Көміртегі бейтараптығына көшу қауіп емес, мүмкіндік – Қанат Байғарин

2482

Ғалым Қанат Байғарин әлемдік тренд туралы пікірімен бөлісті. 

Көміртегі бейтараптығына көшу қауіп емес, мүмкіндік – Қанат Байғарин

Көміртегі бейтараптығына көшу халықтың өмір сүру сапасын арттыратын айырықша фактор екені белгілі. Осы орайда Назарбаев университетінің қызметкерлері, отандық және халықаралық (АҚШ, Италия) сарапшылар Қазақстанның көміртегі бейтараптығына көшуінің тиімді сценарийін дайындапты. Зерттеуден ұққанымыз, ғалымдар Қазақстанды парниктік газ шығарындыларынан толықтай арылтудың нақты жолын білетін болып шықты.

"Біз көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің ең тиімді және үнемді түрін зерттедік. Бұған қатысты қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді көзқарас ұсынылған. Алайда Қазақстанның жыл сайын шамамен 400 млн тонна CO2 шығаратынын және республикада энергияның көп көлемі көмір электр стансаларында өндірілетінін ескерсек, бұған қол жеткізу оңай емес. Сондай-ақ электр энергиясы мен жылу өндіру процесінде көмірге деген тәуелділік жоғары. Қазақстан жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тартуда да тым сылбыр. Климаттың өзгеру салдарын төмендету жөніндегі іс-шараларға арналған мемлекеттік шығыстар да тиімсіз болып отыр. Еліміз егістік алқаптарында өндірілетін парниктік газдың жоғары шығарындыларымен және басқа да қиындықтармен бетпе-бет келуге мәжбүр", – дейді Қанат Байғарин.

Оның айтуынша, жаһандық климаттың өзгеруі дегеніміз – тап қазір және дәл осы жерде орын алып жатқан жағдай. Бұл өзгеріс әрбір қазақстандықтың, ғаламшардағы әрбір тұрғынның өміріне әсер етеді.

"Мәселен, зерттеу барысында экватордан неғұрлым алыс болса, орташа температураның соғұрлым тез көтерілетіні анықталды. Егер жаһандық деңгейдегі орташа температура 2 градусқа көтерілсе, онда ол Қазақстанда 3 градусқа, ал Антарктикада, Арктикада 4 градусқа көтеріледі. Тиісінше, климаттағы өзгеріс айқын әрі бірден көрінеді. Зерттеуде пайдаланылған математикалық модель Қазақстанда келесі 25 жыл ішінде температура 1980-2004 жылдардағы орташа көрсеткіштен 2-3 градусқа жоғары көтеріледі деген болжам жасады. Әрі қарай алдағы 50 жылда температура 5-6 градусқа көтеріледі. Еліміздің солтүстігінде температураның көтерілуі Оңтүстік Қазақстанға қарағанда жоғары болады", – дейді ғалым.

Осының салдарынан ел аумағының басым бөлігінде жазғы жауын-шашын қысқаруы мүмкін. Бұл өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін азайтады. Мұздықтардың еруі су қорының азаюына және көршілес Қырғызстан мен Тәжікстанда электр энергиясының жетіспеушілігіне әкеледі. Өйткені бұл елдер су электр стансаларына тәуелді. Салдарынан аталған екі елде және Оңтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында электр энергиясы мен су тапшылығы орын алады. Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі су қоры мен азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсер етеді.

"Көміртегі балансына жетудің бірден бір жолы – орман алқаптарын ұлғайту. Біздегі ормандар мемлекет меншігінде екені анық. Демек, орман алқаптарын ұлғайтуға республикалық бюджеттен қаржы бөлу қиын болады деген әңгіме де айтылып жүр. Біздіңше, мәселені күрделендірудің қажеті жоқ. Жасанды ормандарды көбейтуге болады. Ол үшін кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылмайтын бос аумақтарда орман өсіруге рұқсат беру керек. Бизнес ағаш жинауға, коммерциялық пайда табуға мүмкіндік алады. Ал ел аумағында жаңадан отырғызылған ормандар көміртекті сіңіреді. Орманды жерлер климатты, биоалуантүрлілікті жақсартады. Әрине, бұл үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет", – дейді ол.

Ғалымның пікірінше, парниктік газ шығарындыларын азайту үшін еліміздің энергетикалық жүйесін қайта құруға қатысты бірқатар маңызды саяси шешімдер қабылдау қажет. Бірінші кезекте органикалық отыннан біртіндеп бас тартып, таза, баламалы энергия көздеріне көшуді көздейтін энергетикалық секторды трансформациялау қажет.

"Біріншіден, ғалымдар Қазақстанға атом энергетикасы қажет деген қорытынды жасады. Иә, қоғамда бұған қатысты алаңдаушылық бар. Еліміз уранның мол қорына ие, ядролық энергоблогты пайдалануда тәжірибе жеткілікті. Ендеше атом энергетикасын дамыту аса қиындық тудырмайды. Дұрыс басқарып, тиімді пайдалана білсек, мұның зиянынан гөрі пайдасы басым. Біз атом энергиясын жақсы мақсатқа пайдаланамыз. Тек ол үшін ядролық инженерлерді даярлау қажет. Себебі мұндағы қауіпсіздік мамандарға тікелей байланысты. Екіншіден, өтпелі кезеңде көмір генерациясының үлесін азайту үшін экологиялық таза газ генерациясын барынша арттыру керек. Бүгінгі таңда электр энергиясын өндіру және орталықтандырылған жылу жүйесі негізінен көмір жағуға негізделген. Бұл жағдайды жүйелі және тұрақты түрде өзгерту керек. Халқының 40 пайызы ауылдық жерлерде тұратын республика үшін газдандырудың да әлеуметтік маңызы зор. Өйткені бұл көмірмен пеш жағып отырған ауыл әйелдерінің жағдайына да оң әсер етеді", – дейді Қ.Байғарин.

Ғалым Қазақстанның энергия жүйелерін Орталық Азиядағы, сондай-ақ Ресейдің батысы мен шығысындағы энергия жүйелерімен біріктіруге ұмтылу қажет деген пікір білдірді. Бұл жердегі әңгіме физикалық байланыста ғана емес, жалпы тарифтік саясат құруда жатыр. Еуропа елдерінің энергетикалық жүйесі де осыған негізделген. Бұрынғы одақ республикаларының әрқайсысы толық оқшаулау арқылы өзінің энергетикалық қауіпсіздігіне қол жеткізді. Бірыңғай энергия жүйесіне оралу бірыңғай энергия жүйесінің тұрақтылығын, оның қауіпсіздігі мен экономикалық тиімділігін қамтамасыз етуге, өндірісті оңтайландыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл парниктік газ шығарындыларын азайтуға және оңтайландыруға жол ашады. Көлік саласында бензин мен дизель отыны сияқты отын түрлері біртіндеп тарихтың еншісіне кетуі керек. Оларды биоотын, электр энергиясы, сутегі алмастыратын болады.

"Көміртегі бейтараптығы ең алдымен барша қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Бұл дегеніміз – таза ауа, таза су. Тиісінше, халықтың денсаулығын жақсарту. Көмірлі өлкелерде тұратын кеншілер бұдан тыс қалмақ емес. Көмір қуатын бірден айналымнан шығару мүмкін емес. Көмірді пайдаланудан шығынсыз бас тарту мемлекеттің ерекше бақылауында болуы керек. Оның үстіне көміріміз ешқайда кетпейді, осы елде қалады. Оның негізінде жаңа салаларды, ең алдымен көмір химиясын дамыту қажет. Көмір өнеркәсібі Қазақстан экономикасының бір бөлігі ретінде пайдалы болып қала бермек және ол энергия өндірумен байланысты басқа да процестерге жұмылдырылуы мүмкін", – дейді ғалым.

Қысқасы, Қанат Байғаринның пікірінше, көміртегі бейтараптығына көшу қауіп емес, мүмкіндік. Осыны түсініп, қабылдау маңызды.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу