Комитет төрағасы Жоғарғы сот судьясы болып сайланды

1264

Сенатқа Президенттің Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы қызметіне сайлау туралы ұсыным келіп түсті. Конституциялық нормаларға сәйкес, Президент ұсынған кандидатураны палата отырысында Президенттің парламенттегі өкілдігінің басшысы Бейбіт Өксікбаев таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Комитет төрағасы Жоғарғы сот судьясы болып сайланды

"Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынымымен Жоғарғы соттың судьяларын сайлау және қызметінен босату сенаттың айрықша құзіретіне жатады. Осы ретте Мемлекет басшысы сіздердің қарауларыңызға Жоғарғы соттың судьясы қызметіне Берік Төлеутайұлы Нәжімиденовты сайлау туралы ұсыным енгізді. Берік Төлеутайұлы қаржылық бақылау мемлекеттік аудит саласында тәжірибесі мол маман. Соңғы 5 жылда Қаржы министрлігінде жемісті қызмет етті.  Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік бақылау комитетін басқарады. Жоғары экономикалық қаржы дауларын қарау жөнідегі сот ісі тәжірибесінің мәселелері бойынша Жоғарғы соттың нормативтік қауіпсіздік қаулыларын талқылап, әзірлеу барысында Жоғарғы сотпен тығыз байланыстта жұмыс істеп келеді. Жоғарғы соттың судьясы жауапты қызметін атқаруға дайындығы жоғары. Жоғарғы сот кеңесі де Берік Төлеутайұлы Нәжімиденовтің кандидатурасын Жоғарғы сот судьясы қызметіне лайық көріп отыр", – деді Президент уәкілеттік берген тұлға.

Конститутциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті ұсынылған кандидатураны алдын-ала талқылап, қорытынды әзірлеген екен.

Бұл туралы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков: "Комитет мүшелері Президент ұсынған кандидатураны талқылап, сенатқа Нәжімиденов Берік Төлеутайұлын Жоғарғы соттың судьясы қызметіне сайлау туралы  ұсыным әзірледі. Қолдауларыңызды сұраймыз", – деді.

Басқосуда сенаттың айрықша құзіреті қолданылып, депутаттар кандиатқа ашық дауыс беріп, қаулы қабылдады.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: "Конституцияға сәйкес, Жоғарғы сот судьяларының антын қабылдау сенаттың ерекше қарауына жатады. Жоғарғы сот судьясына алғаш рет сайланған судья ант беру керек", – деді.

Осыдан соң Берік Нәжімиденов мінберге көтеріліп, сенаторлардың алдында ант берді. 

"Өз міндеттерімді адал және абыройлы атқаруға, сот төрелігін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретінде борышым міндеттегендей, бейтарап және әділ болуға салтанатты түрде ант етемін!", – деді Жоғарғы соттың "су жаңа" судьясы. 

Айта кетейік, Берік Төлеутайұлы Нәжімиденов 1979 жылы туған, жоғары заңгерлік, экономикалық білімі бар. 2002-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы – жетекші бақылаушы-ревизоры, бас маманы – бас бақылаушы-ревизоры, №5 бақылау бөлімінің бастығы, №3 бақылау бөлімінің бастығы, Қаржылық бақылау инспекциясы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 

2012 жылдан бастап Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитеті бақылау іс-шараларын талдау, жоспарлау, есептілік басқармасының басшысы, 2014 жылдан бастап Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясының бастығы болған. 2016 жылы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған. 2020 жылдан бастап бүгінге дейін Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу