banner

Қомақты қаржы, мыңдаған жұмыс күші, аз ғана уақыт: жылу проблемалары қалай шешіледі?

Шаһардағы жылу жүйесін кешенді жөндеу жұмыстары күтіп тұр. 

Қомақты қаржы, мыңдаған жұмыс күші, аз ғана уақыт: жылу проблемалары қалай шешіледі? Фото: Валерий Бугаев

Былтырғы қарашада Екібастұз қаласындағы жылу желілерінде орын алған апаттың салдары әлі байқалуда. Байқалып қана қоймай, жылдар бойы қордаланып қалған талай түйткілдің бетін ашып берді. Ендігі ретте оларды тарқату бойынша жұмыстар жүргізілуі тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

"Жылу-электр орталығын салу мәселесін жауып қояйық" 

Екібастұз қаласындағы жылумен қамту мәселесіндегі проблемалар жетіп артылады. Оның барлығын шешу үшін қомақты қаражат, мыңдаған жұмыс күші мен айтарлықтай уақыт керек. Алайда қыс бойы бүрсең қағып шыққан тұрғындардың күтетін уақыты жоқ. Қазіргі жылу беру маусымы әлі аяқталмаса да жұртшылық ертеңгі күнге алаңдап отыр. Көпшіліктің басты уайымы – алдағы жылу маусымында биылғы қиындықтардың қайталанбауы. Ол үшін қайтпек керек? Монополист компания мен жергілікті биліктің не ойлағаны бар? Олар да тұрғындар сияқты уайымға салынып отыр ма, жоқ әлде осы жылыту кезеңінің әупірімдеп жүріп аяқталғанын күтіп отыр ма? Санада осындай сан сауал көп. 

Иә, биылғы қыс екібастұздықтар үшін оңайға соққан жоқ. Мұз боп қатқан құбырлар, суық тартқан үйлер, батареялардың жарылуынан зардап шеккен пәтерлер... Мұның барлығы қарапайым халыққа кәдімгідей ауыртпалық салып отыр. Басқасын былай қойғанда, қыста батареялардың қатып қалуының салдарынан 252 пәтерді су басып, тұсқағаздары мен төбесі түсіп, тұрмыстық техникалары жарамай қалды. Бүгінде әкімдік пен көптің көмегімен 220 пәтер ретке келтірілді. Әлі 32 баспананы жөндеу жүріп жатыр. 

Алдағы уақытта бұл қиындықтың барлығы артта қалуы үшін Энергетика министрлігі, Павлодар облысының әкімдігі мен Орталық-Азиялық электрэнергетикалық корпорация басшылығы арнайы жол картасын әзірледі. Соның негізінде алдағы бес ай аралығында төрт бағыт бойынша ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс. 

Алдымен құзырлы органдар техникалық аудитке тапсырыс берді. Оның алғашқы қорытындысы сәуір айында шығуы тиіс. Соның нәтижесіне қарай жұмыстар атқарылады. Бұл жерде станция беретін жылуды қала көшелеріндегі құбырлар үйді-үйге жеткізе ала ма, жоқ па деген мәселе май шаммен қаралмақ. 

Екіншісі – гидравликалық сынақтар көктемде басталады. Алдын ала болжам бойынша, сол кезде құбырлардан 400-ден астам зақымдану учаскесі анықталуы бек мүмкін. Соған қарай 350 шақырым жылу желісінің кем дегенде 40 шақырымы жөнделеді. Кейін күзде бұл құбырдың барлығы тағы бір гидравликалық сынақтан өтеді. 

Үшіншіден, қаладағы төрт ірі магистарлдық құбыр жаңарады. Қазір оларға қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. 

Төртіншісі – әбден ескіріп, тозған жылу-электр станциясындағы қазандықтарды жөндеу. Қазір мұнда 10 қазандық болса, келесі жылу маусымына дейін оның сегізі күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Бұл – ауқымды іс. Мәселен, бір қазандықты жөндеу бригадасының бір ғана ауысымында 200 адам жұмыс істейді. Демек, екі ауысымда еңбек ету үшін 400 маман керек. Ал осындай сегіз қазандық реттелетінін ескерсек, қанша жұмыс күші керек екенін есептей беріңіз. Бүгінгі таңда оларды басқа қалалардан тарту, Екібастұзда тұруына жағдай жасау мәселелері қарастырылып жатқанға ұқсайды. 

Осындай кең ауқымды жұмыстардың жоспарланғаны жақсы-ақ. Десе де, тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақ та көп. Әсіресе, соңғы уақытта "Қайта-қайта жұмысы тоқтап қалатын ескі станцияның орнына неге жаңасын салмасқа?" деген сауал жиі ұшырасады. Бұған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жауап берді. 

"Жаңа жылу-электр орталығының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға бір жыл, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге екі жыл уақыт кетеді. Содан кейін ол мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс. Оған қоса, бір станцияны салуға кемінде 250-300 млрд теңге керек. Қазір шешім қабылдаған күннің өзінде ол ең ерте дегенде 2027 жылы салынады. Сондықтан жаңа орталық салу мәселесін жауып қояйық", - дейді аймақтың басшысы. 

Жергілікті билік алдымен жоғарыда аталған төрт бағыттағы жұмысты бес ай аралығында сапалы түрде атқаруға бейілді. Бірінші кезекте алға қойып отырғаны мақсаттары – осы. 

"Бәлкім біреулер "Әкімдік Екібастұздың жағдайына бас қатырып жүрген жоқ, жылу маусымы аяқталған соң барлығы ұмытылып кетеді" деп ойлап жүрген шығар. Бірақ мүлде олай емес. Бізде де уайым бар. Аз уақытта жақсы нәтижеге жетуі үшін көп күш-жігер керек. Облыс әкімі атанғалы 100 күнге жуық уақыт өтсе, сол уақыттың 80-85%-ын Екібастұздағы жылу мәселесіне арнадым. Жазда да уақытымның кемінде 70%-ы осы жағдайды реттеуге жұмсалады деп ойлаймын", - дейді Асайын Байханов. 

Жылу тапшылығы бар

Биліктегілердің барлық назары Екібастұздағы жағдайға ауса, облыс орталығы мен шағын Ақсу қаласын жылумен қамту мәселесі тасада қалып қоймай ма? Олар да ертеңгі күні кеншілер шаһарының кебін кимей ме? Көкейде бұл сұрақтар да бар. Себебі соңғы уақытта Павлодар қаласында тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандар мен бизнес орталықтардың құрылысы қарқын алды. Ал оның барлығын жылытуға қаладағы үш станцияның қауқары жетпейді. Сондықтан жаңадан салынып жатқан ғимараттар жылудан тіпті тарығып қалуы бек мүмкін. 

Оның алдын алу үшін облыс басшылығы ERG компаниясымен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Соның негізінде №1 жылу-электр орталығындағы №3 қазандықтың бойлерін қайта құру жұмыстары жүргізіліп, сол арқылы қосымша 112 ГКкал жылу берілуі керек. Бұл көлем жаңадан тұрғызылатын екі шағын ауданға жетуі тиіс. Одан бқлек, алдағы уақытта аталмыш станцияда екі жаңа қазандық салынады. Бұл да – қыруар қаржыны қажет ететін жұмыс. Бір қазандықтың өзі 35 млрд теңге тұрады. Аталмыш жоба келесі жылы жобаланып, 2026 жылы аяқталады. Сөйтіп, алдағы үш жылдағы тапшылық жойылуы керек. 

"Одан бөлек, соңғы 30 жылда алғаш рет аула ішіндегі жылу желілері жаңғыртылатын болады. Қаражат бөлінді, мердігер белгіленді. Биыл төрт аумақта осындай жұмыс атқарылады", - дейді облыстың әкімі. 

Ақсудағы жағдай да мәз емес 

Ақсу қаласында осыдан бес жыл бұрын құрылысы басталып, оған 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген жаңа қалалық қазандық әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ. Оған теміржол жолының тартылуы, кейбір құралдары қосымша сатып алу қажеттілігі сынды түрлі сылтауды себеп қылды. Алдағы уақытта да іске қосылуы екіталай. Бұған тұрғындар ғана емес, аймақ басшысы да күмәнданып отыр. 

"Мердігерге қазандықты осы жылдың сәуір айында іске қосуға қатысты талап қойылды. Егер нормативтік талаптар орындалса, айталық қазандық температурасы 150 градусқа жететін ыстық су берсе, әр қазандық 30 ГКкал жылу таратса, қазандықты қабылдап аламыз. Жасыратыны жоқ, менің бұған күмәнім бар", - деп атап өтті Асайын Байханов. 

Яғни, бес жыл бойы әуре-сарсаңға салып келе жатқан қазандыққа әлі де сенім жоқ. Сондықтан қаланы жылытып отырған жалғыз станция – Ақсу ферроқорытпа зауытындағы орталықтың екі қазандығы биыл күрделі жөндеуден өтеді. Әйтпегенде, миллиардтаған қаржы құйылған қазандықтан қайыр жоқ. 

Павлодар облысындағы жылумен қамтуға қатысты күрмеулі мәселелер осындай. Станциядағы қазандықтар мен жылу желілерінің әбден тозуы, жылудың тапшылығы, қазандықтың іске қосылмауы сынды мәселелердің қауіп тудырып, күдік ұялататыны рас. Мәселені реттеу, кең ауқымды жұмысты сапалы атқару – уақыт еншісіндегі іс. Бастысы, алдағы жылу маусымында облыс жұртшылығы екібастұздықтардың биылғы кебін кимесе болғаны. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу