Көлік қызметі көпшіліктің көңілінен шыққан

4241

Тұтынушылар құқығын қорғауға тиіс меморган ауқымды әлеуметтік зерттеуінің қорытындысын шығарды, деп жазады Inbusiness.kz.   

Көлік қызметі көпшіліктің көңілінен шыққан

Көлік саласы – халықтың сынына ең көп ұшырайтын салалардың бірі.

Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің дерегінше, көрсететін қызметтері Қазақстан тұрғындарының көңілінен шықпайтын, қайта көп наразылығын туғызатын басты үш сала анықталды. Біріншісі – медициналық қызметтер (сұралғандардың көбі – 45,9%-ы соны сынаған), екіншісі – көлік қызметтері (43,2%), үшіншісі – білім беру қызметтері (41,6%).

Бірақ көлік саласы деген – кең ұғым. Көлік құралының неше түрі бар. Оның қайсысына қазақстандықтардың көңілі толып, қайсысын жақтырмайды екен?

Комитет оны да нақтылауға бел буыпты. Сонымен, 17 өңірді және 17 мың адамды, ауылдар мен қалаларды қамтыған аса ауқымды сауалнама soc-opros.kz порталы арқылы оnline режимде жүргізілген. Оның қорытындысы келесідей.

Әуе көлігі қызметтеріне көңіліңіз тола ма?

Бұл сұраққа респонденттердің басым бөлігі – 41,8%-ы "Ия" деп жауап беріпті. Бұл қайран қалдырады, себебі, саланың беделін Бек Эйр біраз бүлдіріп кетті.

Дегенмен, ұшаққа отырып көрмеген не оны көп жылдан бері пайдаланбайтын қазақстандықтардың үлесі де үлкен болып шықты: үштен бірі немесе 34,4%-ы "әуе көліктері қызметін пайдаланбаймын" деп жауап қатты. Сұралғандардың 23,8%-ы бұл саланы аяусыз сынаған.  

"Осылайша, тұрғындардың негізгі бөлігін әуе көлігі саласындағы қызмет көрсету сапасы қанағаттандырады. Сонымен бірге, қазақстандықтардың ұшақтармен көп ұшпауына коронавирус пандемиясы ықпал етсе керек", – деп байлам жасады комитет.

Әуежайлар мен авиакомпанияларға жақсы қарайтын тұрғындар әсіресе,  СКО-да – 54,4%, Павлодар облысында – 51,9%, Қарағанды облысында – 49% көп екені анықталды. Сынайтындар Ақтөбе облысында – 33,9%, Алматы қаласында – 32% және БҚО-да – 30,9% жиі кездеседі.

Ал сапарлау үшін әуе қақпаларын пайдаланбайтындар Алматы облысында – 50,3%, Ақмола облысында – 48,2% және Жамбыл облсында – 46,3% көп тұрады.

Теміржол көлігі қызметтеріне көңіліңіз тола ма?

Әлеуметтік желіге сенсек, пойызбен саяхаттау нағыз тауқымет: "қажет бағытта билет болмайды, оны делдалдар қолынан табасыз", "вокзалға билет сатып алуға барсаңыз, жарты күніңіз құриды, қарақұрым кезекте сарыла күтесіз, кезек жеткенде касса жабылып қалады", "пойыз іші қапырық/суық", "берген төсек-орны кір-кір, жағал-жағал", сол сияқты. Бұл шағымдардың біразы негізсіз емес, орынды. Тіпті ұрлықты айтпағанда, пойызда әйел зорлау секілді масқара оқиға да болды.

Өз кезегінде ҚТЖ әрқайсысы 400 миллион теңге тұратын қымбат жаңа вагондар сатып алып жатқанын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлаған-тын. 

Жаңа шаралардың ықпалы қандай екені белгісіз, бірақ сұрау салынған қазақстандықтардың көбінің – 46,1%-ы теміржол көлігі саласындағы қызметтерге қанағаттанатыны анықталды. Бұл көрсеткіш жөнінен пойыз ұшақты "басып озды". 

Бірақ теміржол қызметтерін қатты сынағандар да осыған жетеқабыл: 43,2%. Яғни, екі топтың ара-қатысы fifty-fifty, елу де елу деңгейде. Сауалнама кезінде өмірінде пойызға отырмаған жан кездеспепті. Бірақ 10,7%-ы біраздан оның қызметін пайдаланбағандықтан нақты жауап беруге қиналған.

Бір қызығы, нағыз "пойызқұмарлар" Павлодар облысында шоғырланғаны мәлім болды: өңір тұрғындарының көбі – 56% теміржол қызметтерін сүйсіне қолданатынын жеткізген. Одан СҚО және Қостанай облысының тұрғындары да қалыспады: 52,6%.

Теміржолмен байланыстының бәрін ұнатпайтындардың біразы Шымкентті (51,4%), Алматы қаласы (50,3%) мен Алматы облысын (48,8%) мекендейді екен. Көптен пойызға мінбегені Маңғыстау (23,3%), Ақтөбе (16,3%) және Шығыс Қазақстан облыстарында (13%) көбірек.

Такси қызметтеріне көңіліңіз тола ма?

Пандемия заманында таксилердің тасы өрге домалап тұр. Билік жұрттың негізгі жұмыстан қолы босап, өз жұмыстарымен зыр жүгіретін демалыс күндері автобустарды қаңтарып тастап, таксишілердің қалтасын біраз қампайтты. Ал таксишілер билік пен бұқараға "алғысы" ретінде тарифін күрт көтерді. Сөйтіп, әлеуметтік желілерде жаппай сынға қалды. Ресейлік inDriver, Яндекс.Такси, Uber, қытайлық DiDi секілді сервистер отандық нарықты ен жайлады. Олар мысалы, жүк, хат-хабар, сәлемдеме тасуда қазір қазақстандық пошта компанияларын ығыстырып жатыр.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті әлеуметтік зерттеу барысында ел азаматтарынан "қалалық, қалааралық автокөлік таксиі көрсететін қызметтерге қалай қарайсыз?" деп сауал қойған. Нәтижесі қайран қалдырады: қанағаттанатын халықтың үлесі – 48,6% және бұл әуе, теміржол, автобус көліктерінің көрсеткіштерінен де жоғары.

Қазақстандықтардың тағы бір үлкен бөлігі – 42%-ы керісінше, такси сапасы еш сын көтермейтінін қапалана жеткізген. Сұралған жұрттың 9,4%-ы ғана такси қызметін пайдаланбайтынын мәлімдепті.

Таксишілерді құптаған адамдар Қызылорда облысында – 58,6%, Маңғыстау облысында – 55,5% және Түркістан облысында – 54% тұрады. Бұған таң қалу әбестік, себебі осы өңірлерде өзгелерге қарағанда такси тарифтері төмен. Керісінше, ШҚО тұрғындарының – 52,1%, Алматы облысында – 49,1%, алматылықтардың – 46,6%-ы такси десе қабағын түйеді. Алматы тұрғындарының – 13,5%-ы, Жамбыл облысында – 12,6%, Қостанай облысы тұрғындарының – 12,6%-ы такси қызметіне жүгінбейтіндерін жеткізген.

Автобус қызметтеріне көңіліңіз тола ма?

Қазақстан – қоғамдық көлігі шектеулі әлемдегі аз елдің бірі десек, артық айтқандық болмас. Ауыл түгіл, көптеген ірі қала үшін трамвай мен троллейбус – экзотика. Метрополитен жалғыз Алматыда ғана бар. Салдарынан, елімізде қоғамдық көлік – автобустың синониміне айналды.

Бірден айта кетейік, барлық көлік түрлері ішінде қалалық қоғамдық көлік ең нашар көрсеткіш көрсетіп отыр: респонденттердің 40,6%-ы ғана оның қызметін құптаған, мақтаған. Рас, осының өзі "қоғамдық көлікке қазақстандықтардың басым бөлігінің көңілі толады" деп айту үшін жеткілікті болыпты. Өйткені сынағандар үлесі шамалы жетпей қалды: 35,7% деңгейінде тұрақтады. 23,7%-ы автобусты қажетсінбейтін көрінеді. Бұлар жеке көліктің иелері болса керек.

Қарағанды облысында сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі – 59,9%, СҚО-да – 58,2%-ы, Түркістан облысында – 57%-ы автобустар қызметіне қанағаттанады. Ең көп сынайтындар (54%) ШҚО-да тұрады. Өңірдің бейресми астанасы Семейдегі Semey Bus автобус паркінің айналасындағы дау-жанжал бүкіл елге тарады. Ал мұнда автобустардың сирек жүретіні аңызға айналды. Шымкенттіктер де – 52,8%, алматылықтар да – 49% төл автобус парктерін жаратпайды екен.

Бір ғажабы, Маңғыстау облысы тұрғындарының – 50,8%-ы, Алматы облысында – 33,4%, нұр-сұлтандықтардың – 28,5%-ы автобус қызметін пайдаланбайтынын мәлімдепті.

Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің хабарлауынша, қазақстандықтарға қалалық автобустардағы ең ұнамайтыны – "үнемі шектен тыс толуы", "қозғалыс интервалын сақтамауы". Респонденттердің 20,5%-ы теміржол вокзалдарының және вагондардың ластығына шағымданыпты.

Автобустарға, пойыздарға, ұшақтарға ортақ бір кемшілік бар: сауалнамаға қатысқандардың 19,2% биылғы жылы осылардың бірінің кешіккенінен қиындық көріпті.

Бақыт Сұлтанов министрлігіне қарасты комитет осы ауқымды әлеуметтік зерттеуді жүргізуге, оның нәтижелерін өңдеуге, талдауға, қанша ел қаржысын жұмсағанын хабарламады. Сауалнама қорытындысында алған мәліметтері мен материалдарды нендей іске жаратынын түсіндірмеді. Егер халықтың пікірін білгеннен еш қорытынды шығармаса, әлдебір оң өзгерістерге түрткі болмаса, мұндай зерттеулерге шығындалудың да қажеті шамалы болса керек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу