banner

Көлік-логистика саласы дағдарысқа дейінгі деңгейге жете алмай отыр

5049

Қазақстан 2025 жылға дейін салаға 20 млрд АҚШ доллар көлемінде инвестиция тартпақ. 

Көлік-логистика саласы дағдарысқа дейінгі деңгейге жете алмай отыр

Былтыр көлік саласының ішкі жалпы өнім құрылымындағы үлесі 6,5 пайызды құрады. Бұл – 5,26 трлн теңге. Бір жыл ішінде көрсеткіш 9 пайызға өскен. Бірақ пандемияға дейінгі деңгейге әлі жеткен жоқ. 2019 жылы көлік логистикасы ішкі жалпы өнімнің 8 пайызын қамтамасыз еткен-ді. Яғни 5,59 трлн теңге көлемінде қызмет көрсеткен.

Қазақстандағы түрлі деңгейдегі автомобиль жолдары мен темір жолдар арқылы жыл сайын 7 миллиардтан астам жолаушы жүреді. 2021 жылы 7,6 миллиард жолаушы, 2020 жылы 8,3 миллиардтан астам адам тасымалданған.

Жүк тасымалының көлемі 1,1 пайызға өскен. Бұған электронды сауданың ұлғаюы мен Қазақстан арқылы өтетін транзиттік рейстер санының артуы септігін тигізді. Былтыр барлығы 4 млрд тоннаға жуық жүк тасымалданған. Ал жүк айналымы 1,4 пайызға өсіп, шақырымына 597,2 млрд теңгені құрапты.

Тасымалданған жүктердің жалпы көлеміндегі автомобиль көлігінің үлесі – 82,9 пайыз, теміржол көлігінің үлесі – 10,4 пайыз, құбыр көлігінің үлесі – 6,7 пайыз. Жүк тасымалдау көлемінің 0,04 пайызын құрайтын әуе, теңіз және ішкі көлік түрлері арқылы жүк тасымалдаудың әлеуеті мүлде ашылмаған. Дегенмен бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Батыс Қазақстандағы Ақтау портының базасында "контейнерлік хаб" құру жоспарлануда.

Қазіргі таңда Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Бұлар – 5 теміржол және 6 автомобиль жолы. Солардың арқасында Азиядан Еуропаға жүк тасымалдау және тауарды жеткізу мерзімі 13-15 күнге дейін қысқарды. Бұл теңіз көлігіне қарағанда екі есе жылдам. Сондықтан Қазақстанның транзиттік дәліздері сұранысқа ие.

FinReview.info сарапшыларының пікірінше, Қазақстанның көлік-логистика саласы бірте-бірте қалпына келуде. Бірақ кедергілер бар. Батыс елдері Ресейге қарсы санкциялар енгізгендіктен, жақын болашақта мұнай жеткізуде іркілістер болуы мүмкін. Бұл бензин бағасының көтерілуіне, жанармай тапшылығына және кейбір сауда базарларының жабылуына әкелуі ықтимал. Бүгінгі таңда логистика үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға және жылдам әрекет ету мен тез шешімдерді талап ететін мәселелерге бейімделуге тырысуда. Сондықтан Қазақстанның көлік-логистика саласы өзгермелі нарықтық жағдаятқа қатысты негізгі проблемаларды жоя отырып, барынша икемді болуы керек.

Бұл ретте бірнеше мәселе бар. Біріншіден, логистикалық шығындардың жоғарылығы. Тасымалдау шығындарының үлесі түпкілікті өнім бағасынан 25 пайызына жетуі мүмкін. Әлемдік орташа көрсеткіш 11 пайыз деңгейінде. Көрсеткіштер Қазақстан экономикасының басқа елдермен салыстырғанда көлік жүктемесін екі есе көптігін аңғартады. Бұл елдегі қолданыстағы көлік инфрақұрылымының әбден тозуына байланысты. Бұған жол бойындағы сервистердің дұрыс дамымауы да себеп.

Екіншіден, жүк тасымалдау кезіндегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары. Тәуекелдерді азайту үшін биылдан бастап ЕАЭО кеңістігінде навигациялық пломбаларды пайдалану туралы келісім күшіне енді. Енді мемлекеттік қазыналық органдар тауар ағынын онлайн режімде бақылай алады. Навигациялық пломбаларды қолданудың арқасында Ресейге жеткізу мәселесі және Еуропалық Одақ елдерінен санкцияланған өнімдерді транзиттеу мәселесі шешіледі. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету Қытайдан келетін тауарлардың "сұр" айналымын азайтуға септігін тигізеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы 5,7 миллиард АҚШ долларына тең.

Үшіншіден, көлік логистикасында цифрландырудың дамуы баяу. Цифрлық технологияларды енгізу жүк тасымалдау шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл сектордың кірістілігінің артуына және тауарлар бағасының төмендеуіне жағдай жасайды. Сапалы, автоматтандырылған басқару механизмімен жүк тасымалдау көлемі өсуде. Ал ақпараттық жүйелерді тұтынушылармен және жеткізушілермен біріктіру оның ашықтығы мен операцияларының жылдамдығын арттырады. Бұл компаниялардың әлемдік нарыққа шығуын жеңілдетеді.

Төртінші мәселе – геосаяси жағдайдың және соның салдарынан халықаралық сауданың өзгеруі. Қазақстан барлық елмен достық қарым-қатынасын сақтаса да, біздің экономика әлемдік нарықтағы ауытқуларға тәуелді.

Жоғарыда аталған проблемаларды шешудің жолы – инвестиция тарту. 2025 жылға дейін Қазақстан 20 млрд АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Мақсат – транзиттік-көлік бағыттарын әртараптандыру және интеграцияланған логистикалық шешімдерді енгізу. Соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласын дамытуға шамамен 35 млрд АҚШ доллары тартылған.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу