banner

Кітапханашының мәртебесі де, жалақысы да еден жуушымен теңескен бе?

6629

Кітапханашының мәртебесі мен жалақысы неге төмен?  

Кітапханашының мәртебесі де, жалақысы да еден жуушымен теңескен бе?

Жаңа Үкімет осы мамандық иелерінің мәртебесін көтеру мәселесін қолға алмақ. Осы мақсатта Қазақстанда жаңа мереке де пайда болуы мүмкін.

Мәдениет және спорт министрлігі "ҚР-дағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізетін жаңа қаулы жобасын әзірледі.

"Көрсетілген қаулымен бекітілген ҚР-дағы мерекелік күндердің тізбесі мынадай мазмұндағы 37-1 толықтырылсын: "Кітапханашы күні – 22 қазан", – делінген құжатта.

Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа түсіндірме жазбасында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бұл қаулы жобасы вице-премьердің тапсырмасымен әзірленгенін еске салды. 2021 жылғы 5 тамыздағы кеңесте Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов осыған қатысты №21-12/ПИ-70628 тапсырма берді. Содан кейін 24 тамызда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова №270 бұйрығымен "Қазақстанда кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын" бекітті. Тоғжановтың кітапханашылардың кәсіби мерекесін бекіту тапсырмасы сол жоспардың 67-тармағы ретінде бекітілді.

Неге екені белгісіз, Райымқұлованың командасы бұл істің соңын сиырқұйымшақтандырып жіберген көрінеді. Содан Премьердің орынбасары былтырғы 3 желтоқсанда №21-14/7330 нөмірлі жаңа тапсырмасымен әлгі міндетті қайта өзектілендірді.

"Қаулының жобасын іске асыру қаржылық шығындарды қажет етпейді. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық не құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Жобаның мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру", – деді Д. Абаев.

Кітапханашы – әмбебап мамандық

Адам жанының рухани азығы саналатын кітаптың күтімімен айналысатын мамандық иелерінің бедел-мәртебесін көтеру дамыған елдерде де өзекті. Мысалы, Голливуд "Кітапханашы" (The Librarian) атты фильмдер сериясын түсірді. Режиссерлар Джонатан Фрейкс пен Питер Винтер әр жылдары түсірген аталған кинотуындылар байырғы әрі сиқырлы жәдігерлерді қорғаумен айналысатын, әлемді құртуға құштарланған зәлім күштермен күресетін қаһармандардың бейнесін сомдайды.

Қазақстандық кітапханашылар әлем түгіл, өзін құтқара алмайтын ауыр жағдайда. Павлодарлық педагог Александр Нечаев ауылда бұл мамандық иелерінің жалақысы да, мәртебесі де еден жуушымен, қоқыс жинаушымен теңескеніне қапаланады. Өйткені бірқатар өңірде әкімдіктер ауылдық елді мекенде жұмыс істейтін білім беру мамандарының жұмысы үшін "ауылдық үстеме" (сельская доплаты) берілетін мамандықтар тізіміне кітапханашыларды қоспапты. Салдарынан, олар өз жалақысына 25% үстемеақы ала алмай жүр.

Кітапханашы Елена Бакалейконың айтуынша, реестр бойынша педагогтер "В блогына", ал кітапханашылар "С" блогына жатқызылған.

"Нәтижесінде, кітапханашылар мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының бақылауына көшті. Кітапхана жұмыскерлері үнемі ақысы төленбейтін жұмыстарды орындауға мәжбүр. Біз педагогтер секілді жеке заңмен қорғалмаймыз. Бізге оқулықтар мен әдебиетті жеткізу мәселесін өз бетімізше шешуге тура келеді. Тұтас "КамАЗ"-ды түсіреміз. Оқулықтарды жеткізу және өңдеу кітапханашылардың жұмыс уақытының нормативтерінде ескерілмеген. Ал бұл өте көп уақытта алатын күрделі жұмыс. Бұдан бөлек, мектептер арасында оқулықтар алмасу процесіне де уақытымыздың үлкен бөлігі шығындалады. Себебі кейде басқа мектептен ауысып келген оқушыларға оқу жиынтығы жетпей қалады, оның жиынтығын соның мектебінен алғызамыз", – дейді ол.

Тіпті елорданың өзінде кітапханашылар мектептерді аралап, жаңа оқушыларға жетпейтін оқулықтар жиынтығын іздейтіні жасырын емес. Бұл ретте жол және тасымал шығындарын өздері өтейді, себебі мектептердің көбінде жеке көлігі жоқ, ал мектеп аралаудың шығынына бюджет шығысы қарастырылмайды.

Кітапханашылардың жұмысы сан-салалы. Мысалы, олар "Ұлттық білім беру деректер базасымен" (НОБД), Bilimal секілді автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді, оқулықтар модульдерін толтырады. Сол үшін жұмыстан тыс уақытта жұмыс істеуге мәжбүр. Бұған қоса, директорлардың орынбасарлары қоластындағы кітапханашыларды оқушыларға арналған әртүрлі бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға, мектептің есептерін құруға жұмылдырады. Әлеуметтік желіде, мектеп сайтында, пабликтерде жарияланымдар жариялап тұруға міндеттейді. Мұның бәрі кітапханашының тікелей міндетіне кірмейді.

Кітапханашылардың біраз бөлігі мұның бәріне шыдауға әзір, тек жалақыны салмақты көтерсе екен дейді. Сондай-ақ кітапханашылар өздерін "В блогына" көшіруді өтінеді.

Билік не дейді?

Бірақ Білім және ғылым министрлігі мұны құптамады. Ведомствоның дәйектеуінше, мектептердің негізгі міндетін педагогтер атқарады. Ал басқа мамандықтар – қосалқы міндеттерге жауапты.

"Азаматтық қызметшілердің лауазымдарын блокка ажырату Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілім-реестрі негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық қызметшілердің лауазымы блоктық бөлініс қағидатына сәйкес сараланады. Функционалдық міндеттемелеріне, орындайтын жұмысының салалық ерекшеліктеріне, білім деңгейіне, кәсіби біліктілігіне қарай әр блоктың еңбекақы деңгейлері әртүрлі. В блогындағы лауазымдар жоғарғы немесе орта кәсіби білімінің болуын талап етеді, ол лауазымдар ұйымның негізгі міндеттері мен функциясын жүзеге асырады", – деп түсіндірді БҒМ.

Мектептердің негізгі міндеті – білім беру, ал кітапханашылар оқу-тәрбие процесін жүргізбейді, ондай негізгі міндеттер мен функцияларды қамтамасыз етуге жауапты емес. Олар кітапханалардың материалдық құндылықтарының жоғалмауына жауап береді.

БҒМ дерегінше, кітапханашылар міндетіне кітапхана жұмысын ұйымдастыру, кітапханалық қорды қалыптастыру және сақтау, оқушылар мен педагогтерге қызмет көрсету жатады. Олар сондай-ақ кітап қорының есебін жүргізеді, есептілік тапсырады. Кітапханааралық айырбасты (межбиблиотечный обмен) ұйымдастырады. Мектеп атынан баспасөзді жазғызып алады. Оқырман үшін конференциялар өткізуі керек.

"С блогына" жоғарғы немесе орта кәсіби білімі бар, ұйымның әкімшілік-шаруашылық функцияларын орындайтын азаматтық қызметшілер жатады. БҒМ-нің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №123 бұйрығымен бекітілген тізілімге сәйкес, кітапханашылар әкімшілік персонал қызметкерлеріне жатады және осы "С блогына" кіреді.

Әзірге Үкімет бұл тізілімді өзгертуді жоспарлап отырған жоқ.

Сондықтан кейбір мектепте кітапханашылар білім-біліктілігін жетілдіріп, педагогке айналуда. Реформа мен жаңа өзгерістер соған жол ашады.

БҒМ бұл кәсіп иелеріне де көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Мысалы, 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап, кітапханашылардың жыл сайынғы еңбек демалысы 3 күнге ұлғайтылған.

Сонымен бірге әкімшілік персоналдың еңбекақысын көтеру мәселесі БҒМ құзырына кірмейді. Онымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысады екен. Оның дерегінше, білім беру саласында жұмыс істейтін кітапханашыларға да 30% үстемеақы бекіту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл шара мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етеді, сондықтан Республикалық бюджеттік комиссия құптауы керек. Мәселені талқылау жалғасуда.

Мұның алдында министр Серік Шәпкенов Президенттің тапсырмасына сәйкес, осы сала мамандарының да жалақысы артатынын хабарлады. 

"Кітапханашы, архивариус, музейтанушы, орманшы, техникалық персонал секілді жекелеген азаматтық қызметкерлердің – жалпы саны 588 мың адамның жалақысы 4 жыл ішінде кезең-кезеңмен арттырылады. Нәтижесінде, 2022 жылдан бастап, олардың жалақысы жыл сайын орта есеппен 20%-ға көтеріледі және 2025 жылға қарай екі еселенуге тиіс. Ең төменгі айлықақы 49 мыңнан 60 мың теңгеге дейін немесе 22%-ға артады", – деді еңбек министрі С. Шәпкенов.

Бұл тек мектеп кітапханашыларына ғана емес, одан тыс, Мәдениет министрлігіне қарайтын кітапханалардағы қызметкерлерге де қатысты. Көкшетаудағы кітапхана қызметкері Дариға жоғары білімі, 25 жылдай өтілі бола тұра, қолына 85 мың теңге жалақы алатынын айтады. Елордамен тығыз байланысты болғандықтан, Көкшетауды да қымбатшылық жайлап, бағалар астанамен теңескеніне, сол себепті мұндай жалақы жете бермейтініне мұң шағады.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу