Қолма-қолсыз есеп айырысу официант мамандығының беделін түсірді

4498

Мейрамханалар білікті, тәжірибелі мамандарынан айырыла бастады. Оларды сақтап қалу үшін клиенттерден "шайлық" жинаудың жаңа тәсілі кеңінен енгізілмек.

Қолма-қолсыз есеп айырысу официант мамандығының беделін түсірді

Қазақстандықтар соңғы жылдары дәмхана, мейрамхана, тойханаларда қызмет көрсету сапасы күрт нашарлағанын аңғарса керек. Тіпті ас мәзіріндегі бағалары ұшынып тұрған ең сәнді-салтанатты тамақтану орындарының өзінде даяшылар клиентке керіліп басып, екі қадам жерге әзер жетеді. Келушілердің қарны шұрылдап, асқа бас салуға асығып отырғанын көріп-білсе де, олар өз бұрыштарында ұйлығып, асықпай шүйіркелесіп тұрады. Ал аспаздың тапсырыс берілген тағам орнына басқасын жолдауы, көлемін азайтып, "таразыдан" жеуі, ингредиенттерін ойына келгенше ауыстыра салуы, бұзылған өнімдерді пайдалануы – тұтас бір "эпопея".

Мамандар түрлі семинарларда, эксперттік кездесулерде саладағы қызмет көрсету сапасының төмендеуінің себептерін талқылап жүр. Қаптаған объективті себептер сыртында қызықты бір дәлелі де анықталды. Соңғы жылдары даяшылардың, аспаздардың табысы күрт азайып кетіпті. Оған басты бір себеп – қазақстандықтардың қолма-қолсыз, QR-кодпен, банктік карталармен есеп айырысуға көшуі.

Қонақжайлылық менеджменті маманы Гүлнәр Досымбекованың айтуынша, бұрынғы жылдары даяшы-официанттардың, бармендердің, курьерлердің табысының елу пайызына дейінгі үлесін шайлықтар құрайтын.

"Кейбір әбжілдері тіпті осының арқасында жалақысынан бірнеше есе көп кіріс көретін. Бүгінде жағдай басқаша. "Кешірерсіз, чаевый беруге наличкам жоқ" деген қысыр сөзді көп естиді. Оның үстіне кейбір клиенттер жомарттық танытып, чектегі соманы көбірек көрсетуді сұрайды, бірақ ол қаржы ортақ кассаға кетіп, шайлық ретінде есептелмеуі, яғни ибалы, сүйкімді, сыпайы даяшыға берілмеуі мүмкін. Бірқатар адам даяшының телефон нөмірін сұрап, соған аударуға ниеттенеді. Бірақ бұған салмақты тамақтандыру орындарында қожайындар тыйым салады. Оның қаупі, тәуекелі бар. Клиент нөмірді танысу, қырындау үшін пайдалануы, даяшыны қыр соңынан қалмай қудалауы мүмкін", – дейді ол.

Асхана, көше фастфудынан басқа, қоғамдық тамақтандыру орындарында клиенттің чегінде 10% шайлық қарастырылады. Дегенмен олардың біразы бұдан түскен қаражатты даяшыларға бере бермейді. Компанияның табысына жатқызылуы мүмкін немесе бұл қаржыға персоналды тамақтандыру, үйлеріне жеткізу сияқты қызметтер көрсетіледі.

Сондықтан білікті кадрлар даяшы деңгейінде көп қалмайды, әкімші-администратор, бақылаушы, зал менеджері, супервайзер болып өсіп кетеді немесе басқа салаға ауысады.

Бұл түйықтан әр компания өз бетінше шығуда. Мысалы, кейбірі Tipbox атты секілді сервистің сапасын бағалау және шайлықты төлеу жүйесі құрылғысын қояды. Бірақ ол банк картасынан ғана ақша қабылдайды. Бірқатары персоналға арналған шайлық жәшігін қояды. Қолма-қол ақша, тиын-тебен көп қолданылмайтындықтан олар да көбіне бос тұрады.

Шайлық жинайтын электронды құралдар нарықта жетерлік, бірақ олар танымал болмай тұр. Кәсіпкерлер ол үшін қалай салық төлеу керектігін білмейді. Яғни аспап-амалы бар, тек оның кең таралуына есеп, декларация тапсыру рәсімінің жетілдірілмеуі ғана тоспа болып отырғандай.

Алматыдағы танымал мейрамханалар желісінің бөлім бастығы Арман Жұмабаев Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Әли Алтынбаевқа өтінішпен жүгінді.

"Кейінгі жылдары қазақстандықтардың қолма-қолсыз төлемге жаппай көшуіне байланысты біздің даяшылар, курьерлер және басқа персонал шайлық түріндегі айтарлықтай табысынан айырылды. Сондықтан шайлықты жинауға және бөлуге арналған төл автоматтандырылған жүйемізді енгізгіміз келеді. Бұл заңды ма? Ұқсас сервистер Ресейде қолданылады. Айталық, netmonet, 2tip, cloudtips және басқасы", – дейді Арман Жұмабаев.

Оның түсіндіруінше, шайлықтар осы жүйеден бірден қызметкерлердің жеке нөмірлері арқылы Kaspi шотына аударылады. Ол шайлықтан тек компания қосымшасы үшін комиссия ұсталады.   

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, шайлық жинап, тарататын автоматтандырылған жүйелерді енгізуге ведомство қарсы емес. Тек салығын төлесе болғаны.  

Комитеттің түсіндіруінше, Салық кодексіне сәйкес, шайлық та жеке тұлғалардың табысына жатады. Тиісінше, кодекстің 320-бабының 1-бөлімі бойынша одан 10% жеке табыс салығы төленуге тиіс. Ал Салық кодексінің 350-бабының 1-бөліміне сай, жеке табыс салығын (ЖТС) есептеуді, ұстап қалуды және бюджетке төлеуді жеке тұлғалар емес, төлем көзі, яғни компания жүзеге асырады.

"Осылайша, даяшылардың, курьерлердің, басқа да жеке тұлғалардың шайлық түріндегі ақшалай табыстары 10% мөлшерінде ЖТС төленуге тиіс табыс болып табылады. ЖТС-ті есептеу, ұстап қалу және бюджетке төлеу міндеттемесі салық агентіне жүктеледі. Бұл ретте салық агенті болып, дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, заңды тұлғалар танылады", – деп түсіндірді Мемкірістер комитеті.

Қалай болғанда, даяшылар – феодалдық замандағы қонақтардың алдынан құрдай жорғалайтын жалшы, малайлар емес, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыратын нағыз мамандар. Олар клиенттерге қандай тамақтан дәм татуға ақыл-кеңес береді, шарап картасында жазылғанның байыбына баруға, татымды ішімдікті таңдауға жәрдемдесетін сарапшы болады. Келушінің дәмхана-мейрамханаға қайта оралатын-оралмайтыны да, олардың көңіл-күйінің көтеріңкі не түсіңкі болуы да соған байланысты.

Егер шайлықтар электронды жүйелер арқылы заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан кетсе, онда мемлекетте де салықтың жаңа көзі пайда болуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу