Қиярдың бағасы еттен қымбат болып тұр

13871

Павлодарда бір келі қияр 2450 теңге тұрады.  

Қиярдың бағасы еттен қымбат болып тұр

Павлодардағы ірі сауда желілерінде қиярдың бағасы күрт қымбаттады. Қараша айында бір келісі 1000-1500 теңге болған өнім шамамен 2500 теңгеге дейін шарықтап кетті. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, сиыр мен жылқы етінің келісі 2000-2400 теңге аралығында сатылады. Мұны байқаған тұтынушылар еттің бағасынан кем емес қиярдың суретін әлеуметтік желілерде жарыса жариялап, "сатушылардың мұнысы несі?" деген пікірлерді қарша боратты.

Тұтынушылардың наразылығына жергілікті билік назар аударды. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байханов дүкендерде бағаның негізсіз өскені туралы жеке парақшасында жазба қалдырып, бұл мәселенің егжей-тегжейін анықтауға уәде берді. Келесі күні арнайы комиссия құрып, облыс орталығындағы сауда желілерін аралаған кезде бағасы екі мың теңгеден асатын қымбат қиярларды таппай қалды. Бірнеше күн бұрын ғана сауда сөрелерінде самсап тұрған өнім "сиқырлы" әдіспен жоқ боп кетті. Сатушылардың өздері мұны "барлығын тұтынушылар сатып алды" деп түсіндірді. Тұтынушылар "мұндай қымбат қияр алғанша алмағаным артық" деген ой айтты.

"Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында көкөніс, жеміс-жидек бағасының қымбаттауы – заңдылық. Бірақ биылғы бағалар – қарапайым халықтың қалтасын қағудың нақ өзі. Қиын сәтте  түсіністік танытудың орнына табыс табудың жолына түсу – дұрыс емес. Екі мың теңгелік қиярдың орнына ет алғаным артық", – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Сәуле Әбдірахманова.

Асайын Байхановтың айтуына қарағанда, бұл жерде табысқа өндірушілер мен сатушылар емес, делдалдар кенеліп отыр. Айталық, Ақсу жылыжай кешенінде өсірілетін қиярдың бір келісі 830 теңгеден таратылады. Ал сауда орындарында 1155 теңгеден сатылады.

"Өзге өңірлерден жеткізілетін, бағасы 2 мың теңгеден асатын өнімнің орнына өзіміздікін алған әлдеқайда тиімді. Біздің қиярдың бағасы екі есе арзан. Әрине, бұл бағаны да тұрғындардың бәріне бірдей қолжетімді деуге келмес. Сондықтан тауар өндірушілер мен сауда үйлері арасында тікелей байланыс орнатуға бейілдіміз. Сол кезде босату құны мен нақты баға арасында айырмашылық 10%-дан аспайды", – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Комиссия келген тұста келісі 1700 теңге болған мандариннің бағасы 900 теңгеге, келісі 125-130 теңгеге бағаланған картоптың бағасы 90 теңгеге күрт төмендеуі де қызық. Бұл бағалар осы қалпын сақтап, комиссия тексерісінен соң тағы да өзгеріп шықпаса болғаны.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу