Конте жаңа үкімет құра ала ма?

3640

Италия президенті Серджо Маттарелла ыдырап кеткен коалиция премьері Джузеппе Контеге жаңа үкімет құру туралы мандат берді.  

Конте жаңа үкімет құра ала ма?

Бұған дейін жаңа министрлер кабинетін құру туралы келісімді "Бес жұлдыз қозғалысы" мен "Демократиялық партия" жасаған болатын.

Жүйеге қарсы "Бес жұлдыз қозғалысының" делегациясы мен солшыл күш "Демократиялық партияның" өкілдері министрлерді тағайындау туралы талқылауларды бастап кетті.

"Бес жұлдыз қозғалысының" көшбасшысы Луиджи ди Майо Контенің кандидатурасын АҚШ президенті Дональд Трамп қолдап отырғанын айтты.

"Солтүстік лигасы" көшбасшысы Маттео Сальвини болса, қос партияның келісімге келуін сынға алып, мұны "Италия халқына қарсы қастандыққа" балады. Ол жаңа коалицияның жақын арада ыдырап кетуін топшылап, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етуде.

Егер де тараптар бір ымыраға келмесе, президент Серджо Маттарелла жаңа министрлер кабинетін құруды басқа коалицияға тапсыруы мүмкін.

Келіссөздер қалай жүріп жатыр?

Коалицияның келіссөздері ойдағыдай өтіп жатқан жоқ. Сондықтан Маттерелла тараптарға тағы бір қосымша күн берді. Көбісі бұл екі партияның мәмілеге келетінін білдіреді деген пікірде. Бірақ сейсенбіде "Демократиялық партияны" "Бес жұлдыз қозғалысы" қатаң сынап тастады.

"Бес жұлдыз қозғалысы" партиясы өкілдерінің айтуынша, солшыл орташылдар өз ұстанымдарын өзгертпейінше, келіссөздердің нәтиже бермейтінін айтты.

Ал "Демократиялық партия" өкілі Андреа Марчуччи келіссөздердің жемісті өтетінін айтып отыр. Сәрсенбі күні Луиджи Ди Майо солшыл орташылдардың Контенің қайтадан премьер-министр болып тағайындалуына қарсылық білдірмегінін жариялады.

Трамптың ықпалы ма?

Бастапқыда "Демократиялық партия" Контенің мигранттарға қарсы бағытталған Сальвинидің жарлығын қолдағаны үшін сынап, оның келесі мерзімге қалуына қарсылық білдірген болатын. Тіпті министрлер кабинетін түбегейлі өзгертуге шақырған еді.

Бірақ кейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп 55 жастағы Контеге қолдау білдіргеннен кейін, солшыл орташылдар райынан қайтты.

"G7 саммитінде Италияны жақсы жағынан көрсетті. Ол өз елін сүйеді және АҚШ-пен жақсы жұмыс істеп келеді. Өте дарынды адам. Премьер-министр болып қала береді деп үміттенемін",–деп жазды Трамп Твиттердегі парақшасында.

Сайлау бола ма?

Жаңа коалиция тарап кеткен жағдайда сайлау осы жылдың қараша айында өткізілуі мүмкін. Сальвинидің күтіп отырғаны осы.

"Италиялықтардың дауысынын кім қорқады? Біз емес!",- деп Фэйсбуктегі парақшасында жазды. Оның ойынша, елдегі саяси дағдарысты еңсерудегі ең әділ жол сайлау болып отыр.

Италиядағы саяси қарбалас тез арада басылмаса, ел экономикасы зардап шегуі мүмкін. Кейбір сарапшылар қазіргі ахуалдың салдарынан экономика рецессияға ұшырауы мүмкін деп топшылап отыр.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу