Климаттық өзгеріс қажылыққа да қауіпті: Меккеде аптап ыстықтан жүздеген адам қайтыс болды

886

 2040 жылы қажылық Саудияда жаздың қызған шағымен тұспа-тұс келмек.

Климаттық өзгеріс қажылыққа да қауіпті: Меккеде аптап ыстықтан жүздеген адам қайтыс болды

Осы аптада 2 миллионға жуық мұсылман қажылық парызын өтеді. Бірақ аптап ыстық салдарынан жүздеген адам Меккеден тірі қайтпайтын болды.

"Рейтер" агенттігінің мәліметінше, биыл қажылық барысында кемінде 562 адам қайтыс болды.

Бір Мысырдың өзінде 307 қажының өлгені тіркелген. Тағы 118-і жоғалып кетті. Мұны медициналық мекемелер мен қауіпсіздік қызметтері хабарлап отыр. Олар Мекке мен Мәдинада ауаның температурасы 51 градустан асқанда жан тәсілім еткен.

Куәгерлердің айтуынша, марқұмдардың денесі Мекке маңындағы Мина жазығына барар жолдың бойында ақ матаға оралып жатқан.

Ғалым-климатологтардың пікірінше, алдағы онжылдықтарда қажылыққа миллиондаған мұсылман барады. Мынадай қайғылы жағдайды көріп, оларды не күтіп тұрғанын елестету қиын екен.

"Қажылық 1000 жылдан астам уақыттан бері өткізіліп келеді. Бұнда климат әрдайым ыстық болған. Бірақ климаттық дағдарыс сол қатал климаттық жағдайды одан сайын ушықтырып барады", - дейді Неміс климаттық сараптама институтының ғылыми кеңесшісі Карл-Фридрих Шлейснер "Рейтерге" берген сұқбатында.

Қағбаға барғанда мұсылмандар 14 ғасыр бұрын Мұхаммед Пайғамбар өз ізбасарларына үйреткен діни жоралғыларды орындайды.

Халықаралық энергия агенттігінің жақында жарияланған есебіне жүгінсек, өткен жылы мұнайгаз секторы атмосфераға 120 миллион тонна метан газын таратқан.  

Шлейснердің сөзінше, бүгінде қажылықтың ажырамас бөлігі – Арафат тауына шығу тәрізді ритуалдар "адам денсаулығына өте қауіпті" болып отыр.

ЖАҒДАЙ НАШАРЛАЙ БЕРМЕК

Қажылық уақыты Ай күнтізбесі бойынша айқындалады. Жыл сайын ол 10 күнге жылжып отырады. Қазір қажылық мерзімі қыс айына жақындап келе жатса да, 2040 жылға қарай қажылықтың өтетін күндер Сауд Арабиясында жаздың қайнаған шағымен тұспа-тұс келмек. 

"Өл кезде өте қауіпті болады", - дейді Пәкістандағы Climate Analytics компаниясының ғалым-климатологы Фахад Саид.

Дегенмен, қажылық кезінде о дүниеге аттану сондай таңсық жаңалық емес. Мұндай жағдайлар сонау 1400-ші жылдары да тіркелген екен.

Саудиялық шенеуніктердің дерегінше, былтыр 2 мыңнан астам адам жылу стрессінен зардап шеккен.

Ғалымдардың айтуынша, жер-жаһан жылынып жатқандықтан, жағдай нашарлай бермек. Environmental Research Letters журналында жарық көрген мақалаға жүгінсек, егер әлем индустриалдық дәуірмен салыстырғанда тағы 1,5 градусқа жылынатын болса, қажылықта ыстық өткендер саны 5 есеге көбеюі мүмкін.

Болжамдарға қарағанда, планетамыз 1,5 градустық межеге 2030-шы жылдары-ақ жетуі мүмкін.

САЛҚЫНДАТУ СТРАТЕГИЯСЫ

2016 жылы Сауд Арабиясы көлеңкелі аумақтарды салуды, әрбір 500 метр сайын ауыз су нүктелерін орнатуды және денсаулық сақтау мүмкіндіктерін жақсартуды қамтитын жылу стратегиясын жариялады.

Сауд Арабиясының денсаулық сақтау органдары қажыгерлерге суды көп ішіп, сағат 11:00-15:00 аралығында далада жүрмеуді ескерткен.

Дегенмен, пәкістандық қажы Мұстафа Сауд Арабиясы үкіметінің оған және оның мүгедек арбасына таңылған 75 жастағы анасына жатын орын мен су бермегеніне аң-таң.

Саудия үкіметінің баспасөз қызметі болса, бұл жағдайға қатысты әзірге түсініктеме бермей отыр.  Ал Мысыр дәрігерлерінің сөзінше, қажылыққа барған мысырлықтар арасында өлгендердің көп болуына мысырлықтардың біразының қажылық парызын тіркелмей өтеуі, және соның салдарынан аптап ыстықта далада қалуы себепші.

Дегенмен, мысырлық қажы Самех әз-Зайнидің айтуынша, Саудия полициясы адамдарға су таратып, оларды салқындату үшін үстеріне су шашқан.

Алайда, зерттеушілердің ойынша, су шашу тәсілі ауаның температурасы 35 градустан төмен болғанда ғана тиімді екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу