өкілдері 2016 жылы-16, 2017 жылы-27 кино түсіргенін атап өтті.

"2017 жылы қазақ киносы жанрлық жағынан өсті. Отандық кино комедия жанрында ғана емес, драма, мелодрама, детектив  жанрларында да дами бастады. Былтыр "Cinemax"  кинотеатрлар желісіндегі отандық кинолардың   кассалық түсімі  225 млн теңгеге, ал 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 167 млн теңгеге жетті. Бұл 2017 жылғы кассалық түсімнің 75%-ы",– деді Әлия Бисимбаева.

Бас директордың сөзінше, отандық киноларға еліміздің оңтүстік өңірінде ерекше ықылас танытады. Мысалы "Бизнес по-казахски в Америке" киносының кассалық түсімі Голливудтың ең жақсы киноларының кассалық түсімін жинаған.

"Көрермендердің қазақ киносына деген көзқарасы мен талабы өзгеріп келеді.   Сондықтан қазақ киноларын түсіруге атүсті қарауға болмайды", – деді Әлия Бисимбаева.

Көлеңкемен күрес
Кинопрокатта көлеңкемен күресу қажеттігін киноиндустрия да сезе бастады. "Sulpak Cinema" компаниясының өкілі Олег Головашкин кинопрокатшылардың табысы БАҚ-та жарияланатын дерекке мүлдем сәйкес келмейтінін баяндады.  

"Кинопрокаттың үлесіне кино түсімінің тек 3-5%-ы ғана қалады. Өзгесі нарықтағы басқа ойыншылардың қалтасына кетеді. Киностудия өзінің контентін бізге сеніп тапсырады. Бірақ прокатта тиісті ойын ережесі сақтала бермейді", – деді Олег  Головашкин.  

Оның айтуынша, отандық кинотеатрларға бақылаудың автоматтандырылған ортақ жүйесін енгізу қажет. Бұған қоса отандық киноөнімдерге басымдық беру мәселесі назарға алынуы тиіс.

"Шет мемлекеттің кинолары  қазақстандықтардың менталдық ерекшелігіне сай келе бермейді. Қазір Қазақстанда кино түсірумен айналысатын 7 продюсерлік орталық бар. Бұл студиялардың тәуекелі өте жоғары", – деді ол.

Кинопрокатты интеграция көтереді
Киноиндустрияда отандық өнімнің үлесін көбейту тренді алыс-жақын елдердің бәрінде байқалады. Ресей – 25%, Әзірбайжан мен Грузия 40%-ға жетуге жанталасып жатыр. Тіпті Грузияның ақпарат құралдары 40%-дық көрсеткіш өздері үшін қолжетімді екенін алға тартып, 50%-дық межеге ұмтылу қажеттігін айта бастады. Ал Қазақстан "біздің меже мынадай" деп айқайлап айтпағанмен, отандық киноөнімнің үлесін арттыруға қарсы емес.

"2017 жылғы жағдай біз күткен көрсеткіштен асып түсті. "Бизнес по-казахски", "Келинка тоже человек", "Все из-за мужиков" сияқты кинокартиналар кинопрокаттың көшін бастады. Биыл Ақан Сатаевтың "Томирисі" топ жарады деп үміттеніп отырмыз", – деді Олег  Головашкин.

Кеңес одағы кезіндегі өте сәтті шыққан кино арқылы танымал болған актерлардың  өзін танымал еткен кинодан кейін шығармашылығын қолдан тежеу киносаясаттың құрамдас бөлігі болыпты. Киносценарист, режиссер Нұрлан Санжардың айтуынша, өзін атақ-абыройға бөлеген кинодағы кейіпкерінің құшағында тұншығып қалуы, көрермендердің оны басқа бейнеде көргісі келмеуі тек бізде ғана емес екен.

"Өнердегі алғашқы рөлін Наташа Рос­това болып бастаған орыс актрисасы  Людмила Савельеваның жолы оңай болған жоқ. Орыс басылымдары ол жайлы "Людмила өзі ойнаған  Наташа Ростова бейнесінің тұтқыны болып қалды. Киноәлеміндегі жарқырап басталған мансабы оның болашағын баянды ете алмады. Людмиланың жұлдызы жарқ етті де сөніп қалды" деп жазды", – деді Нұрлан Санжар.

Осы тақырыпты ары қарай жалғастырсақ, 17 жасында Олег Кошевойды ойнаған, 18 жасында КСРО мемлекеттік сыйлығын алған Владимир Иванов даңқты көтере алмады, 25 жасқа жетпей жынданып кетті.

"18 жасында "Жас гвардия" фильмінде Сергей Тюленинді ойнағаны үшін 19  жастағы Сергей Гурзоға да КСРО мемлекеттік сыйлығы берілген. Арада жыл өтпей "Батыл жандар" деген фильмдегі рөлі үшін мемлекеттік сыйлық тағы табыс етілді. 20 жасқа жетпей берілген екі мемлекеттік сыйлықтың атақ-даңқын Сергей Гурзо өз деңгейінде алып жүре алмады, актер ретінде таусылып бітті", – деді Нұрлан Санжар.

Мұндай қолдан ұйымдастырылған әрекетті "Менің атым – Қожа" фильмінің шығармашылық тобы да бастан кешкен.

"Кино халықаралық деңгейдегі жүлдеге ие болса да, ел көлемінде кинода ойнаған кішкентай актерлармен кездесу ұйымдастырылған жоқ. Актерлердің өзге киноларға түсуіне, мансабын жалғастыруына мүмкіндік берілмеді. Киноның тартымдылығы мен танымалдылығын осылай ұстап тұрғылары келді", – деді  Нұрлан Санжар.

Қырғыздардың халықтық киносына айналған "Құрманжан датқа" киносында басты кейіпкер Алымбек датқаның рөлін сомдаған Әзиз Мураддилаев қазір мұндай көзқарастың мүлдем басқа арнаға ойысып кеткенін айтады. Болашағынан үміт күттіретін жас актерді қатарынан бірнеше жобаға түсіріп, халыққа әбден танымал етеді де, оның атақ-абыройын имидж үшін пайдаланады. Мұндай тәсіл Қырғызстанда да, Қазақстанда да, Ресейде де көп қолданылады.

"Бұл киноның коммерциялық сипатына оң әсер  ететін маркетингтік, менеджменттік тәсілдердің бір түрі. Бұл үрдіс соңғы жылдары мемлекетаралық трендке айналған. Қазақстандық актерлер Санжар Мәдиев, Аружан  Жазылбекова ресейлік кинорежиссер Тимур Алпатовтың "Алтын Ордасына" шақырылды", – деді Әзиз Мурадиллаев.

Қырғызстандық актер  бізге бұрынғы жүйеге қайта оралу қажеттігін айтты.

Оның ойынша, отандық өнім шетелдік туындылардың көлеңкесінде қалып қоймас үшін, заман талабына жедел икемделу қажет. Әлем киноиндустриясы бір-бірімен интеграцияланып жатыр. Қазір Болливуд, Голливуд киноөнімдері деген түсінік шартты ұғым. 

"Екі елдің кинотеатрларында қазақ-кырғыз киноөнімдерін көрсетуді жалғастыру керек. Осы арқылы  біздің халықтарымыз бір-бірінің киноиндустриясын қандай бағытта дамып келе жатқанынан хабардар болып отырады. Қырғыздың мемлекеттік телеарналарында қазақ, өзбек кинолары жиі көрсетіледі. Алдағы уақытта Орталық Азия елдері бір-бірлерінің киноларын прокатқа шығару мәселесін шешсе, біздің киноиндустрия 50-60 млн аудиториясы бар алып кеңістікке айналады", – деп қорытты ойын Әзиз Мурадиллаев.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу