Көбейтұз 49 жылға жалға берілмейтін болды

2206

Ұлттық парктерде рейд басталды.

Көбейтұз 49 жылға жалға берілмейтін болды

Карантиннен зеріккен астаналық жұрттың табанына тапталған Көбейтұз көліне Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі араша түсті. Министр Мағзұм Мырзағалиев ерекше көлді 49 жылға жалға бермек болған Ақмола облысының әкімдігін райынан қайтарғанын айтып, сүйіншіледі. 

"Кеше мен осы ақпарат шыққан бойда Ақмола облысының әкімідігіне хабарласып, Маржықбаев мырзамен сөйлестім. Көл 49 жылға жекенің пайдалануына жалға берілмейтін болды. Біз Көбейтұзға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беретін болдық", – деген ведомство басшысы қоғамның экологиялық санасына да үміт артатынын жасырмады.

"Шынымен де, соңғы айдағы жағдайлар қысқа ғана уақыттың ішінде табиғатқа қаншама зардап әкелуге болатынын көрсетіп берді. Көбейтұз – бірегей көл. Мобильді бекеттер мен шлагбаум қою арқылы проблема шешілмейді. Өйткені шлагбаумды айналып өтетіндер қашан да табылады. Сондықтан бұл істі екі жолмен шешу қажет. Біріншісі – экологиялық ағарту жұмыстары және айыппұлды көбейту. Екіншіден, көлдің бірегейлігін ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақ статусын бермекшіміз. Көбейтұзды ерекше күзетілетін аумақ тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды. Мемлекет оны күзетке алады. Адам аяғы басатын жердің бәріне күзет қоя алмаймыз. Біз азаматтарымыздың экологияық санасына үміт артамыз", – деді министр онлайн-брифингте.

Көбейтұздағы шулы жағдайдан кейін кейбір БАҚ өкілдері Көкшетаудағы Кемпіртастың үстіне шығып, суретке түсетіндерге де тыйым болу керек деген ұсыныс айтқан болатын. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл бастаманы құптамайтынын жеткізді.

"Мен ондай ұсынысты қолдай алмаймын. Өйткені азаматтарымыздың табиғат аясына шығып, елімізді әйгілеген ең көрікті жерлерде демалуға құқығы және мүмкіндігі болуға тиіс деп есептеймін. Сонымен бірге табиғи нысандардың ахуалына мұқият мониторинг жүргізіп отыру қажет. Көбейтұзға ұқсас жағдайлар болса, тыйым салуға тура келеді. Өйткені табиғи байлығымызды сақтап, ұрпаққа табыстауымыз керек", – деді ол брифинг барысында.

Халықтың қоршаған ортаға мейірімсіз болуы министрлікті айыппұл шарттарын қатаңдатуға мәжбүр еткенге ұқсайды. 

"Соңғы күндері туристердің легі көбейгенін байқаймыз. Бірақ олар жүрген жерлерінде көп қоқыс қалдырды. Бізді қоқыс контейнерін көбірек орнатуға шақырушылар көп. Бірақ тәжірибе неғұрлым көп контейнер қойсақ, қоқыс соғұрлым көп шашылатынын көрсетіп отыр. Сондықтан біз айыппұл салуға мәжбүрміз. Ішкі істер министрлігімен бұл сұрақты пысықтадық. Осы демалыс күндерден бастап жағдайды мониторингілеу және жергілікті орындарда шаралар қабылдау үшін ұлттық парктер мен демалыс аймақтары бойынша рейдтер жүргіземіз. Қоқыс тастаушыларға айыппұл саламыз. Рейдтерге бізбен бірген экологтар, қоғам белсенділері мен еріктілер қатысады. Сонымен қатар, мен бүгін Мемлекет басшысымен сөйлестім. Президент табиғатқа зиян тигізген заңбұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейтуді және айыппұл құнын ұлғайту жағын қарастыруды тапсырды", – дейді министр. 

Брифинг барысында министр Атыраудың ауасын қалай тазартатындарын да баяндады. 

"Бұл жерде екі факт бар. Біріншісі – қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны.  Екіншісі "Тухлая балка" аталып кеткен көлшіктің булануы. Бұл проблеманың шешімі – жаңа полигон салу. Әкімдік ол үшін 50 гектар жер бөліп қойған. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Әкімдік жуық арада барлық санитарлық талапқа сай полигонның құрылысына кіріседі деп үміттенеміз. "Тухлая балка" дейтін көлшіктің басында өзім болғам. Қаланың барлық шайындылары осы көлішкке келіп төгіледі. Төгілген шайындылар не тазартылмастан жіберіледі немесе қажетті деңгейде тазартылмайды. Осыған байланысты әкімдікпен бірге жұмыс істеп, Атырау қаласының сол жағалау бөлігінде жаңа кәріз тазарту кешенін салу үшін жер телімін белгіледік. Нысан 2020 жылдың аяғына дейін қолданысқа беріледі. Атыраудағы кәріз тазарту мәселесі осылай шешіледі. Оған қоса келесі жылдан бастап біз жергілікті әкімдік пен Атырау мұнай өңдеу зауыты "Тухлая балка" көлшігін көміп, буланбайтындай етеді деп отырмыз", – деді Мағзұм Мырзағалиев

Ол, сондай-ақ, заңсыз қоқыс үйінділері ең көп жинақталған өңірлердің үштігін атады.

"Ең көп фактілер Ақмола облысында болып тұр. Әсіресе Нұр-Сұлтан қаласының маңайында қоқыс көп. Елорда аумағында құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан, құрылыс қоқыстары өте көп. Екінші, Қарағанды облысында да көп факт анықталды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда қоқыс үйінділері көп", – деді ол.  


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу