"Қойшы көп болса, қой арам өледінің" кері болмасын – Нұрлан Нығматулин

1646

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин отандық вакцина шығару үшін Жамбыл облысында салынып жатқан зауытқа кім жауапты екенін анықтай алмады.  

"Қойшы көп болса, қой арам өледінің" кері болмасын – Нұрлан Нығматулин Фото: Мария Матвиенко

Спикер Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрлерінен мардымды жауап болмағасын мәселенің мән-жайын премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтан сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Осы мәселеге жауапты болғандықтан, сұраққа Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап беруге тиіс еді. Іссапарда болуына байланысты Мәжіліс төрағасының сауалына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов тіл қатты. 

"Министрліктердің қайсысы бұл зауыт үшін жауапты? Ленталар қиылды, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой PR науқанын жүргізді. Зауытта қашан өнеркәсіптік өндіріс басталады? Білім және ғылым министрі бұған жауапты емес екенін айтып отыр. Алексей Цой мырза тұтыну мен ұйымдастыруды ғана айтады. Сонда кім жауапты?", – деді Мәжіліс төрағасы.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов мәселенің мән-жайын анықтау үшін Үкіметке сұрау салынатынын мәлімдеді. 

"Бұл мәсселемен Үкіметте Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов айналысып жүр. Министрлер арасында – Білім және ғылым министрлігі. Қазір барлық техникалық жұмыстарды әкімдік жүргізеді. Олар техникалық бөлігін бітірген соң, зауыт Білім және ғылым министрлігінің балансына беріледі", – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары. 

Нұрлан Нығматулин мәселе Үкіметтің өзіне түсініксіз болып отырғанына тоқталып, бұл өте маңызды жоба екеніне назар аударды. 

"Әлихан Асханұлы, үлкен өтініш, "қойшы көп болса, қой арам өледінің" кері болмасын. Бұл– өте маңызды жоба. Халық, қоғам вакцинаны күтіп отыр. Қанша мәлімдеме жасалды, енді ұйымдастыруды қолға алыңыздар. Үкіметте нақты адамдар бар. Сіздер сұраған қаражат берілді. Енді, тағы қосымша қаржы сұрап отырсыздар, тағы бөлініп жатыр. Барлығы өздеріңізге байланысты, уақыт жылдам өтіп кетеді", – деді Мәжіліс төрағасы. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу