Коммуналдық төлемге өтемақы жасалуы мүмкін

19003

Ал жаңа айлық есептік көрсеткіш айыппұл мен салықты күрт арттырмақ. 

Коммуналдық төлемге өтемақы жасалуы мүмкін

Былтырғы 4 желтоқсанда Парламент қабылдаған "2020–2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңына сәйкес, АЕК 2 мың 651 теңге көлемінде бекітілген. Енді ел Үкіметі оны 2 мың 778 теңгеге дейін өсіріп отыр. Осылайша, бизнес аударатын салық көлемі де ұлғаяды.

Себебі, АЕК-тің өсуі ел заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларының, салықтардың және басқа да төлемдердің мөлшерін арттырады.

Мысалға, қазіргі кезде коронавирусқа бола карантин және көшедегі қозғалысқа шектеу енгізілді. Бұл ретте шектеу талаптарын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің "төтенше жағдай режимiн бұзу" 476-бабы бойынша 10 АЕК немесе 26 мың 510 теңге айыппұл салынатын. Алда бұл жаза 27 мың 780 теңгеге дейін өседі.

АЕК-тің артуы осал топтарға төленетін жәрдемақылардың және өзге де әлеуметтік төлемдердің көтерілуіне ықпал етеді.

Айлық есептік көрсеткіштің осынша қысқа мерзім ішінде қайта қаралуы Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Ол өзгеруі үшін ел Үкіметі алдымен Мәжіліс пен Сенатқа бюджетті нақтылау жобасын енгізуі, депутаттар оны мақұлдауы, соңынан құжатқа Мемлекет басшысы қол қоюы тиіс. Алайда төтенше жағдай атқарушы билікке төтенше құзырет берді, тиісінше, заң шығарушы билік бұл процестен тыс қалады. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, өзгерістер қолданыстағы "2020–2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңына түзету енгізетін Президент Жарлығымен күшіне енбек.

Бір қызығы, бұл құжаттың "кері күші" болады.

"2020 жылғы 1 сәуірден бастап, жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ Қазақстан заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш – 2 778 теңге болып белгіленсін", – делінген құжат жобасында.

Жарлық өзге де көрсеткіштерге өзгеріс енгізеді. Мысалы, мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 17 мың 641 теңгеге, Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы – 40 мың 441 теңгеге жетпек.

Еліміздегі ғарыш айлағын және сынақ алаңдарын солтүстік көршіге жалға беруден түсетін түсім артады: Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін пайдаланғаны үшін төлейтін ақысы 5,1 миллиардқа – 48 млрд 836 млн 475 мың теңгеге дейін өседі. Өйткені 2019 жыл соңында бекітілген бюджетте "Байқоңырды" Ресейге жалға беруден осы жылы бюджетке 43 миллиард 700 миллион теңге түседі деп белгіленген. Сондай-ақ РФ-ның еліміздегі әскери полигондарды пайдаланғаны үшін беретін жалдау төлемақысы 7 млрд 614,8 млн теңгеден 8 млрд 817,1 млн теңге теңгеге дейін өседі.   

Рас, алпауыт көрші қиын кезеңде одақтасын осылай қолдайын деп ақысын арттырып отырған жоқ. Кезінде КСРО рублінің сабан ақшаға айналғанын ескеріп, әу баста Қазақстан "Байқоңыр" төлемақысының АҚШ долларында бекітілуіне қол жеткізді. Содан биыл екі елдің ұлттық валюталарының девальвацияға ұшырауы космодромның жалдау ақысының теңгедегі және рубльдегі сомасын арттырып отыр.

Бұған дейін қабылданған 2020 жылдың басты қаржылық құжатында республикалық бюджеттің биылғы кірісі 11 триллион 206 млрд 484 млн теңге мөлшерінде болады деп көзделді. Бұл сома сәл арттырылып отыр және 11 трлн 721 млрд 910,6 млн теңгені құрамақ.

Ал бюджеттің шығыс бөлігі елеулі түрде, 12 трлн 472 млрд теңгеден 13 трлн 827 млрд теңгеге дейін өседі. Яғни, бюджеттік шығындар көбейді.

Ел қазынасының "мұнайлық емес тапшылығы" бойынша да рекорд орнатылуда: 2019 жылы бюджетті түзу кезінде ол биыл 5 триллион 317,5 миллиард теңге немесе ЖІӨ-нің 7,1 %-ы көлемінде болады деп тұспалданған. Енді 7 трлн 538 млрд теңгеге немесе елдiң жалпы iшкi өнiмінің 10,8 %-на дейін шығандады.

Ортайып қалған бюджеттің бүйірін толтыру үшін Үкімет қатаң үнемдеу шараларына ден қояды, көптеген ірі жоба кейінге қалдырылады.

"ТЖ режимінің енгізілуіне байланысты 2020 жылға арналған республикалық бюджетте облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалар бюджеттерінен 100 млрд теңге сомасында трансферттер түсімдері алынсын", – делінген жарлық жобасында.

Бұдан бөлек Ұлттық қордан жұмсалатын қаражат 4 триллион 770 миллиард теңгеге жетпек. Әйтпесе, Парламент бекіткен бюджетте ағымдағы жылы қордан тек 2 трлн 700 млрд қана алынады делінген.

Президент жарлығы Қазақстандағы тағы бір маңызды көрсеткішті – ең төменгі күнкөріс шегін өзгертеді. Ол жыл басындағы 31 мың 183 теңгеден 32 мың 668 теңгеге дейін жоғарылайды.

Бұл ретте тек үшінші көрсеткіш – ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көлемі ғана былтырғы деңгейде, 42 мың 500 теңге мөлшерінде қалады. Егер ол өскенде, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысын жоғалтқан адамдардың алатын әлеуметтік төлемі де артатын еді.

Жаңарған бюджет ТЖ кезеңінде қоғамдық тәртіпті сақтауды күшейтілген режимде қамтамасыз еткен ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы төлеуді, медицина мамандарының жалақысын жоғарылатуды, колледж студенттерінің стипендиясын көтеруді қарастырады.

Құжатта "төтенше жағдай режимінде коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша халықтың төлемдеріне өтемақы" жасалатыны айтылған  

Үкіметтің борыш алу лимиті 14,6 трлн теңгеден 15,5 триллион теңгеге дейін өсірілді. Бұл шетелден қарыз тарту үшін қажет көрінеді.

Коронавирусқа және дағдарысқа қарсы күрес бойынша Президент тапсырмаларын орындау үшін 2020 жылғы Үкімет резерві үш еседен астамға – 76,7 млрд теңгеден 262,1 млрд теңгеге дейін күрт өспек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу