banner

Көлік жүргізушілері қағазбастылықтан құтылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
15454

Бірінші шілдеден бастап ЕАЭО елдерінің көлік құралдарына электронды төлқұжат енгізіледі.

Көлік жүргізушілері қағазбастылықтан құтылады

Бірнеше айдан соң Қазақстан, Ресей, Белорусь, Қырғызстан және Армения мемлекеттері көлік құралдарына қатысты ортақ талапты темірқазық тұтуға міндеттеледі, ал көлік жүргізушілері қағазбастылықтан құтылады.

Айта кетейік, жоба 2017 жылдың 1 шілдесінде жүзеге асуы тиіс болатын. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі автоөндірушілер мен дилерлердің жаңашылдыққа дайын болмауының салдарынан ол жоғарыда көрсетілген мерзімге шегерілді.

Бұл туралы "Ресей автомобиль дилерлері" қауымдастығының басшысы Олег Мосеев: "Электронды төлқұжатқа көшу мерзімін кейінге шегеру туралы ұсыныс Белорусь пен Қазақстан тарапынан түсті. Себебі бұл елдер электронды төлқұжат енгізуге техникалық тұрғыдан дайын болмады. Өз кезегімізде біз еуразиялық комиссияға жобаны жүзеге асыру уақытын созу туралы хат жолдадық", – деді.

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2015 жылғы 22 қыркүйектегі №122 шешімімен көлік құралдарының электронды төлқұжатына қатысты тәртіп бекітілді. Ол ЕурАзЭҚ аумағындағы көлік құралдары мен техниканың басқа да түрлерінің емін-еркін жүріп-тұрына жағдай жасауды, қозғалыс құралына қатысты барлық мәліметті автоматтандыруды, шекарадан өткен кезде көлік құралдарын қадағалау тәртібін жеңілдетуді көздеді.

Құжатқа сәйкес, көлік құралдары, шасси және басқа да техника түрлеріне қатысты жүріп-тұру, сатып алу мен сату сонымен қатар басқа да құқықтық шаралар кезіндегі тиісті рәсімдер оңтайландырылады. Электронды төлқұжатты көлік құралдарын шығарушылар мен тиісті тізілімге енгізілген уәкілетті органдар мен ұйымдар рәсімдейді.

Нақтылайық, электрондық төлқұжат автокөліктің техникалық төлқұжатты ғана болғандықтан, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті алмастырмайды. Себебі ол көлік құралының ілеспе құжаты болып саналады.

Айтпақшы көлік жүргізушілері осыған дейінгі қағаз құжаттарын электронды құжатқа ауыстыруға міндеттелмейді. 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін  берілген құжаттар мерзімі аяқталғанға дейін қолданыла береді. Дегенмен кез келген көлік жүргізушісіне қалаған уақытында қағаз құжатын электронды құжатқа ауыстыруына болады. Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап көлік құралдарына қағаз құжат беру тоқтатылады.

Автошолушы Андрей Гречанниктің айтуынша, ЕАЭО елдерінің көлік құралдарына электронды төлқұжат енгізу туралы келісімге келуі қағазбастылықты келмеске кетіріп, жол полициясы қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді.

"Барлық мәлімет компьютерлердің серверлерінде сақталады. Яғни электронды ақпарат жол полициясына қолжетімді болады", – деді ол.

Біле жүріңіз, электрондық төлқұжатта  автокөлікке қатысты барлық мағлұмат болады. Оның ішінде көліктің техникалық жағдайы, жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоғы және көлікке қойылған шектеулер тізіліп тұрады. Ал қолдан көлік сатып алғысы келген адам арнайы порталға кіріп, автомобильдің тарихымен таныса алады. Атап көрсетерлігі, электрондық төлқұжаттың көшірмесін жасау мүмкін емес. Электронды төлқұжатта автокөлік немесе мотоцикл туралы мәліметтер ЕАЭО-ға шығарылған немесе импортталған сәттен бастап жазылады.

Қазақстан автобизнес қауымдастығы таратқан ақпаратқа сәйкес, біздің ел электронды төлқұжат жобасын іске қосуға дайын.

"Бүгінгі таңда Беларусь пен Ресей электронды төлқұжатқа көшуге негіз болатын барлық құқықтық актілерді қабылдап, осы іспен айналысатын  ұлттық органды белгілеп үлгерді", – деп жазды Қазақстан автобизнес қауымдастығы өзінің әлеуметтік парақшасына. Ал Еуразиялық экономикалық комиссияның техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Арман Шаққалиев 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап көлік құралдарының электронды төлқұжатқа өтуі Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі құжат айналымын жеделдетіп, бизнестегі операциялық жұмыстарды жеңілдететінін тілге тиек етті.  

"Электронды автоқұжат жүйесіне көшу біртіндеп жүзеге асырылады. Құжат барлық ЕАЭО елдерінде бірдей болады", – деді департамент директоры.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу