"Көлеңкелі экономиканың" негізгі үлесін Қытай тауарлары құрайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2675

Үшінші елдерден әкелінетін тауарлар түсімінің 30 пайызы Қытай тауарларына тиесілі.

"Көлеңкелі экономиканың" негізгі үлесін Қытай тауарлары құрайды

Бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың сөзінше, Қазақстандағы бизнесті "көлеңкеден" шығару жұмыстары салық және кеден саясатын жетілдіру, қолма-қол ақшасыз айналымның үлесін арттыру арқылы жүзеге асырылуда.

"Қолға алынған шаралар салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді интеграциялауға негізделген. Мұнда ақпараттық жүйелерді дамыту секілді бастамаларды іске асырудан үлкен нәтиже күтіледі. Дәлірек айтсақ, өнімді таңбалау, электронды шот-фактуралар, "Виртуалды қойма" модулі, тәуекелдерді басқару жүйесі, онлайн-кассалық бақылау машинасын енгізу және тағы да басқа жаңашылдықтар қарастырылған", – деді Берік Шолпанқұлов "Үкімет үйінде" өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тауарларды бақылау жүйесін құру экономиканы контрафактілік өнімдерден қорғауға көмектеседі. Сонымен, "Электрондық шот-фактуралар" ақпараттық жүйесі түпкілікті тұтынушыға дейін тауарлардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, "Виртуалды қойма" модулі тауарлардың қозғалысын автоматты түрде бақылауға жол ашады.

"Нақты қадағалау тұрғысынан тауарларды таңбалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тері бұйымдары бойынша пилоттық жобаның нәтижесінде 2018 жылы кірістер 1,5 есе өсті. Бүгінде темекі мен алкоголь өнімдері бойынша пилоттық қолға алынды", – деді бірінші қаржы вице-министрі.

Берік Шолпанқұловтың айтуынша, блокчейн технологиясы арқылы қосымша құн салығын бақылау шотын қолдана отырып, қосымша құн салығын басқарудың жаңа әдісі енгізілген. Яғни, қосымша құн салығын бақылау шотын қолданатын салық төлеушілерге қатысты салықтық тексерулер қосымша құн салығы қайтарылған кезде алынып тасталады. Оны қайтару мерзімі 55 жұмыс күнінен 15 жұмыс күніне дейін қысқарды.

2020 жылдан бастап онлайн-кассалық бақылау машиналарын пайдалануға жаппай көшу жоспарланған. Бұл рейдтік тексерулерден қашықтықтан салықтық бақылау жүргізуге жол ашады.

"Сонымен қатар ЕАЭО аумағы бойынша тауарлар транзитінің бірыңғай жүйесін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қырғызстаннан Ресей Федерациясына Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тауарларды бақылау мақсатында навигациялық электрондық пломбаларды пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Көлеңкелі айналымды азайту бойынша министрліктің негізгі міндеттерінің бірі – "айналы" кедендік статистикадағы сәйкессіздіктерді азайту", – дейді бірінші қаржы вице-министрі.

Министрлік өкілінің баяндауынша, үшінші елдерден әкелінетін тауарлар түсімінің 30 пайызын Қытайдан шыққан тауарлар құрайды. Осыған орай жуырда Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚХР-дың Бас кедендік басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы тиісті хаттамаларға қол қойылды. Ұсынылған бастамалардың нәтижесінде бюджетке 800 млрд теңге көлемінде қосымша түсім түседі деп күтілуде.

"Салықтық әкімшілендіру аясындағы цифрландыру салықтық тексерулерді 9 пайызға қысқартып, ел бюджетінің кірісін 20 пайызға арттыруға жол ашты. Салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру алдағы үш жыл ішінде бюджетке 1,9 трлн теңге көлемінде қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді", – деп нақтылады Берік Шолпанқұлов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу