Көміріміз қайда экспортталады?

11830

Қазақстан көмір экспорты бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұр.

Көміріміз қайда экспортталады?

Былтыр біздің ел таскөмір экспорттаушылардың үздік ондығына енді. Әлемдік экспорттың 1,7 пайызы Қазақстанға тиесілі. Ал қоңыр көмір (лигнит) экспорты бойынша үздік үштіктеміз. Әлемдік экспорттың 2,6 пайызын құрап отырмыз. Таскөмірді экспорттайтын алғашқы ондықтың қатарында Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Ресей, Аустралия, Индонезия, Оңтүстік Африка, Колумбия, Моңғолия, Канада және Мозамбик бар. Қоңыр көмір экспорттау бойынша Ресей мен Индонезияны алға жіберіппіз.

Еліміз соңғы он жылда орташа есеппен жыл сайын 25-30 млн тонна көмір экспорттап келеді. 2010 жылы тас және қоңыр көмірді қоса есептегенде 30,1 млн тонна өнім шетелге жеткізілген. 2015 жылға дейінгі экспорт көлемі 30 млн тоннадан төмендеген емес. 2016 жылы шамамен 4 млн тоннаға азайған. Содан бері 30 млн-дық меже бағынбай келеді. Былтыр 25,8 млн тонна көмір шекарадан ары асты. Осы жылдың сегіз айындағы көрсеткіш – 16,2 млн тонна. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға аз.

"2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Қазақстаннан экспортталатын шикізаттық тауарлардың ішінде көмір жетінші орынға тұрақтады. Сегіз айда 246,9 млн доллардың өнімі шетел асырылған. Жалпы көмір экспортының негізгі бөлігін таскөмір құрайды. Оны биылғы статистикадан да аңғаруға болады. 2020 жылдың сегіз айындағы көмір экспортының 86,8 пайызы таскөмірге тиесілі. Бұл дегеніміз – 14,05 млн тонна. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 10,2 пайызға кем. Ал қоңыр көмірдің экспорты 32,2 пайызға ұлғайып, 2,14 млн тоннаға жетті", – дейді "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ бас сарапшысы Бақытбек Амантаев.

Қазақстан көмірін көп тұтынатын ел – Ресей. 2020 жылдың сегіз айындағы экспорттың 82,8 пайызы немесе 13,4 млн тоннасы солтүстіктегі көршімізге бағытталған. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан – 1,2 млн тонна (7,4 пайыз), Украина – 532,8 мың тонна (3,3 пайыз), Қырғызстан – 467,9 мың тонна (2,9 пайыз), Беларусь – 390,8 мың тонна (2,4 пайыз) және Қытай – 165,4 мың тонна (1 пайыз) тұр. Қазақстан көмірін импорттайтын елдердің қатарында Польша, Греция, Грузия, Латвия мемлекеттері де бар. Қаңтар-тамыз аралығында аталған төрт елге барлығы 20,7 мың тонна көмір жеткізілген.

Атап өтерлігі, қазақстандық көмірдің орташа бағасы әлемдік нарықтағыдан үш есе арзан әрі әлдеқайда тұрақты.

2020 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанда 78 млн тонна көмір өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен шамалас. Ал Қазақстанға әкелінетін импорттық көмірдің көлемі 483,7 мың тоннаны құрады. Көрсеткіш былтырғы жағдаймен салыстырғанда 7,6 пайызға жоғары.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться