Көлікті кәдеге жарату сертификатын өзгеге сатуға мүмкіндік бар

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
6615

26 маусымнан бастап қолданыстан шыққан ескі көлік құралдарына сертификаттар беріле бастайды.  

Көлікті кәдеге жарату сертификатын өзгеге сатуға мүмкіндік бар

Қазақстанда 26 маусымнан бастап қолданыстан шыққан көлік құралдарын кәдеге жарату бағдарламасы іске қосылады, оған сәйкес кәдеге жаратуға тапсырылған ескі көліктің орнына жаңасын жеңілдікпен сатып алуға сертификат беріледі. Бұл туралы автокөлікті кәдеге жарату жөніндегі мемлекеттік оператор – "ӨКМ операторы" ЖШС-нің баспасөз қызметі мәлім етті.

Бұрынырақ мәлім етілгендей, тиісті бағдарлама ҚР энергетика министрлігі, ӨКМ операторы, ҚР инвестиция және даму министрлігі және отандық автоөндірушілердің бастамасы бойынша әзірленді. Кәдеге жарату бағдарламасына тек жеңіл автокөлік қана емес, сонымен бірге жолаушылар және жүк көліктері де енгізіледі.

"Жаңа бағдарлама шарттары бойынша, кәдеге жаратуға М1 санатындағы ескі жеңіл автокөліктер (толық комплектациялы), сондай-ақ жолаушылар және жүк көліктері қабылданады. Көлік құралдарының шыққан мерзімі, моделі және не мақсатта пайдаланғанына қатысты ешқандай шектеу жоқ. Жолаушылар және жүк көліктерін тапсырарда қойылатын жалғыз талап – көліктің жұмыс істеп тұруы, М2, М3, N2, N3 санатындағы көлік құралдары техникалық тұрғыдан дұрыс жұмыс істеп, шығарушы зауыттың жабдықтауына сәйкес келуі керек", – делінген баспасөз баянында.

Бағдарлама шарттары бойынша, тапсырылған ескі көліктің орнына көлік иесі Қазақстанда жасалған экологиялық таза, жаңа көлік құралын жеңілдікпен сатып алуға сертификат алады.

Кәдеге жаратуға тапсырылатын көліктің санатына қарай сертификаттағы жеңілдік сомасы өзгеріп отырады, ол 315 мыңнан басталып 650 мың теңгеге дейін жетеді.

"Бағдарлама тек нақты бір көлік түрін алуға міндеттемейді. Сертификатты Қазақстанда жасалған, экологиялық таза көлік құралының кез келген санатын және моделін алуға пайдалануға болады", – деп мәлімдеді "ӨКМ операторының" мамандары.

Айта кететін жайт, бір автокөлікті сатып аларда екі сертификаттың сомасын біріктіруге болады, сондай-ақ сертификатты басқа адамның атына қайта тіркеуге мүмкіндік берілген, алайда ол екі реттен аспауға тиіс.

Сертификат 12 айға дейін жарамды.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда қалдықтарды жинақтау және кәдеге жаратуға өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелер ережесі енгізілді. Әзірге ӨКМ тек шина, аккумулятор және автокөлік құралдарына әрекет етеді.

Компания 2017 жылы 40000 ескі көлік құралын қабылдауды жоспарлап отырғанын бұдан бұрынырақта "ӨКМ операторы" ЖШС-ның басқарушы директоры Рустам Темірбек айтқан болатын, оның жиырма мыңын ескі тәртіп бойынша ақшаға алса (толық жабдықталған автокөлікке 150000 теңгеге дейін), қалған жиырма мыңын сертификаттарға ауыстырмақшы.

2016 жылы ҚР энергетика министрлігі жеке және заңды тұлғалардан 10000 ескі автокөлік сатып алуға квота бөлген болатын. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 5700 автокөлік қабылданды, оларға жалпы сомасы 850 млн теңге төленді, яғни әр автокөлікке төленген ақының орташа сомасы 149000 теңгені құрады. Егер тапсырылатын көліктің белгілі бір компоненті жетіспесе (аккумуляторы, доңғалағы және т.б.) ол 48000 теңгеге арзан бағаланады. Алайда көліктің басым бөлігі бірінші санат бойынша қабылданған, яғни оларға 150000 теңге берілген. Қалған ақшаға 4300 көлік сатып алу 2017 жылдың қаңтар айыннан бастап одан әрі жалғастырылды.

Кәдеге жарату бағларламасы Қазақстан автоөнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосуы мүмкін. Бұдан бұрын ҚР инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау 2017 жылдың қорытындысы бойынша құрастырылған автокөлік саны 2016 жылмен салыстырғанда 30%-ға артуы мүмкін екенін abctv.kz-ке айтқан болатын. Егер жеңіл автокөлікке берілген сертификаттың құны 315000 теңге екенін ескерсек, бұл соманы Қазақстанда шығарылған аса қымбат емес көлікті алуға алғашқы жарна ретінде немесе анағұрлым қымбат көлік моделдеріне қосымша қаражат ретінде пайдалануға болады.

Биыл тапсырылатын 40000 автокөлік Қарағандыдағы автокөлік қоқыстарын кәдеге жарату зауытын жұмыспен қамтамасыз етуге тиіс, оның бастапқы қуаты жылына 50000 автокөлікті кәдеге жаратуға жетеді. 20000 сертификат түгелімен биыл игерілсе, соның бір өзі ғана 2017 жылы Қазақстанда 20000 автокөліктің жасалуына ықпал етеді, оның бір бөлігі 2018 жылға ауыстырылуы мүмкін. Бұл әрқайсысына 150000 теңге төленетін 20000 ескі автокөлікті есептемегендегі көрсеткіш. Теңгенің девальвациясынан кейін 150000 теңге – арзан автокөлік сомасының 10%-нан әлдеқайда төмен (банктердің көпшілігі автонесиелеуге алғашқы жарна ретінде автокөлік құнының 10%-ын алады). Осыған байланысты тұтынушылардың бір бөлігі жүрістен қалған темір тұлпарын тапсырып, одан қолма-қол ақша алады, алайда бұл отандық автоөндірістің дамуына еш ықпал етпейді. Ал ендігі бір бөлігі үстіне ақша қосып Қазақстанда шығарылған жаңа автокөлік ала алады. Олардың үлесі көп болған сайын, отандық автоөнеркәсіптің келешегі да жарқын бола түседі.

Мұнда "Қазақстанның даму банкі" АҚ-ның коммерциялық банктер арқылы жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасына ерекше тоқталып кеткен жөн. 2017 жылдың 8 маусымындағы жағдай бойынша ҚДБ жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы аясында жалпы сомасы 34 млрд 742,9 млн теңгеге коммерциялық банктер арқылы жеке тұлғалардан түскен 9129 өтінішті мақұлдады. Оның ішінде екінші деңгейлі алты банк жалпы сомасы 33 млрд 887,8 млн теңгеге отандық автоөндірушілердің көлігін алуға 8906 несие берген. Қарыз алушылар ақшаны қайтарған сайын бұл қаражат қайтадан жеңілдікпен автонесиелеу бағдараламсына жіберіліп отыр.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться