Қазақстан Республикасы Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров Көшпенділер ойындары қарсаңында ұлттық құрама мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Баспасөз мәслихаты барысында Айдарбек Асанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөліп, тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ алдағы Көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларға халық атынан сенім білдіріп, бұл бәсекенің жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді.

Федерация президенті ұлттық құрама сапындағы әрбір спортшының иығына үлкен міндет жүктелетінін айтып, көкпаршыларды ел абыройын асқақтатып, жанкүйер сенімін ақтауға шақырды.
Кездесуде ұлттық құраманың бас бапкері Нұрдәулет Момынов та сөз алып, команданың дайындық барысына тоқталды. Ол спортшылардың жоспарлы түрде оқу-жаттығу жиындарынан өтіп жатқанын айтып, халықаралық деңгейдегі маңызды додада ұлттық құрама бар күш-жігерін салып, аянып қалмайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар бас бапкер ұлттық құраманың сапалы дайындалуына барлық жағдайды жасап, жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық және ат спорты орталығына алғыс білдірді.
Жиын соңында Айдарбек Асанұлы ұлттық құрама мүшелеріне сәттілік тілеп, алдағы жарыста жеңіспен оралуына тілектестігін білдірді.
Федерация президенті ұлттық спортты дамытуға және ұлттық құраманың дайындығына қолдау көрсетіп отырған Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне, "Самұрық-Қазына" қорына және Спортты қолдау қорына ризашылығын жеткізді.

Алда – ел намысы сыналар үлкен дода. Ұлттық құрама Көшпенділер ойындарында Қазақстан көкпарының қуаты мен дәстүрін әлемге тағы бір мәрте танытуға дайын.