banner

Коллекторлар борышкермен әңгімесін аудиожазба арқылы жүргізуге міндеттелмек

6634

Жаңа заң өсімпұлдар мен сыйақылардың қарқынын шектейді.

Коллекторлар борышкермен әңгімесін аудиожазба арқылы жүргізуге міндеттелмек

Мәжіліс депуттары микрокредиттік ұйымдарды несиенің толық құнын келісімшарттың бірінші бетінде көрсетуге міндеттемекші.  

Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне "Микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады,– деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Құжатты осы өзгерістер туралы бастама көтерген депутаттың бірі Аманжан Жамалов таныстырды.  

"Бұл заң жобасы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен қолға алынған болатын. Заң жобасында шағын қаржылық ұйымдар беретін несиенің толық құнын келісімшарттың бірінші бетінде көрсетуге міндеттелген. Банктер мен  микроқаржылық ұйымдарға мерзімі өткен капиталдандырылған сыйақылар бойынша тұрақсыздық, айыппұл, өсімпұлдар, комиссиялар есептеуге тыйым салынады. Коллекторлық агенттіктердің жұмысын тиімді ету үшін олардың минималды жарғылық капиталына қатыста талаптар бекітілді",  дейді депутат. 

Бұл заң жобасы Мәжіліс сайлауы болғандықтан, аяғына жетпей қалған болатын. Мәжіліс құрамы жаңарғандықтан, заң жобасын әзірлеуші жұмыс тобының да құрамы өзгеріпті. Аманжан Жамаловтың айтуынша, бұл заңның одан сайын жетіле түсуіне оң әсерін тигізген көрінеді. 

"Бұл жолғы шақырылым депутаттарынан құралған жұмыс тобы микрокредит ұйымдары мен коллекторлық ұйымдардың ғана емес, банктердің жұмысына қатысты да өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Сондықтан заң жобасының атауы өзгертілді. Барлық ипотекалық қарыздардың кешігу мерзімі 180 күннен асқан жағдайда комиссиялар мен сыйақылар жүктеуге тыйым салынады. Барлық мерзімі өткен кредиттерді төлетудің бірыңғай тәртібін енгізу керек. Қазір мұндай тыйым ипотекалық тұрғын үй қарыздарына ғана салынады. Банк заңнамасындағыдай микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыппұлының мөлшерін шектеу ұсынылады. Мерзімі өткен қарыздарды реттеудің банктер мен кредиттік ұйымдар үшін бірыңғай құқықтық режимін енгізуді ұсынамыз. Қарыз алушының өтінішін кредит беруші ұйымның қарау тәртібі  заңнамалық актпен реттеледі", – деді Мәжіліс өкілі.

Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобасын Сенат өкілдері де қолдаған жағдайда проблемалық несиесі бар азаматтардың арқасындағы жүк біршама жеңілдейтін түрі бар. Нақтырақ айтсақ, кезінде несиесін біршама кешіктіріп, аяғында қарыздан түгел құтылған адамдардың жағымсыз несие тарихы 5 жылда базадан жойылатын болады. Ал қазіргі заңнамада бұл мерзім – 10 жыл. Бас ал десе, шаша алатын коллекторлардың да айылын жиғызатын нормалар енгізілмек.

"Борышкер мен кредит берушінің проблемалық қарызды реттеуге бағытталған өзара әрекетінің мерзімін 180 күннен 90  күнге қысқарту ұсынылады. Бұдан бөлек қорғау шарасы ретінде борышкерге қарызын қайта құрылымдау кезінде несие берушімен ортақ шешімге келе алмаған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіну құқығы берілмек. Бұл кезеңде несие беруші кепілге қойылған мүлікті тәркілей алмайды", – дейді депутат. 

Мәжіліс өкілдері дайындаған құжатта халықтың несие жүктемесін ауырлатпау үшін банктер мен несие ұйымдарына кредиттік бюроға номиналды және жылдық сыйақы мөлшерлемелері туралы ақпарат беруге міндеттеуді ұсынылған. Ал жарнама таратқан кезде микрокредиттік ұйымдар әрбір өнімінің жылдық сыйақы мөлшерлемесін  көрсетуге міндеттеледі. 

"Коллекторларға бөтен телефон нөмірінің көмегімен борышкерді мазалауға тыйым салынады. Борышкермен сөйлесу сәтін аудиожазба арқылы жүргізу міндетін бекіттік.  Коллекторлардың үшінші тұлғалармен әрекеттесіп жұмыс істеуін шектедік. Салыстырмалы кестені қарасаңыздар 38 түзету ұсынылып отыр. Оның бәрі бойынша Үкіметтің  қорытындысы бар", деді Аманжан Жамалов.  

Мәжіліс өкілдері құжатты екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу