Көнерген көліктен құтылыңыз

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
11598

Үкіметке тозған техникасын тапсырғандар 650 мың теңгенің сертификатын алады.

Көнерген көліктен құтылыңыз

Өткен айдың соңғы аптасында Қарағандыда тозығы жеткен темір тұлпарларды қайта өңдейтін зауыт пайда болды. Бір сағатта 25 автокөлікті металға айналдыра алатын кәсіпорын жайлы аbctv. kz  "Темірді тозғанда тапсыр" деген мақала жариялады. 

Бүгін біз зауыт ашылғанға дейін атқарылған жұмыстарды тілге тиек етеміз. Себебі бұған дейін қыруар шаруа атқарылды.

Естеріңізде болар, өткен жылдың 21- қарашасында елімізде ескі көліктерді қабылдау жобасы қолға алынды. Ол желтоқсан айының соңына дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында Қазақстанның 17 қаласында тозығы жеткен темір тұлпарларға "тұсау" салынды. Ескі көліктер 2 санат бойынша қабылданды. Төрт дөңгелегі айналып, лыпып тұрған автокөлік иелеріне 150, ал көлігі істен шыққан жүргізушілерге 48 мың теңгеден үлестірілді. Бұған қоса ескі көліктің орнына отандық автокөлік сатып алуға ниет білдіргендерге үш жүз он бес мың теңгенің сертификаты ұсынылды.

Бұл бастама Шымкент, Қостанай және Ақтөбе қалаларындағы көлік жүргізушілерінің жанына майдай жақты. Олар ерекше белсенділік танытты. Нәтижесінде оңтүстікқазақстандықтар 764, Қостанай облысының тұрғындары 688, Алматы облысының жүргізушілері 496 ескі көлігінен құтылды. Ал еліміздің басқа өңірлеріндегі жүргізушілер темір тұлпарларын қимады ма, әлде ақша қажет болмады ма, әйтеуір алға баспай қойды.

Энергетика министрлігі жобаға бас-аяғы 10 мың квота бөлді. Оның 5665-і өткен жылы берілді. Қалған 4335 квота биылғы жылдың 16 қаңтарынан үлестіріле бастады. Себебі қаңтар айының бірінен бастап жобаның екінші кезеңі қолға алынды. 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатын жобаның екінші кезеңінде жеңіл көліктермен қатар автобустар, шағын автобустар және жүк көліктері қабылданатын болды.

Тозған көліктерді тапсырғандарға сертификат беру бұрынғыша жалғаса береді. Жүргізушілер көлік құралының санатына қарай 315 мың мен 650 мың теңге аралығындағы сертификатқа ие болады. Олар бұл сертификатты отандық көлік сатып алар кезде жеңілдік ретінде пайдаланады. Сертификат 1 жыл ішінде кәдеге жарату қажет.  

Ерекше атап көрсетерлігі, бір адамға жеңілдігі бар 2 сертификатты қатар  қолдануға рұқсат берілген. Алайда сертификатты қайтаруға, ақшаға ауыстыруға болмайды.

Айта кетейік, ӨКМ өкілдері 26 маусым мен 31 шілде аралығында ескі көліктерін тапсырған азаматтарға 336 сертификат берді. Ал жүргізушілер 99 сертификатты пайдаланып, 74 отандық көлік сатып алып үлгерді.  Айтпақшы жобаның екінші кезеңінде осыған дейінгі талап пен тәртіпке  өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біріншіден, электронды кезек жүйесі іске қосылды. Оған "Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі" операторының 8 800 080 08 65 телефон нөмірі я болмаса auto.recycle.kz сайты арқылы тіркелуге болады. Екіншіден, ӨКМ операторы ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп, көлік құралдарын жою мақсатында есептен шығару жөніндегі жалпыға ортақ анықтама құжатын бекітті. Үшіншіден, ӨКМ операторы энергетика министрлігімен және республикалық нотариалдық палатамен тізе қосып, ескі көлік құралын жоюға арналған сенімхаттың жалпыға ортақ үлгісін әзірледі. Төртіншіден, ӨКМ операторы Қазпошта арқылы заңды және жеке тұлғаларға шот ашу мәселесін шешті. Бесіншіден, делдалдар мен алыпсатарлардың жолы кесілді. Өйткені ескі автокөліктер көлік иелерінің өздерінен алынатын болды.

Көне көліктерді қабылдау жобасы қолға алынғаннан бері қабылдау бекеттеріне 23030 темір тұлпар тапсырылды. Олардың дені кеңес одағы кезінде жасалған машина болды.

Еуропа елдерінде жылына 35 млн ескі автокөлік металға айналады. Бұл жұмысты әлемнің 60 еліндегі 1 млн адам жүзеге асырады. Әрине біздің көрсеткіш Еуропа елдерімен салыстыруға мүлде келмейді. Алайда бір ақиқат бар. Біз ескі көліктерді жою арқылы Еуропаға кірігудің тағы бір белесін бағындырып жатырмыз. Ал бұл таза экология мен қауіпсіз жол үшін жасалған аса маңызды қадам.  

Еркеғали Бейсенов

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться