banner

Конституциялық кеңес штаты арттырылады

17038

Құқық қорғау жүйесіне және мемлекеттік басқаруға қатысты реформалар басталуы ықтимал.

Конституциялық кеңес штаты арттырылады Фото: 24.kz

Ел Президентінің тиісті Жарлығы жобасының егжей-тегжейі жария етілді. Құжат әу баста мемлекеттік органдар штаты шексіз-шетсіз ұлғая бермеуі үшін қабылданған "Қазақстанның мемлекеттік органдары жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы" 1999 жылғы 22 қаңтардағы №29 Президент Жарлығына өзгерістер енгізеді.

Өйткені онда ҚР Конституциялық кеңесінің (ҚРКК) штат саны 25 бірлікпен шектелген және қазір де бұл мекемеде осынша адам жұмыс істейді. Жаңа құжатқа түсіндірме жазбада Үкімет басшысы Асқар Мамин кеңес ұжымын ұлғайту не үшін қажет болып отырғанын былайша дәйектеді:

"Қазіргі кезде елімізде қоғамды одан әрі демократияландыру, құқық қорғау жүйесін және мемлекеттік басқару қағидаттарын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мәселелер мен процестер конституциялық-құқықтық сипатқа ие және Ата заңның жасампаздық әлеуетін іске асырумен тығыз байланысты", – деді премьер-министр.

Яғни, алда құқық қорғау жүйесіне және мемлекеттік басқаруға қатысты реформалар басталуы ықтимал.

Үкімет басшысының айтуынша, "еліміздің құқықтық жүйесі бүгінде қарқынды дамуда". Оның үстіне әлемде "жаһандану үдерістері барған сайын тереңдеуде". Осының барлығы қазақстандық конституциялық әділет органы алдына жаңа міндеттер қояды.

"Оларды шешу ғылыми-талдау жұмысының деңгейін арттыруды талап етеді. Бұл ретте конституциялық мониторингті енгізу өзекті болуда. Оған сәйкес, құқық қолдану тәжірибесі мен қолданыстағы құқықтың конституциялық құндылықтардың іске асырылуына талдау жүргізіліп отырады", – дейді Үкімет басшысы.

Ол Президенттің жаңа Жарлығы жобасы бойынша Конституциялық кеңес аппаратының штат саны кезең-кезеңмен қазіргі 25-тен алда 40 адамға дейін арттырылатынын хабарлады. Дәлірек айтқанда, 2020 жылы кеңес құрамына 5 адам, 2021 жылы – тағы 5 адам, 2022 жылы қосымша 5 адам қосылады.

"Бұл негізінен құқықтанушы ғалымдардан тұратын талдау бөлімін құру қажеттілігімен байланысты. Жарлықтың қабылдануы Конституциялық кеңес беделін одан әрі арттырады, сондай-ақ конституциялық құндылықтарды тиісінше іске асыру үшін жағдай жасайды", – дейді премьер-министр Асқар Мамин түсіндірме жазбада.

ҚРКК мәліметінше, оның құрылымы әзірше тек төраға хатшыларынан, ұйымдастыру бөлімінен, құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық бөлімінен құралған.

Соның ішінде ұйымдастыру бөлімінде қызметкерлерді басқару және құжаттамалық қамтамасыз ету секторы, қаржы-шаруашылық секторы ғана бар.

Ал құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық бөліміне конституциялық іс жүргізу және сараптама секторы, сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық және ақпаратпен қамтамасыз ету секторы ғана кіреді.

"Елбасы-Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның Конституциялық кеңесінің ғұмыр бойғы мүшесі" деп көрсетілген ұйымның ресми интернет-ресурсында.

Бұл орган 2017 жылы бюджеттің ашықтығы саясаты аясында өз бюджетін қоғамға жария еткен болатын. Сонда "Қазақстан аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламасы аясында ҚРКК қызмет жасауы үшін 2017 жылы 397,7 миллион теңге бөлінгені хабарланды. 2018 жылы бұл соманы 472,4 миллионға дейін арттыру жоспарланған. Ал 2019 жылғы республикалық бюджеттен Конституциялық кеңес аппаратына 508,6 миллион теңге қарастырылған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу