Кооператив – колхозға оралу емес

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2394

Қазақстан колхозға оралмайды. Бірақ ел дамуы үшін ауылдағы өз қорасында мал ұстайтын ағайынның күш біріктіргені керек-ақ.

Кооператив – колхозға оралу емес

Бүгін үкімет үйінде биліктің өзі "Жаңғырту 3.0" деп атайтын елбасының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа жолдауының қалай жүзеге асырылып жатқанын түсіндіру жөнінде баспасөз мәслихаттарының сериясы басталды. Бірінші күні журналистер алдына ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов бастаған осы мекеменің шенеуніктері шықты. Ертең ақпарат құралдарының сұрақтарына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жауап бермек. Ол кеше ғана Алматыда отын өшіріп, шымылдығын жапқан Универсиаданың жеңімпаздарын ерте келуге уәде етті. Бұл әрине, басқа хикаяның тақырыбы.

Ал АШМ басшылығының өкілдері болса, қазақ ауылын қалай көтергелі отырғанын әңгімеледі. Сөз арасын елді елең еткізуі мүмкін жаңалықтарымен тұздықтай отырды.

Жаһандық қара базарда "қара алтын" құнының әр бөшкесі 148 долларға дейін барған шақта агроөнеркәсіп кешеніндегілер де дәл бір тойдағыдай қыдырды. Мемлекет бұл салаға жүздеген миллиард теңге аста-төк субсидия құйды. Тіпті әлемдік нарықтарды жаулау үшін қазақ астығының Қара теңізге дейінгі тасымалының ауқымды бөлігін мемлекеттің өзі көтерген де кез болды. Қазір Қазақстан шикізатының тасқындаған табысының "арнасы" суалып жатқанда, ауылдағы ірі бизнестен тәбетін біраз ауыздықтап, енді қиын кезеңде мемлекетке көбірек қолдау көрсету, қиындықтан өз бетімен шығу жолын іздеу талап етілді.

Елбасы: "Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек" деді. Яғни, болашақта мұнай-газ секторының орнын басып, "ел экономикасын ілгері сүйреуші" қамытын кигені жөн.

Баспасөз мәслихатында АШМ бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов қазіргі кезде отандық аграрлық сала халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті инфрақұрылым түзіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейін көтеру үдерісі іске асырылып жатқанын жеткізді. Соның ішінде "жеке қосалқы шаруашылықты" (ЖҚШ), яғни жеке мал ұстайтын ауылдықтарды ет, сүт, жүн және басқаларын өндіретін кооперативтерге біріктіру науқаны бар.

"Бұл үшін былтырдан бері мақсатты түрде жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мысалы 15 мың ЖҚШ-ға қызмет көрсететін 157 кооператив құрылып үлгерді. Олардың кешенінде жүзден аса сүт қабылдау пункті және жеті мыңдай отбасылық мал бордақылау алаңы ұйымдастырылды. Биыл кооперативтер саны екі еселенеді. Алдағы бес жылда жарты миллионға жуық ЖҚШ мен шағын шаруашылық кооперативтер қызметімен қамтылады", – дейді Қайрат Айтуғанов.

Оның мәлімдеуінше, биыл 1 ақпаннан бастап еліміздің барлық аймағындағы ауыл тұрғындарына "ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және кооперацияларды мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдері" жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта АШМ қызметкерлері мен ғылыми ұйымдар өкілдерінен құрылған сарапшылар тобы құрылған.

Мұндағы басты міндет – әрбір ауыл азаматын ауыл шаруашылығы кооперациялары негіздері жөнінде ақпараттандырып, бірігіп шаруашылық жүргізуге және нақты іске жұмылуға ынталандыру болып отыр.

Сонымен бірге министрлік Fermers.kz атты жеке сайт ашқан. 8800 080 8010 нөмірлі call-орталығы да барлық қоңырауға тегін қызмет көрсетеді.

Осы тұста бұл "одақтардың" кеңес тұсындағы ұжымдастырудан басты айырмашылығын айта кетейік. Өткен ғасырдың басында қазақтың басына сор болып жабысқан ұжымдастыру кезінде бар мал мен мүлік ортаға күшпен тартып алынды, қазақтардың үлкен бөлігі сыртқа босып, тарыдай шашылды, оның үстіне "ортақ өгізден оңаша бұзауым артық" дейтін адамдардың ортақ малға көзқарасы нашар болып, төрт түлік мал миллиондап қырылды, қалғаны Қазақстаннан Ресейге әкетілді, ақыры қазақ халқын ашаршылық нәубеті жайлады.

Ал кооперацияның жөні мүлдем басқа. АШМ өкілдерінің айтуынша, "шаруа кооперативке біріге отырып, өз жерінің иесі болып қалады, өзінің заңды мәртебесі мен мүлкін сақтап қалады". Сонымен бірге ол өз өндірісін дамытуға және пайда алу үшін үлкен мүмкіндікке ие болады. Бұдан басқа кооперация түрлі мемлекеттік қолдауға қолжетімділікті кеңейтеді.

Бұл жұмысты ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы басшылары неге ерте қолға алмағаны белгісіз. Өйткені сарапшылардың айтуынша, кооперация әлемнің тіпті ең әйкәпір елдерінде де тиімділігін танытқан.

Мысалы Солтүстік Корея дегенде ойымызға бірден "ашыққан", аштықты бастан кешкен, сондықтан билігі халқына тәулігіне тек екі рет қана тамақ ішуді бұйырған байғұс ел түседі. Алайда соңғы жылдары КХДР-де болып жатқан өзгерісті көпшілік біле бермейді.

Сеулдегі Кукмин университетінің оқытушысы, тарихшы, корейтанушы Андрей Ланьков бір қызықты жайды әңгімеледі:

"Солтүстік Кореяның ашықпағанына он жылдай болып қалды. 2013 жылы КХДР өз тарихында рекордтық астық орып, 5,04 млн тоннадай бидай жинады. Көптеген халықаралық сарапшы мұның себебін ауа-райының қолайлы болғанынан іздеді. Алайда 2014 жылы теріскей Кореяның ауа-райынан жолы болмады: бұл елді керемет қуаңшылық жайлады. Бұрындары мұндай жағдай бірден жұртшылықтың жаппай ашығуына алып келетін. Бірақ 2014 жылы қорқынышты ештеңе болған жоқ. Оны аз десеңіз, Солтүстік Корея 2013 жылғыдан сәл көбірек астық алып, 5,1 млн тонна межені бағындырды. Ұзақ жылдан бері алғаш рет КХДР ең төменгі деңгейде болса да, өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабілетті бола бастады", – дейді сарапшы.

Бұл жетістіктің себебін де өзі түсіндіріп берді. Өйткені бұл "коммунистік" мемлекеттің өзі капитализмнің құралы – кооперацияға көшкен.

"2012 жылдың 28 маусымында КХДР ауыл шаруашылығын реформалау шешімін қабылдады да, 2013 жылдан бастап жүзеге асыруға белсене кірісті. Жаңа жүйеге сәйкес, бұған дейін өз бетінше мал өсіріп, не егін салып келген көрші екі шаруа отбасы ресми түрде күш біріктіріп, "шағын буын" деп жарияланды. Мұндай буынға егістік не жайылымдық жер бекітілді. Жыл қорытындысында буынға өздері қол жеткізген өнімнің 30%-ы беріледі және оны шаруалар өзара бөліп, кез келген мақсатқа жұмсауына рұқсат етіледі. 2014 жылдың 30 мамырында КХДР министрлер кабинеті мен Орталық комитеті бұл үлесті 60 пайызға дейін көтеруге үйғарды. Бұған дейін солтүстіккореялық шаруалар мемлекет бекіткен паектарға жұмыс істейді. Жаңа жүйе болса, оларды неғұрлым мол өнім өндіріп, пайда табуға ынталандырды. Ал кооперацияға ұқсас тетік ауыл шаруашылығындағы серпіннің негізгі себебіне айналды", – деген зерттеуші Андрей Ланьков кезінде, Дэн Сяопин тұсында да көрші Қытайдың осыған ұқсас шаралар арқасында ауыл шаруашылығын гүлдендіргенін еске салады.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі шенеуніктерінің айтуынша, елімізде кооперативтің бар тапқан-таянғаны, табысы (салықты алып тастағанда) толығымен соған кіретін жеке қосалқы шаруашылықтың иелігінде қалады.

Мұның сыртында, кооперативке кіргендерге мемлекеттік қолдаудың арқасында тұқымдық материал, өсімдікті қорғау үшін қажетті заттар, дизельді отын арзанға түседі.

"Модульдік сүт және модульдік мал сою бекетін сатып алу схемасы әзірленді. Сол модульдік қабылдаушы бекеттің өзі – кепілзат. Яғни ауылдықтардан бастапқы жарна енгізу талап етілмейді. Сондай-ақ кооперативке өзі өндірген сүтті қайта өңдеу үшін зауыт-кәсіпорынға тапсырғанда мемлекет инвестсубсидия төлейді. Дәлірек айтқанда, ол сүттің әр литрі 10 теңгеден сатылады", – дейді АШМ Ветеринарлық бақылау комитетінің маманы Руслан Құспеков.

Қайрат Айтуғанов елбасы жолдауын жүзеге асыру аясында өндірістік мақсаттағы аграрлық ғылымға инвестицияны арттыруға баса мән берілетінін айтады. Яғни ғылыми зерттеуді қаржыландыру үдерісі аграрлық құрылымның сұранысына бағдарланады. Бұл жерде аграрлық ғылымды қаржыландыруға бизнестік орта тартылады.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы секторын сақтандыру жүйесін жетілдіру үшін заңнамаға да өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Бұл субсидиялаудың тиімділігін арттырып, өндірістік үрдіске қарқын береді.

Жалпылай алғанда, АШМ дерегіне сүйенсек, ауылды дамыту үшін жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін мынадай әдістеме қолға алынады:

Біріншіден, субсидиялау принциптері қайта қарастырылады.

Екіншіден, үй шаруа қожалықтары мен шағын шаруашылықтар кооперативке біріктіріледі.

Үшіншіден, үкімет қажетті инфрақұрылым түзу арқылы өнімді қайта өңдеу деңгейін көтеруге кіріседі.

Төртіншіден, еңбек өнімділігін арттыруға және өндірістік шығынды азайтуға мән беріледі.

Бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыру және суармалы жер аумағын ұлғайту көзделеді.

Ең соңғысы, "ҚазАгро" холдингі қайта құрылады. Осы мақсатта "ҚазАгро" қазіргіден әлдеқайда шағын холдингке айналады. Оның қанатының астындағы көптеген компания мен кәсіпорын бизнес ортаға беріледі.

"Жекешелендіру мерзімі қысқартылды және де алдағы екі жылда 7 еншілес ұйымының үшеуі және тәуелді 47 ұйымның 45-сі бәсекелестік ортаға тапсырылады" деген Қайрат Айтуғанов мұның барлығы да жаңа әзірленген агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа мемлекеттік бағдарламасында қарастырылғанын хабарлады.

Демек жаңа ғасырдың екінші онжылдығы аяқталар тұста ауылда тағы да құрылымдық реформалар басталып кетті. Олар ел тарихына тек ізгі нәтижелерімен кіреді деген бір үміт, бір сенім бар. Ауыл өксік пен өкініштен шаршады ғой...

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу