Көлікті қаңтарып қоятын күн келеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2848

Астанада АИ-92 бензині 2-4, дизель отыны 2-8 теңгеге қымбаттады.

Көлікті қаңтарып қоятын күн келеді

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев төртінші мұнай өңдеу зауытын саламыз, Қазақстанда Еуро-4 пен Еуро-5 стандарттарының баламасын өндіреміз, сұйық отын мен авиациялық отынның импортына тәуелділіктен құтыламыз және жанар-жағармай мен авиациялық отынның қорын құрамыз деген жағымды жаңалықты жұртқа жеткізіп, сүйінші сұрап жүргенде, елорда да бензин мен дизель отыны тағы да қымбаттап, көлік жүргізушілері абдырап қалды. Себебі бір түнде АИ-92-ге 2-4 теңге, дизель отынына 2-8 теңге қосылды.

"ҚазМұнайГаз" АИ-92-ні 4 теңгеге қымбаттатып, 163 теңгеден сатса, Royal Petrol өнімнің осыған дейінгі құнын 2 теңгеге көтеріп, АИ-92-ге 162 теңге деген баға бекітті. Sinooil 158 теңгеден сатқан бензинінің бағасын 162 теңге шарықтатса, "Аурика" жанармай құю бекеттері АИ-92-нің бір литрін 162 теңгеден саудалағанды жөн көрді. "Газпром" бағасын өзгерткен жоқ, өйткені ол осыған дейін де көлік жүргізушілеріне АИ-92-нің литрін 163 теңгеден өткізіп отырды. Бұрынғы бағаны сақтап қалған Helios жанармай құю бекеті болды. Мұнда әзірше АИ-92 бензині 162 теңгеден сатылып жатыр.

Дизель отынының бағасына келетін болсақ, "Газпром" мен Sinooil қаңтардағы құнға 2 теңгеден қосып, 160, 159 теңгеден сатса, Royal Petrol бұрынғы бағаны 4 теңгеге қымбаттатып, 1 литр соляркаға 159 теңге сұрап отыр. Helios дизель отынын 160 теңгеден сатып жатыр. Ең қымбат дизель отыны "ҚазМұнайГаз" жанармай құю бекеттерінде. Мұнда келген көлік жүргізушілері солярканың бір литрін 165 теңгеден сатып алып жатыр. Бұл "ҚазМұнайГаз" дизель отынының бағасын 8 теңгеге қымбаттатты деген сөз.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың бірінші тоқсанында АИ-92 бензинінің литрі 137-142 теңге шегінде саудаланды. Екінші, үшінші тоқсандарда көлік жүргізушілері бензинді 150 теңгеден сатып алып жүрді. Ал төртінші тоқсанда бензин бағасы 160-161 теңгеге жетті.  

Ақпан айында өткен энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Қанат Бозымбаев 2018 жылы мұнай өңдеу көлемі 1,1 млн тоннаға артып, 16 млн тоннаға жететінін айтты. Ол еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары жобалық қуатына толық кіріскен кезде, яғни 2018 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап ішкі нарық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілетініне тоқталып: "Ішкі нарықты отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бензин мен дизель отыны бойынша 90, ал авиакеросин бойынша 70%-ды құрайтын болады", – деді.

Сөз арасында Қанат Бозымбаев Қазақстан бензин бағасы арзан елдердің рейтингінде әлем бойынша 15 орында тұрғанын тілге тиек етті.

"Global petroleum prices" халықаралық агенттігі әлемдегі жанар-жағармай бағасы ең арзан елдердің рейтингін жасайды. Аталған рейтингті жасау үшін жоғары октанды бензин мен дизель отынның бағасын пайдаланады. Аталған рейтингте 167 елдің дерегі қолданылады. 2018 жылы 19 ақпанда жарияланған рейтингте Қазақстан ең арзан бензин бойынша 15 орында тұр", – деді ол.

Қанат Бозымбаевтың баяндауынша, ақпан айында елімізде 1 литр бензиннің бағасы 56 центті құрады. Ал әлемде 1 литр бензиннің орташа бағасы - 1 доллар 15 цент. Ең арзан бензин Венесуэлада, 1 литрі 10 центке тең. Ең қымбат бензин 2 доллар 10 цент. Бұл көрсеткіш Исландияда тіркелген.

"Аталған рейтингте Қазақстан дизель отынының бағасы бойынша 14 орында тұр. Біздегі дизель отынның бағасы - 50 цент. Әлемдегі дизель отынының орташа бағасы - 1 доллар 04 цент. ТМД елдері бойынша салыстырар болсақ, онда бізге қарағанда ең арзан бензин Түркменстанда. Мұнда сұйық отынның дәл осы түрі 0,43 центтен сатылады", – деді Қанат Бозымбаев. 

Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан 2017 жылы 69,8 млн тонна мұнай экспорттаған. Ал үш мұнай өңдеу зауыты 3 млн тонна бензин өндірген.

"Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға көп көрсеткіш. 2017 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеудің құны 709,6 млрд теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 14,2%-ға артты. Өндірістің  59,3% - Атырау облысына, 12%-ы - Павлодар облысына, 11,2%-ы - Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі болды", – деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, биыл 87 млн тонна мұнай өндіру көзделіп отыр.

"2017 жылы 86,2 млн тонна мұнай өндіріліп, 2016 жылғы деңгейден 105 пайызға өсім көрсетті", – деді министр.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2017 жылы мұнай өндіру көлемінің артуына Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында атқарылған жұмыстар  оң нәтижеге қол жеткізуге себеп болған. 

"2018 жылы Қашаған кен орнының есебінен мұнай өндірісінен өсім күтеміз. Биыл Қашағаннан мұнай өндіру жоспары 11 млн тоннаны құрайды", – деді энергетика министрі.

Иә, көрсеткіштерге қарасаң, көзің  тойып, көңілің марқаяды. Бірақ баға бұлқынысы Қазақстанның "арзаны", әлемнің "қымбатын" қуып келе жатқанын және алдымызда Түркменстан, соңымызда әлем тұр деген мағынадағы министрдің мәлімдемесі бензин мен дизель отынының қымбаттауына тосқауыл бола алмай тұрғанын көрсетеді.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться