Қонаев қаласының болашағы белгілі болды

1650

Онда тіпті Астанада жоқ ерекше ботаникалық бақ, Сингапурдағыдай ілулі бақтары бар арборетум, Ватикан мемлекетінің аумағынан 2 есе үлкен гольф алаңы және басқасы салынады. 

Қонаев қаласының болашағы белгілі болды Фото: baq.kz

Алматы облысының жаңа әкімшілік орталығының әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің, құрылысын дамытудың жаңа қысқа және ұзақ мерзімді перспективасы айқындалды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл қала бұған дейін Қапшағай қаласы ретінде дамытылып келді. Бірақ шаһар 2022 жылдан бастап, Алматы облысының "астанасына" айналды. Ал бұл мүлдем басқа деңгей. Тиісінше, Қапшағай қаласының Бас жоспары жойылады. Оның орнына таяуда ел Үкіметі Қонаев қаласының Бас жоспарының жобасын бекітпек. Оған Премьер Әлихан Смайылов қол қояды деп күтілуде.

Қонаев қаласы екі кезеңмен дамытылады: бірінші кезеңі – 2030 жылға дейін созылады. Яғни, ағымдағы онжылдықта негізгі шаруалар атқарылуға тиіс. Ал түпкілікті қорытынды 2050 жылы шығарылмақ. Оған дейін өмір ағыны бұл құжатқа да талай өзгерісін енгізері сөзсіз.

Егер мемлекет ойға алғанын орындай алса, қазақтың асыл тұлғасының атын иеленген қала өзгелерден қатты өзгешеленетін заманауи мегаполиске айналуы мүмкін. Себебі, Қонаев – бірінші кезекте, курортты қала. Сондықтан өзгеден ерекшелігі сол, оның Бас жоспарында басты басымдық ретінде "экологиялық қауіпсіз тіршілік ортасын құру" белгіленбек. Басқаша айтқанда, Қазақстанға бұрынғы кеңестік стилдегі Қапшағайдың орнына енді "ақылды қала" элементтері "экологиялық пәктік" атрибуттарымен әдемі үйлесім тапқан болашақтың шаһарын тұрғызу мүмкіндігі беріліп отыр.

"Қонаев қаласының Бас жоспарының негізгі міндеттері – заманауи Смарт Сити талаптарына сай қала аумағын ұтымды түрде функционалдық аймақтарға бөлу. Бұдан бөлек, әкімшілік орталықты орналастыру, реновациялау, озық стратегиялық салаларға бағытталған индустриялық парктерден тұратын жоғары технологиялы өнеркәсіптік-коммуналдық аймақтарды түзу. Тақырыптық саябақтарды, арборетумды, ботаникалық бақты, су жағасындағы демалыс аймақтары бар жағалау бульварын қамтитын рекреациялық аймақтар мен көгалды кеңістіктер жүйесі пайда болады", – деп түсіндірді Алматы облысының әкімдігі.

Қонаев – халықаралық тасымал хабына айнала алады. Ол қазірдің өзінде еліміздің облыстарын Ресеймен және Қытаймен байланыстыратын мультимодальды көлік торабы болып табылады.

Сонымен қатар ол Алматы агломерациясының азық-түлік белдеуі, мұнай өңдеу, газ өңдеу және мұнай-химия орталығы ретінде дамытылмақ.

Қала ғылыми-білім беру орталығы қызметін атқарудан да үмітті. Бас жоспар жобасында Қонаевта техникалық және гуманитарлық университеттерді, су шаруашылығы академиясын, кескіндеме, сәулет және мүсін институтын, колледждерді, дарын балалар білім алатын физика-математика мектеп-интернатын орналастыру жоспарланған.

Қала Алматыдан сағаттық қолжетімділік шегінде орын тепкендіктен тиісті жағдай жасалса, еліміздің ең ірі мегаполисінде жер тапшылығы салдарынан қанатын кең жая алмай отырған алып жоғарғы оқу орындары Қонаевқа қоныс аударуы да ықтимал.

Әрине, бұл шаһар еліміздің оңтүстігіндегі басты туристік бағыттарының бірі саналады. Сондықтан ол су рекреациясы, су спорты, туризм, аңшылық және балық аулау орталығы статусын иеленуден үмітті.

Әзірге бұл шағын ғана қала: 2022 жылғы есеп бойынша тұрғындарының саны 44,1 мың адамнан асты. Бірақ облыс орталығы болғалы халық санының артуы байқалады. Есептік мерзімде тұрғындарының саны 200 мың адамға жетеді деп жоспарланған. Бірақ бұл жоспардың тағдырын қазақстандықтар шешеді: егер қала шынымен гүлденсе, көші-қон легі күрт артады. Егер жоспар қағаз жүзінде қалса, Алматы облысының орталығы таз қалпында, яғни "ірі ауыл" күйінде қалуы мүмкін.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Алматы облысы – ірі өңірдің бірі. 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша облыста 1 миллион 514,5 мың адам тұрады. Халықтың табиғи өсімі 2023 жылғы қаңтар-сәуірде 7 485 адамды құрады. Яғни, орталық тұрғындарының санын күрт арттыруға облыс халқының да қауқары зор.

Бірақ бүгінде бұл қалада жұмыс табу қиын. Ендеше аймақ және шаһар басшылары осы мәселеге баса көңіл бөлуі қажет. Нақтыласақ, 2022 жылғы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы халық саны немесе Қонаев қаласының жұмыс күші 21,1 мың адамды құрады. Оның 20,1 мыңы жұмыспен қамтылған деп есептеледі. Бір қарағанда, бұл жақсы көрсеткіш. 1 мың адам ғана – жұмыссыз. Алайда тереңірек зерделесе, соның ішінде 11,9 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтушы саналады. Яғни, көбісінің тұрақты табысы жоқ, әлеуметтік қамсыздандырылмаған, тұрақты түрде медициналық сақтандырылмаған. Демек, тұрақсыздықты тудыруы мүмкін әлеуметтік кернеу сақталуда.

Сол себепті Алматы әкімдігі 2030 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесін 18%-ға дейін, нақты жұмыссыздықты 4,2%-ға дейін, жастар жұмыссыздығын 3,8%-ға дейін төмендетуге міндеттеме алды. Бұл жерде қала халқының ары қарай өсе беретіні, сәйкесінше, жұмыс іздегендер қатарының артатыны назарға алынғаны жөн.

Жаңа қаланың тағы бір "бас ауруы" баспанасыздық болмақ. Қазіргі кезде Қонаевтағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы 999,2 мың шаршы метр. Оның ішінде жапырайған жеке үйлер – 183 мың шаршы метрді, көп пәтерлі тұрғын үйлер – 816,2 мың шаршы метрді алып жатыр. Бір қарағанда, көпқабатты тұрғын үйлердің саны көп, яғни қала атына лайық. Ондағы халықтың орташа тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткіші бір тұрғынға шаққанда 24,6 шаршы метрден келді.

Алайда көп пәтерлі үйлердің көбісі кеңес кезінен қалған "хрущевкалар". Олар апатты жағдайға жетіп, қолданыстан шыға бастайды: салдарынан, алдағы жылдары қалада тұрғын үй қоры 119,4 мың шаршы метрге азаятыны анықталды.

Сондықтан жаңа Бас жоспар жобасында 2030 жылға дейін Қонаевта 2 млн 327 мың, ал ғасыр ортасына дейін тағы 2 млн 538,2 мың шаршы метр жаңа құрылыс, соның ішінде баспана салу көзделген.

Сонда тұрғын үй қоры қазіргі 999,2 мыңнан 2050 жылы кем дегенде 5,7 миллион шаршы метрге дейін артуға тиіс.

Экономикасы дамыса ғана Қонаев қаласының болашағы жарқын болады. Алматы облысы әкімдігі шаһардың болашақ индустриялық-инновациялық дамуының негізі "жасыл электр энергиясын өндіру" деп отыр. Өйткені онда Оңтүстік Қазақстандағы ең ірі станция – Қапшағай ГЭС, сондай-ақ жел және күн электр станцияларының парктері орналасқан. Осының арқасында қалада өзге өңірлермен салыстырғанда электр арзан көрінеді.

Нәтижесінде, қалада өнеркәсіптің энергияны көп қажет ететін салаларын дамыту жоспарлануда. Бұған шыны, фарфор, керамика өнеркәсібі, құрылыс материалдары секторында – санфаянс, фарфордан жасалған бұйымдар, силикат және қаптама кірпіш өндірісі, аз тоннажды қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу және мұнай химиясы жатады.

"Қазақстандағы ірі Алматы агломерациясының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Алматы облысында мұнай өңдеу, газ өңдеу және мұнай химиясы орталығын ұйымдастыру перспективасы бар. Мұнайды және мұнай айдау қалдықтарын терең өңдеу қаланың индустриялық-инновациялық дамуы үшін келешегі зор келесі ірі бағыт болмақ. Жаңадан салынатын мұнай өңдеу зауыты базасында қосылған құны жоғары дайын өнімді қайта өңдеу өндірістерінің тізбегін құру мүмкіндігі бар", – деп мәлімет берді әкімдік.

Жалпы, Алматы облысының аумағы Қазақстанның ең шұрайлы жерлерінің бірі. Бұл оның орталығына да қатысты. Бас жоспарда қалада жеміс-көкөніс кластерін дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын, дәрілік шөптер мен өсімдіктерді өңдеу базасында фармацевтика, халықтық медицина кластерлерін дамыту "перспективті бағыт" ретінде бекітілмек.

Бүгінде еліміздегі ірі құрылыс корпорацияларының назары осы өлкеге ауып отыр. Себебі, Қонаев шаһары алда үлкен құрылыс алаңына айналады. Атап айтқанда, қалада үлкен Мұз спорты аренасы, заманауи Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жаңа мектептер мен балабақшалар, емханалар, медициналық орталықтар, ауруханалар, басқа да нысандар бой көтереді.

Басымдықты құрылыс қатарында жаңа әкімдік ғимараты енді. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өзіне жаңа резиденция тұрғызуға ниетті.

"Негізгі міндеттердің бірі – Алматы облысының әкімшілік корпусы үшін                 40-қа жуық нысанның жоспарланған құрылысы болып табылады. Негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қолданыстағы шекараларында орналасады", – делінген Бас жоспар жобасында.

Бұдан бөлек, Қонаев қаласында келесі жаңа нысандарды салынады деп күтілуде:

  • Жаңа Іле алаңында үлкен тематикалық саябақтар,
  • қызықты жасыл нысандар: "жел-таулы саябағы",
  • тіпті Астананың өзінде жоқ, ішінде жануарлар мекендейтін ірі ботаникалық бақ,
  • Сингапурдағы OCBC Arboretum сияқты табиғи су ағындары бойындағы ілулі бақтары бар арборетум,
  • үй жануарлары тұратын ландшафттық балалар саябағы,
  • жаяу жүргіншілер жолы,
  • заманауи қонақүйлер,
  • сауда ойын-сауық орталықтары,
  • ауданы 97,1 гектарлық алып гольф алаңы (салыстырсақ, Ватикан мемлекетінің аумағы 44 гектар),
  • дәмханалар мен мейрамханалар орналасқан жағалау жасалауы мүмкін.

Жаңа алаңның маңызды функционалдық бөлігі ретінде Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан демалыс аймақтары дамытылады. Бұл демалыс аймақтарына су қоймасының жағалауы бойындағы жағажай, Жаңа Іле алаңындағы ұзындығы 10,5 шақырымдық жаяу жүргіншілер бульвары, қаланың қалыптасқан бөлігіндегі бульварлы жағажай, жазғы уақытта туристер мен қонақтар тынығатын демалыс аймақтары кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу