Қолымнан келмейді десеңіздер қазірден орынды босатыңыздар - премьер-министр

1148

Үкіметтің кезекті отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов министрлер не халықты ойлауы керек, не отставкаға кетуі керек деп мәселені төтесінен қойды.

Қолымнан келмейді десеңіздер қазірден орынды босатыңыздар - премьер-министр Фото: primeminister.kz

"Жақында Президент сайлауы өтті. Оған дейін Конституцияға өзгертулер енгізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдағы 7 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуы тиіс.
Қоғам бізден нақты, оң өзгерістер күтіп отыр", – деді Премьер-Министр.

Бұл ретте ол өзара байланысты үш қағидатқа, яғни, Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғамға негізделген жаңа мемлекеттік саясатты қалыптастыру керек деп есептейді. 

"Осы мақсатқа жету үшін барлық тиісті жұмысты атқаруымыз керек. Мемлекет басшысы бізден "Жаңа жылға Үкіметтің қазіргі құрамымен аяқ басуға бола ма?" деген сұраққа нақты жауап күтеді. Мен Премьер-Министр ретінде Президент жүктеген міндеттерді орындауға әрі тиімді шешуге бар күшімді саламын. Осында отырған әрбір Үкімет мүшесінен де нақты жұмыс күтілуде. Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын десеңіздер қазірден орынды босатыңыздар!", – деп кесіп айтты Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырады.

"Бүгін Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шараларды талқылаймыз. Республикалық штаб құрылды. Оның құрамына орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың барлық бірінші басшылары кірді. Штаб отырыстарын жүйелі түрде өткізіп тұрамыз. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарының әрбір қадамы тұрақты бақылауда болады. Осы Жоспардың барлық тармақтарының орындалуы үшін бірінші басшылар тікелей жауапты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бірқатар бағыт бойынша қатаң сын айтты. Әр министр Президент тапсырмалары мен
Іс-қимыл жоспарының тармақтарын орындау жөнінде жұмыс тәсілін ұсынуы тиіс", – деді Әлихан Смайылов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу